Су шаруашылығының тәжірибелі маманы марапатталды
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Ағыбай Дәуренбековті Алғыс айту күні мерекесімен және мерейлі зейнет жасымен құттықтады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне қарасты Шу-Талас бассейндік инспекциясында қарапайым қызметкер ретінде 33 жыл бойы жемісті еңбек еткен Ағыбай Әбдіғаппарұлы өзінің биік болмысы, табандылығымен көпке үлгі. Ол өзінің жоғары қарым-қабілетінің арқасында аталған бассейнде су ресурстарын қорғауға бағытталған заңдардың, бағдарламалардың сақталуы мен орындалу барысында қойылатын талаптардың жүзеге асуына ықпал ете білген, су ресурстарын тиімді пайдалану жолында аянбай жұмыс істеген білікті маман. Сондай-ақ, Ағыбай Дәуренбеков су шаруашылығында көп жылғы тәжірибесін жас мамандармен бөлісе отырып, инспекцияның жоспарлы жұмыстарының тиімді әрі уақытылы орындалуына айтарлықтай атсалысты. Жыл сайын қыс-көктем мезгілінде стихиялық апат қауіпі төнген қатерлі де сындарлы кезеңде су тасқыны қаупінің алдын алуға өз үлесін қоса білді. Облыс әкімі Ағыбай Дәуренбековтің осынау елеулі еңбегін, тәжірибесін, өнегелі жолын атап өтіп, нағыз еңбек адамы екенін жеткізіп, көп жылғы жемісті жұмысы үшін алғыс айтты. Аймақ басшысы оны «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттай отырып, бейнеттің зейнетін көруін тіледі.
Жамбыл облысы әкімдігі