Су ресурстарын тиімді пайдалану және үнемдеу

Ирригациялық жүйелердегі су шығыны мен деңгейін цифрландыру және есепке алумен айналысатын неміс-қазақстандық GST/HST EURASIA ЖШС өкілдерімен кездесіп, еліміздің өңірлерінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқыладық.
Компания Қазақстанда ашық каналдар мен ірі су құбырларда су шығынын өлшеу бойынша бірнеше пилоттық жобаны іске асырды. Мәселен, былтыр GST/HST EURASIA өзінің серіктесі GWF компаниясымен бірге «Шардара су қоймасының бөгетін реконструкциялау және сейсмикалық төзімділігін арттыру» жобасы аясында «Арнасай» су реттегіші мен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Қызылқұм магистральды каналында су шығыны мен деңгейін өлшеудің ең үлкен нүктесін белгіледі.
Кездесуде GST/HST EURASIA компаниясы Қазақстанда су ресурстарын басқарудың көп деңгейлі заманауи жүйесін құруды ұсынды. Басты мақсат — су ресурстарын дәл есепке алу, тиімді пайдалану және үнемдеу. Сонымен қатар, GST/HST EURASIA компаниясының неміс-швейцариялық серіктесі GWF кәсіпорны Қазақстан аумағында су ағынының жылдамдығын есептейтін ультрадыбыстық датчиктер шығаруға ниетті. Сондай-ақ, GST/HST EURASIA болашақта елімізде заманауи суару жүйелерінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын ақылды су тығыздағыштар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Су көлемін болжау үшін дәл әрі шынайы мәліметтер қажет. Ал бұл өз кезегінде су шығыны мен тұтыну көлемін тура өлшеуді, сондай-ақ осы ақпаратты жылдам өңдеп, маңызды деректермен қамтамасыз етуді қажет етеді. Компания ұсынған технологияларды енгізу шығындары едәуір аз, сондықтан экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді.
Дегенмен, тағы мұқият зерттеуді қажет ететін қосымша және техникалық мәселелер бар. Біз оларды келесі кездесулерде талқылайтын боламыз.