Су қоймасынан электр қуаты да өндіріледі
Соңғы жылдары Шу ауданы мүмкіндіктерінің қолайлылығымен еліміздің энергетика саласына үлес қоса бастады. онда қуаты 9,2 мегаваттық «Тасөткел» су электр стансасы жұмыс істеп тұр. Жобаның инвесторы – «Компания A&Т-Энерго» ЖШС. Бұл гидроэлектр стансасы жылына 45,6 миллион киловатт-сағат электр қуатын өндіруге қауқарлы.
Өткен жылы Шу ауданындағы «Тасөткел» су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды. Инвестициялық компания өкілдерінің айтуынша, бұл жобаның артықшылығы қыс мезгілінде судың екпіні артады да, осы уақытта қуат көзіне деген сұраныс та жоғарылай түседі. Ал бұл жер облысымыздағы су қоры мол жалғыз нысан болып табылады.
Ауданда жалпы барлығы 102 су жүйелерінің нысандары бар. Оның 11-і гидротехникалық құрылыс, атап айтқанда, 3 су қоймасы, 4 су бөгеті, 1 су торабы, 3 магистральды канал, сондай-ақ 91 шаруашылық канал бар. Бұл су жүйелерінің 96-ы «Қазсушар» РМК-ң Жамбыл филиалының теңгерімінде. 5 су нысаны «Жамбыл су қоймалары» КМК-ң теңгерімінде болса, 1 нысан жеке меншікте. Ол, яғни жоғарыдағы су электр стансасы орналасқан «Тасөткел» су қоймасы.
Бұл су қоймасында 457 миллион текшеметр су жиналады. Қойма 28261 гектар алқапты сумен қаутуға қауқарлы. «Тасөткел» су қоймасы сол және оң жағалау магистральдық каналдары арқылы аудан шаруашылықтарын сумен қамтамасыз етеді. Тасөткел магистральды каналының ұзындығы –39,035 километр, сол жағалау магистральды каналының ұзындығы – 38,8, оң жағалау магистральды каналының ұзындығы – 48,8 километр. Жалпы бекітілген көлемі – 34 535 гектар.
Серіктестік директоры Саид Ахаевтың айтуынша, бұл компания аймақта гидро, жел және күн электр стансаларын салу және пайдаланумен айналысады. «Тасөткел» су электр стансасын салу 2013 жылы басталып, құрылысы бірнеше жыл жүргізілген. Жоба құны 1 миллиард 362,4 миллион теңгені құрайды.
– Қазір станса басында 12 адам жұмыс істейді. Бұл су электр стансасы өзіміздің жеке қаражатымызға салынған. Өндіріс 2018 жылы іске қосылып, содан бері судан электр қуаты алынуда. Атап айтсақ, 2018 жылы 560 395 706 теңгенің өнімі, яғни сағатына 37 140236 киловатт энергия өндірілді. 2019 жылы 463589587 теңгенің, 2020 жылы 494356842 теңгенің өнімін өндірген болса, былтыр 549370092 теңгенің өнімі өндірілді. Осылайша өндіріс көлемі жыл санап ұлғаюда, – дейді серіктестік директоры.
Ал серіктестік ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сағатына 23113681 киловатт қуат өндіріп, 391733478,57 теңге табыс тапқан. Электр қуатының 1 кВт/сағат үшін жобаланған тариф құны – 17 теңге. Ал пайдалануға берілген кезеңнен бастап, өтімділік мерзімі – 6 жыл. Оның игілігін ауданның тұрғындары көруде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Шу ауданы.