Су шаруашылығын дамыту – басты назарда
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының негізгі бағыттары талқыланып, кеңес мүшелері қолдау білдірді. Қырық жылдан астам облыстық су шаруашылық саласында қызмет атқарғандықтан Жолдауда жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі ашылғанына шын қуандым.
Себебі, бұл мәселе еліміздің су шаруашылығы қызметкерлерін қатты толғандырды. Осыған байланысты Жамбыл облысында суғармалы жерлерге Қырғыз Республикасынан, Шу және Талас өзендерінен келетін ағын судың жетіспеуі және ауа райының қолайсыздығынан төтенше жағдай жарияланды. Соның салдарынан облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметіне сәйкес, 8787 гектар алқап жерде 364 шаруа қожалық зардап шеккен. Олардың шығын саны шамамен 3,7 миллиард теңгені құрады. Ендігі кезекте шығынға батқан шаруалар көмекті Үкіметтен күтіп отыр.
Осыған дейін де 1,5 жыл ішінде қоғамдық кеңестің отырысында су шаруашылығын дамыту, су ресурстары, суды үнемді пайдалануға қатысты сұрақтар бірнеше рет қарастырылды. Кеңестің агроөнеркәсіп кешендері, су, табиғат, жер ресурстарын пайдалану, техногенді жағдайлардың алдын алу, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша комиссия мүшелері – Кемелхан Әбілеков, Амангелді Карентаев, Қайрат Шотбақов, Айбол Қарашев, Арнат Ұлтанбаев өңірде орын алған су тапшылығын шешудің жолдары, табиғат, жер ресурстарын тиімді пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы сұрақтар көтеріп, ұсыныстарын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарына жолдады.
Келешекте осындай жағдайға жеткізбеу үшін алдын ала қандай іс-шара әрекеттерін қамту керектігі турасында 11 қыркүйекте жаңадан тағайындалған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесу болды. Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен кездесуге Жамбыл және Түркістан облысының су шаруашылық ардагерлері, яғни облысымыздан Асанхан Мамажанов, Нұртаза Құдайбергенов, Ілияс Қазекеев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Балғабаев және осы институттың бөлім меңгерушісі Оразхан Қарлыханов, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева қатысты.
Жаңадан сайланған министр министрліктің алдында тұрған негізгі мақсаттарына тоқталды. Ардагерлер еліміз бойынша бірінші кезекте қандай мәселелерді шешу керегін және оның жолдарын атап көрсетті. Оның ішінде облысымызда атқару керек іс-шаралардың бірі – жерасты суларын егістікті суғару үшін пайдалануға қосу.
Қазіргі таңда Шу, Талас өзендерінің сулары басты назарда. Өңірде одан басқа 235 кіші өзен мен бұлақты, 113 көлді қайта зерттеп, астындағы бекітілген жерлерін және де негізгі мақсатын анықтап тез арада іске қосу керек. Тағы бір айтылған маңызды мәселе, әр облыста бұрынғыдай облыстық су шаруашылық басқармасын ашып, сондай-ақ аудандарда су шаруашылық шағын басқармасын ашуды, оларға дербес заңды тұлға мәртебесін беруді қолға алу керек. Одан кейін, суды үнемдеп пайдалану үшін жан-жақты су айналымын енгізу керек. Әйтпесе, тіршілік көзі – судың жетпей қалу қаупі бар. Себебі, барлығы тек пияз, жүгері, жоңышқа ексе, оларға бір мезгілде су беру мүмкін емес. Судың есебін қатаң бақылауға алып, су өлшегіштерді көбейткеніміз абзал. Су шаруашылық мамандарды жаңадан оқытып, су мекемелеріне штат мәселесін көбейту керек.
Қорыта келе, жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жан-жақты структурасы құрылуына, қызмет бағытының толық қалыптасуына қолдау көрсетейік деп су шаруашылық ардагерлерінің атынан үндеу жасаймын.
Ақ жол газеті