Су қоймалары қалай жұмыс істеуі керек?
Көктемнің келуіне жалпақ жұрт бірдей қуанғанымен, су тасқынын ойласа, ұйқыдан маза кететіні жасырын емес. Әсіресе шалғай ауылдардағы, өзен-су, тау-тасқа жақын орналасқан елді мекен тұрғындары күн жылынса болды, Тәңірден «Селден сақтай гөр!» деп тілейді. Арада бірнеше жыл өтсе де, Қызылағаш оқиғасы қарашаның жадынан әлі күнге өшпеген. Су қоймаларын жаңғырту, тасқынның алдын алу секілді мәселелерге Үкімет бас қатырмай отыр десек, қателесеміз. Керісінше, жыл он екі ай бойына халықтың игілігі үшін қызмет етіп жатқан мамандар арамызда жүр. Аталмыш мәселелер бойынша ел Үкіметі, атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті жаңа жобаны іске асыру үшін жанталасып жатыр. Осы мақсатта жуырда ғана комитет немістің «WIND POWER GmbH» фирмасымен екіжақты әріптестік меморандумға қол қойды. Германиялық инвесторлармен болған кездесу кезінде Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әлмаханұлы Әбішевпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
— Ислам Әлмаханұлы, неміс инвесторларымен орын алған әріптестіктен біз не ұтамыз? Халыққа қандай пайдасы бар?
— Оңтүстік Қазақстан облысы, бәрімізге белгілі, халқының саны көп, табиғи өсімі жоғары аймақ. Бір Сарыағаш ауданының өзінде 360 мыңнан астам тұрғын бар. Қазығұрт пен Мақтарал, Шардара аудандарында да халық көп. Оның үстіне көрші Өзбекстаннан көшіп келіп жатқандар баршылық. Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарының екеуінде де жерасты суының көзі жоқ. Сарыағаш курорты, бәріңізге белгілі, ол жерден минералды су шығады, бірақ оны ауызсу ретінде пайдалануға болмайды. Таудан ағып келген Келес өзенінің суы лас. Әсіресе көктем келісімен одан сайын ластанып, тазартып бергеннің өзінде көптеген қиындыққа тап болып жатамыз. Мәселен, ауру көбейеді дегендей. Ал Мақтарал ауданында Абай деп аталатын, Шардарада Тама-Тастанбек жерасты су қорлары бар. Дегенмен, бұл екеуінің де су беру мүмкіншілігі жылдан-жылға азайып, сапасы да нашарлап бара жатқан жайы бар. Бұған егін алқабының кеңеюі, басқа да процестер себеп болып отыр. Яғни алдағы 10-15 жылда осы төрт аймақтың халқы таза суға зар болып қалуы ғажап емес. Аймақ тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ете алмай қалуымыз мүмкін деген мәселе әуелден толғандырып, таудан ағатын суы таза Өгем өзенінің суын пайдалануды ойға алған едік. Бірақ ол су биік шыңнан келетіндіктен, ортада тоғандар бар, ал онда ГЭС (су электр станциясы) жұмысын жүргізуге әбден болады. Осыны ескеріп, көптеген азаматтармен байланыс жасадық. Десе де, Густав Роберт Бжышч бастаған неміс фирмасының қаржылық әлеуеті сай келгендіктен әрі осы салада тәжірибелі болғандықтан, келісімге келіп отырмыз. Нәтижесінде, оңтүстік өңірінде халық саны қалай көбейсе де, ауызсудан тарықпайтын болады деп топшылап отырмыз.
— Білуімізше, инвесторлар ГЭС жұмысын жүргізуге де қызығушылық танытып отыр ғой?
— Иә, бұлар жекеменшік фирма болғандықтан, меморандумға қол қойғаннан кейін уақыт созбай жұмысқа бірден кіріскелі отыр. Келесі аптада жобаның техникалықэкономикалық негіздемесі дайындалып, қаржыландыру жұмыстары басталмақ. Өгемнің таза әрі құнарлы суын тұрба арқылы жан-жаққа тартып, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған азаматтарды, жалпы тұрғындар мен жақын маңдағы өнеркәсіп орындарын ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз. Сондай-ақ, тоғандарда ГЭС жұмысын жүргізуге де немістер бел шешіп кірісеміз деп отыр. Облыста 22 жаңа су қоймасын салуға және дәл қазір жұмыс істеп тұрған 26 су қоймасына реконструкция жасауға да олар келісіп отыр.
— Жақсы екен. Енді мынаны айтыңызшы, еліміздің басқа аймақтарындағы су қоймаларының жағдайы қалай?
— Қазақстан бойынша жалпы 312 су қоймасы бар. Оның 84-і мемлекет меншігінде, 168-і коммуналдық меншікте, 39-ы жеке меншікте, қалған төртеуі егесіз жатқан кішігірім су қоймалары. Енді осылардың 27-сі техникалық жағынан қауіпті деп табылып, мамандарға тиісті тапсырмалар, міндеттер жүктелді. Бассейндік инспекцияның мәліметінше, соның 16-сы адам өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ апаттық жағдайда тұр. Ал қалған апаттық жағдайдағы су қоймаларын меншік иелері көктемге дайындап, бар күшін салып жатыр. Бұған дейін су қоймаларына қатысты екі ірі апат, яғни су тасқыны болды. Бірі — Алматы облысындағы Қызылағаш, екіншісі — Қарағанды облысындағы Көкпекті ауданындағы су тасқыны. Екеуі де халықтың әлі күнге есінде. Өкінішке орай, басқасын айтпағанда, адам шығыны да аз болмады. Әйтсе де, тексере келе екі аудандағы су қоймасы да жеке меншікте екені анықталып, жұмыстарына салғырт қарағандар уақытында жауапкершілікке тартылды. Басты қателік меншік иелерінің Су комитеті жанындағы бассейндік инспекциялардың алдын ала хабарлайтын ескертпелеріне құлақ аспауы немесе іске немқұрайлы қарауынан. Міне, мұндай нәубет енді қайталанбас үшін әрбір су қоймасы бассейндік инспекциялардың ескертпесімен жұмыс істеуге міндетті. Яғни мамандар қанша суды жинап, қаншасын жіберіп отыр десе, сол талапты орындаулары шарт.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы