Су ішудің де ілімі бар, білсеңіз…
Біз тамақты отырып ішеміз де, суды көбіне түрегеп тұрып сіміріп жатамыз. Осы нәрсе дұрыс емес. Ойлап қарасаң, суды да солай ішу керек екен.
Кинода қазақтар көбіне бір тізені бүгін барып қымыз алып жатады. Түрегеп тұрып сімірген адамды көрмейсің. Кішкентай кезімізде жүгіріп келіп су ішкелі жатқанда, әкеміз бізге: «Отырып іш, отырып іш деміңді басып» деп айқайлайтын. Өзім әкемнің тізе бүкпей су ішкен кезін көрмеппін. Осы мәдениет кейін ұмытылып кетті.
Ғалымдардың айтуынша, түрегеп тұрған адам мен отырған адамның асқазаны екі түрлі жағдайда болады екен. Түрегеп тұрып ішсе, су бірден тікішекке барып түседі де, отырып ішкенде асқазандағы қышқылмен араласып, әртүрлі микробтарды жойып жібереді.
Сәбет кезінде осындай қаншама әдеп-ғұрпымызды «светский» өмір ұмыттырып жіберді. Былай қарасаң, біз әлі сәбет адамымыз. Тәуелсіздік алғалы бері «архаизмге» айналған осындай ұлттық құндылықтарды қайта қалпына келтіретін бір жұмыс істелмепті!
Мақала бойынша басқа деректер:
Суды тамақтанып отырып ішсе немесе тамақтанып болған соң бірден ішсе, оның пайдасы жоқ. Су ішудің өзіндік тәртібі бар екен. Таңертең ұйқыдан тұра салысымен 1 жарым стақан (300 мл) су ішу керек. Бұл асқазанды тазалайды. Таңғы асқа дейін жарты сағат бұрын тағы да 1 жарым стақан су ішеді. Бұл ағзаны сумен қамтамасыз етеді. Екінші таңғы астың алдында сағат 11-11 жарым шамасында тағы 1 жарым стақан су ішеді. Бұ ас қорытуды жылдамдатады. 2,5 сағат өткеннен кейін тағы 1 жарым стақан ішу керек. Түскі асқа дейін бір сағат бұрын тағы 1 жарым стақан су ішеді. Сумен ағзаны емдемес бұрын 1 жарым стақанды азайтып, жарты стақаннан ішіп бастаңыз. Алдымен дәрігермен кеңесіп алуды ұмытпаңыз.
Жолымбет Мәкіш