Су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүріп жатыр

Қазір еліміздің барлық аймағында су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүріп жатыр. Мұнда әрбір аймақта су басу қаупін азайтуға бағытталған алдын алу және инженерлік жұмыстар белсенді жүргізілуде. Су тасқынының алдын алу үшін мұз қабатын ою, өзен жағалауларын нығайту, сондай-ақ арналарға жиналып қалған қарды тазарту мен су сору жұмыстары жедел жүргізіліп жатыр. Бұл іс-шараларға азаматтық қорғау қызметтері қатысады. Осы шаралардың барлығы халықтың қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал су тасқынынан болатын залалды барынша азайтуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2025 жылғы 17 наурызда Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Қазақстан ТЖМ азаматтардан жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде тыныштықты сақтауды сұрайды. Сондай-ақ құтқарушылар мұздың тез еруіне және жарылыс жұмыстарына байланысты мұзға шықпауға кеңес береді.

Қардың тез еруі Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Маңғыстау облыстарындағы 13 автомобиль жолдары арқылы еріген су жүруіне себеп болды. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ, қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылды.

Ақмола облысында су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Есіл, Атбасар, Аршалы, Жарқайың, Шортанды және Бұланды аудандарының аумағы арқылы өтетін Есіл, Қызылсу, Қайрақты, Бақсық, Жолболды, Жабай, Жыланды, Талқар және Қалқұтан  өзендерінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Қопа көлінде Қылшақты өзенінен судың кедергісіз өтуі үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Астана қаласында да дайындық жіті бақылауда. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, қыс түскелі қаланың коммуналдық қызметтері 7,4 млн. м3 астам қар шығарып, 57 081 куб метр арық-науа желілері тазартыпты. Сондай-ақ, ТЖД қызметкерлері ЖАО өкілдерімен бірлесіп Нұра өзенінің қар полигонын және Ұлы Дала даңғылындағы қар полигонын зерттеген, сондай-ақ қала шегіндегі Есіл өзенінің арнасын шолып, тасқын сулардың қауіпсіз өтуін қадағалап отырған көрінеді. Елорда аумағындағы су тасқыны жағдайы жергілікті атқарушы органның және азаматтық қорғау қызметінің қатаң бақылауында дейді департамент өкілдері.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ