СУ ӘЛЕМ БОЙЫНША БАСТЫ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

27 мамыр күні астанамызда өзім жетекшілік етіп отырған «Байтақ-Болашақ» экологиялық бірлестігі үшінші мәрте Конгрес өткізбекші. Бұл аталмыш жиынның негізгі тақырыбы су мәселесі. Неге су? Мұның өзіндік мәнісі бар.
Себебі су мәселесі тек елімізде ғана емес, әлем бойынша басты мәселеге айналып келеді. Сәл таратып айтатын болсам, жұмыр жердің 70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы қазірдің өзінде суға зәру. Бұл жағдай 2025 жылға қарай ушығып, адамзаттың 80 пайызы бір жұтым судың зардабын тартпақшы. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс дәл осы судан шығуы да мүмкін. Жалпы адамның немесе жанауарлар денесінің 2/3-і, ал бәз бір өсімдіктердің 4/5-і судан тұрады. Осыны есепке алсақ, суға байланысты жанжал жыл өткен сайын өрістейтіні ащы шындық. Қысқасы алдағы 10-20 жылда су мәселесі ғаламда ек басты проблемаға айналары хақ. Ал еліміздегі су ресурстарының жағдайы қалай?

Деректерге жүгінетін болсақ, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бір қарағанда су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында аз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Неге? Оның себебі көп.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, республика өзендеріндегі су қоры жедел кему үстінде. Қазақстандағы өзендердің жылдық көлемі 105,5 текше/шақырым. Оның ішінде көрші елдерден келетін судың мөлшері 44 т/ш: Ресейден – 7,4 т/ш, Өзбекстаннан – 13,7, Қырғызстаннан – 3, Қытайдан – 19,9 т/ш су келеді. Демек еліміз су жағынан көршілерге тәуелді. 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді дегенде болжам бар.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Ауа температурасының көтерілуі жем-шөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүстүк Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуіне әсер етеді.

Қарап отырсаңыз, алдағы уақытта еліміз шөліркей бастамақ. Демек су тартылған жерде, қарқынды даму да жоқ. Ал оның алдын алуға бола ма? Қазақстанның су теңгеріміне келетін болсақ, еліміздегі негізгі өзендердің сегіз бассейнінің жетеуі тарансшекаралық болып табылады.Мәселен, суы мол Ертіс және Іле өзендерінің бастауын Қытайдан алады.
Қазақстанның оңтүстік – шығыс және орталық аумақтары үшін осы екі ірі өзен негізігі су көзі болып табылады. Осы екі өзен суының деңгейінің және сапасының төмендеуі ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика, өнеркәсіп және экология салаларына әсер етері хақ.

Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады, оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды Қазір Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне жарату үшін Қытай жағы суға тоспа қойып, бұру жобасы іске асыруда. СУАР жағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су ала бастаса, елімізге келетін су мөлшері тағы да 20 пайызға азаяды. Іленің бойында ГЭС салынып жатыр. Сондай-ақ кейбір дерек көздері Іленің бастау алатын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель арқылы бұрғалы жатыр деседі. Егер де Іле суы тартылып қалатын болса, Балқаш көлі төрт бөлікке бөлініп кетпек. Онда екінші Арал қасіреті орнайды. Демек алдағы уақытта Қазақстандағы су проблемасы одан әрі асқына түседі. Бұл басты мәселелердің бірі. Мұның бәрі мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс.
Тағы бір мәселе, ол-еліміздегі ауыз су.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы «2011 — 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекіту туралы» № 570 Қаулысының талабына сай, ауылдық жерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуді ауылдық елді мекеннің жалпы санының 80 % қамтамасыз ету бекітілген болатын. Рас, осы бағдарлама бойынша біраз жұмыс атқарылды. Аузымызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Алайда елдімекендердің бәрі сапалы ауыз сумен қамтылды деп айту әлі ерте. Осы салаға қазынадан бөлініп жатқан жүздеген миллиард теңгенің біраз бөлігі құмға сіңгендей жоқ болып кетіп жатқаны белгілі. Қайтпек керек? Сапалы ауыз суға жарымай отырған халықтың денсаулығы мықты деп айта аламыз ба? Жоқ. Ол үшін не істеу керек? «Байтақ-Болашақ» ЭкоАльянстың осы жолғы жиыны осындай түйткілі мол мәселелерді кеңінен талқыламақ.

Азаматхан Амиртай «Байтақ-Болашақ» экоальянстың төрағасы
Экологический альянс «Байтақ болашақ»

Азаматхан Әміртай фб парақшасынан