Су – адамзаттың ғаламдық проблемасы
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті өз Жолдауында өте өзекті мәселелерді қозғады. Соның бірі, ғаламдық проблемаға айналған – су.
Қазіргі кезде су тапшылығы дүниежүзінде айқын сезілуде. Бұл тапшылық біздің елді де айналып өтіп отырған жоқ. Жолдауда Мемлекет басшысы барлық проблемаларды ашық айтты. Осы салада талай жыл ғылыми зерттеулер жүргізіп келген маман болғандықтан, Президенттің мына сөзін нағыз дер кезінде айтылған сөз деп бағаладым. «Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн», – деді Мемлекет басшысы. Көптің көкейінде тұрған ой айтылған соң, нағыз орайы келіп тұрғанда, үнсіз отыра алмадым!
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының негізінде құрылған. 60 жылдан бері (1962 жылдан бастап) «Су шаруашылығы» мамандарын даярлауды жүзеге асырып келеді. «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының кадрлық әлеуеті мықты, ұжымда 19 ғылым докторы, профессорлар, 50-ден астам ғылым кандидаты, доценттер, 13 PhD докторы еңбек етеді. Олар республиканың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге атсалысып жүр.
Институттың екі кафедрасы «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия» тікелей су шаруашылығы мамандарын даярлаумен айналысады және Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз қарым-қатынаста зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жалпы университетте «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» және «Мелиорация, жерді баптау және қорғау» білім беру бағдарламалары бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру үшін диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн.Сондай-ақ «Су шаруашылығы» дайындық бағыты бойынша жобаларды басқарудың республикалық оқу-әдістемелік бірлестік тобы да жұмыс істейді.
Шыны керек, Жолдауда атап көрсетілгендей, қазіргі уақытта Қазақстанның су шаруашылығы гидротехникалық құрылымдар мен су шаруашылығы жүйелерін жобалау, реконструкциялау, салу және пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қабілетті мамандарға аса мұқтаж. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су саласындағы жағдайды жақсарту үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жоғарыда аталған мамандарды даярлау бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын.
Жолдаудан туындаған тапсырманы орындау үшін «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасын іске асыру және дамыту бойынша мынадай ұсыныстарымыз бар:
1) Су шаруашылығы мамандарын даярлау мен өндірісті қамтамасыз ету үшін «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы тобында келесі инженерлік мамандықтарды дайындауға арналған жаңа білім бағдарламаларын әзірлеу және мемлекеттік тізілімге енгізу:
— Гидротехникалық құрылыс;
— Гидротехникалық мелиорация;
— Елді мекендерді сумен қамту және суды бұру;
— Гидроэнергетика;
— Гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру;
— Су дипломатиясы;
— Су шаруашылығы экономикасы.
2) Су мамандарының мәртебесін (имиджін) көтеру мақсатында «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын студенттерге шәкіртақыны екі есеге көтеру;
3) «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылданатын барлық сырттан келетін студенттерді және шақырылған жас мамандарды жатақханамен 100 пайыз қамту;
4) «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша сабақ беретін ПОҚ-н сыртқы академиялық бағдарлама негізінде алыс шетелдерге (АҚШ, Нидерланды, Швеция, Германия, Польша) және ТМД елдеріне (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) білім алмасу іссапарларына жіберу;
5) Дуалды білім алу мақсатында студенттердің тәжірибе өткізу орындарын – республиканың ірі су шаруашылығы мекемелері базасында өткізуді ұйымдастыру;
6) «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша толық курсты аяқтап, диплом алған студенттерді жұмыспен 100 пайыз қамту;
Кенжеғали ШИЛІБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының директоры.