Студент профессорды, ол деканды, ол ректорды, ол министрді алдайды, ал ол…
Журналист, ұстаз, ғалым Қуандық Шамақайұлымен өткен сұхбатымыздың алғашқы бөлігі газетімізде былтыр жарық көрген еді («Qazaqstan Zamany» газетінің 2018 жылғы 28 маусымдағы санында «Қазақ баспасөзіндегі құлдырау — уақытша құбылыс» атты сұхбат). Араға біраз уақыт салып, ол кісімен тағы да сұхбаттасудың сәті түсті.
— Елімізде қазіргі таңда жиырманың үстіндегі ЖОО-ларда журналист мамандары даярланып жатыр екен. Зиялы қауым ортасында, бұл туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбіреулер оларды жаппай қысқарту керек десе, екіншілері оған қарсы. Сіз осы туралы қалай ойлайсыз?
— Жалпы саннан сапа туады деп жатады. Олардың санымен күресуден ешқандай нәтиже шықпайды. Көбейе берсін, тағы да ашылсын. Бірақ сапаға көшу мәселесін басты назарда ұстауымыз керек. Қазіргі таңда аты дардай «Ұлттық» деген керемет мәртебесі бар университеттердің өзінде, ауыз толтырып айтарлықтай сапалы білім беріліп жатыр ма, әлде, бертінде ашылған жекеменшік оқу орындары олардан көш ілгері ме дегенді салыстырып қарайықшы.
Мен тәуелсіз сарапшылардың жүргізген бір зерттеу нәтижелерін көріп едім. Оған сенсек, алдыңғы ондықты, бертінде құрылған жекеменшік университеттер иеленіп тұр екен. Осы жерде «ұлттық университеттер не бітіріп жатыр» деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Оның жай-жапсарын 2 ұлттық, 1 мемлекеттік және 3 жекеменшік университетте ширек ғасырдан астам уақыт еңбек еткен адам ретінде бір кісідей білемін. Кемшіліктерін де жіпке тізіп, санамалап айтуға болады.
Бұл жерде «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» — еліміздің жоғары білім беру жүйесінде жаңа заман талабына төтеп бере алмайтын, ескі көзқарасқа бой ұрған жандар тым көп те, жаңашыл адамдар өте аз. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп үйренген, масылдық психологиясы басым оқытушылардың қатары еш сиремей тұр. «Жығылғанға жұдырық» демекші, оның үстіне жалған ғалымдардың нөпірі тағы да бар.
Тәуелсіздік жылдарында білікті ғалымдардың бір тобы шетел асты. Тағы бір топтары ғылымды тастап, күнкөріс қамымен өзге салаға кетті. Дәл осы тұста, кездейсоқ адамдар ғылымға келді. Олар қазір жоғары оқу орындарынан өздерінің орнын ойып тұрып алып алды. Енді оларды бульдозермен итерсең де қозғалмайды. Керек десеңіз, өздерінің пәнін дұрыстап өткізе алмайды. Өткізгісі де келмейді. Оны жөнге салатын университеттердегі бақылау, тексеру дегендеріңіз тек көзбояушылық қана. Барлығы бір-бірімен сыбайласып кеткен. Жемқорлық, парақорлық та жеткілікті.
Қазіргі жастардың биік талғамына олардың оқитын дәрістері де, ғалымдардың зерттеулері де үнемі сай келе бермейді. Біздің жастардың көбі ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Ағылшын тілі — әлемдік тіл. Олар ғаламторды ашып, Гарвард, Оксфорд, Кембридж секілді әлемге танымал университеттердің лекцияларын тыңдап, көп нәрсеге көз жеткізеді, мәселенің мәніне қанық болады. Сонан келіп аудиторияда өз ұстаздарынан сондай көшелі сөзді, құнды дүниені күтеді. Ондай деңгейден өз профессоры тым төмен, тіпті, өзгеруден де үміт жоқтығына көзі жеткен соң, біліксіз ұстаздардан жалыққан студенттер оқудан қаша бастайды.
Талантты, дарынды студенттер БАҚ редакцияларына тілші болып жұмысқа орналасады. Оған мүмкіндігі болмағандар табылған жұмысқа кете береді. Бұлардың сабаққа келмеуі бюджеттен қаржыландырылатын оқу орнының жалқау оқытушыларына тиімді. Дәріс оқитын кездерінде жеке шаруаларымен шұғылданады немесе аудиториядағы бірнеше студентке анекдот айтып отыруы мүмкін. Ал сабаққа қатыспағандарды сессия соңында, емтихан кезінде жақсылап тұрып «қысып» алады. Қиналған студент, тиын-тебен беріп құтылуды ойлайды. Сөйтіп екеуі де қылмысқа барады. Студент өзінің негізгі міндеті — оқумен айналыспай, басқа шаруамен шұғылданғаны үшін пара береді. Оқытушы параны еш қысылмай алып отыр. Осылайша киелі білім ордаларын қылмыс ошағына айналдырып отырған жайы бар.
— Білім және Ғылым министрлігі түрлі реформалар енгізіп жатыр. Бұған қоса сыбайлас жемқорлықпен арнаулы күресетін мекемелер бар ғой?
— Бізде жоғары білімді жаңалаудың, реформалаудың тіпті түбірімен өзгертудің қажеттілігі өте өткір түрде туындап отыр. Министрлік оқытудың кредиттік технология тәсілін таңдап, Болон жүйесіне енуін енді, бірақ, оны шын мәнінде жүзеге асырған жоқ. Барлығы басқаша бағытқа кері кетіп қалды. Мұны өзінің түпкілікті мәніне сай өзгерту үшін үлкен ерлік, қыруар ерік-күш қажет. Кейде «білім министрлігі үнемі реформалардың соңында жүреді, ешқашан орындамайды» деген сындар айтылып жатады. Бірақ министрліктің мотиві, идеясы дұрыс. Алайда министрлік әрбір деканның, оқытушының соңына адам салып қоя алмайды ғой. Керек десеңіз, сыбайлас жемқорлықты, арнаулы агенттіктер мен полицияның өзі күресіп жеңе алмай отыр.
Конкурс көзбояушылыққа ұрынды
— Енді не істеу керек?
— Ар мәселесін жоғары көтеру керек. Арына адал адамдарды ғана білім мен ғылымға тарту керек. Қазір конкурс дегеніңіз — көзбояушылық болып қалды. Оған да парамен өтеді. Сөйтіп барлығы жұмыс істемейді. Текке уақыт өткізу, қағаз толтырумен кетеді. Бізде бірін-бірі алдаған жүйе қалыптасып алды. Студент профессорды алдайды, профессор кафедра меңгерушісін, меңгеруші деканды, декан ректорды, ол министрді алдайды. Министр реті келгенде, «барлығын жаңартып, жасап, қатырып жатырмыз, жаңа реформа дегеніңіз өте сәтті жүргізіліп жатыр», — деп Елбасын алдайды. Осы алдау-арбауды қойып, шынайы өзгеріс жасалмаса, құрдымға кетеміз.
— АҚШ-тың оқу орындарын сіз де көрдіңіз ғой, біздегі сапасыз білім мәселесіне материалдық-техникалық базаның қаншалықты ықпалы бар деп ойлайсыз?
— Әрине, материалдық базаның мықты болғаны жақсы. Бірақ шешуші фактор адам ғой. Өйткені, материалдық база қаншалықты кемелді болғанымен, олар өз-өзінен ештеңені шеше алмайды. Егер профессор білікті әрі әдістемесі мықты болмаса, студенттерді тарта алмаса, мың жерден жалтырған техника мен технологиялық құрал өздігінен ештеңе шеше алмайды. Мысалы, студентке журналистика жанрлары туралы лекция жүргізілді дейік. «Мына жанрдағы материал былай жазылуы керек. Ақпаратты былай жинайсың, оны өңдеудің жолдары мынандай» дегенді естігенде студенттің ойына «бұл ұстазымыз өзі қалай жазады екен?» — деген сұрақ келе қалуы мүмкін. Сосын барады да ғаламтордан іздеп көреді. Ешқандай басылымдарда мақаласы болмаса, оның өзіне де, сөзіне де студент ешқашан сенбейді. Мақалалары болған күннің өзінде, өзі айтқан талаптарға сай келмесе оның да ықпалы жоқ. Яғни, студент иланбайды деген сөз. Керісінше, ол ұстаз студенттер арасында әзіл-әжуаның кейіпкеріне айналып кетуі мүмкін. Әрине, журфактарда сабақ беріп жүрген ұстаздардың барлығы топас деуден аулақпыз. Өз ісіне адал, білікті, талантты профессор, доценттер бар. Бірақ, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей сол аз ғана топтың арқасында күндерін көріп жүрген масылдар да жетерлік. Осы себептен, бұл салаға нақты тазалық жасау — ауадай қажет.
— Сонда журфакқа сабақ беретін ұстаздар ең әуелі БАҚ-тарда тәжірибеден өтулері керек пе?
— Ең дұрысы, журналистикада мойындалған адамдар сабақ беруі тиіс деп ойлаймын. Оқырман құрметтемеген, тіпті, аты-жөні де бейтаныс журналистті студент те мойындамайды.
Біз білім жетілдіруді дәрігерлерден үйренуіміз керек. Қандай жаңа дәрі-дәрмектер шықты? Қандай жаңаша емдеу тәсілдері қолданысқа енді? Дәрігерлер үнемі ізденіп, үйреніп отырады. Біз де солай істеуіміз керек. Журналистикада ең соңғы оқулықты кім, қайда жазды, қандай білікті маманның еңбегі жарық көрді, онда не дейді?
Осылардың бәрін бүге-шігесіне дейін оқып, сараптап, өзінің тәжірибесімен байытып барып шәкірттерге үйрету керек. Ол үшін әлемдік тіл ағылшыншаны меңгермей ешқашан алға басу мүмкін емес. Кемінде бірнеше тіл білмейінше, шетелдегі әріптестерінің еңбектерімен таныспайынша, қысқаша айтқанда әлемдік үрдістерге ілесіп отырмайынша, студенттерге сабақ беремін деу далбаса.
— Күнелікті өмірде журналистердің жұмысына сан түрлі сын айтылып жатады. «Олар жалқауласып алды, ғаламтор оларды шалағайлыққа үйретіп тастады», — деп жататындар бар. Осыған келісесіз бе?
— Жаны бар сөз. «Ақпарат көзі» деген бар. Кейбір журналистер бір ғана ақпарат көзіне сүйеніп хабар беріп жатады. Мысалы, әлеуметтік желідегі бір адамның постын ала салып, сонан мақала жазатын журналистер пайда болды. Бұл қате. Өйткені ол пост, жеке адамның көзқарасы ғана, ол бір жақты болуы да мүмкін. Оны айналдырып әкеліп халықтың құлағына құю дұрыс емес.
Ақпарат көзі бірнеше жерден алынуы тиіс. Соның барлығын реттеп әкеліп, толыққанды материал дайындау қажет. Ал біздің журналистер көбінесе өздерінің субьективті көзқарастарын алға шығарып жатады. Не мақтайды, не даттайды. Қоғамдағы дүниелерді шынайы беру керек. Осылай жұмыс істей алмай жатқан, өздерін жетілдіруді ойламайтын журналистер көп.
— Журналистерге арналған семинар-тренингтер туралы жарнамалар көптеп шығып жатыр ғой?
— Дамыған елдерде әр бес жыл сайын журналистің біліктілігін арыттырып отыратын үрдіс бар. Мысалы, «BBC», «CNN», «Вашингтон пост» секілді ақпарат алпауыттарының өзінде арнайы білім жетілдіретін институттар жұмыс істейді. Бізде ондай институттар жоқ. Болған күнде де сапасыз. Әлдебір «данышпан көкелер» келіп алып, сол баяғы жарапазандарын сарнап отырады. Шын мәніндегі сапалы семинар-тренингтерді өткізгісі келетіндердің әрекетіне, журналистер белсенділік таныта қоймауы мүмкін. Қазіргі кезде жалған психологтар көбейіп кетті. Семинар-тренингтерді сондай жалғаншылар өткізіп жатыр. Мақсаттары ақша табу.
Қысқасы, арсыздар алға шығып, адалдықты тәркі етушілер ебін тауып, екі асап жатқан жайы бар.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали