Су жүйелерін зерделедік
Біздің ауданның негізгі кәсібі —ауылшаруашылық саласы. Ол үшін өзен суының маңызы зор. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары тек біздің аудан ғана емес, облыс аумағы су тапшылығының зардабын тартып отыр.
Біздің аудандағы осы мәселеге облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы назар аударып, шаруалардың жанайқайын түсініп, сарысулықтарға судың кедергісіз жетуін тапсырды.
Осыған орай, орынбасарым, сала мамандары мен депутат, аудан қарияларын ертіп Тараз қаласындағы бірінші су бекетінен бастап, Талас өзенінің бойын жағалай, Байзақ, Талас ауданымен судың ағысын, өзен арнасындағы тоспалар мен каналдар, су жүйелерін зерделедік. Ортада кедергі болмаса, ауданға Талас өзені су ағысымен толық жетеді. Ол үшін үш ауданның азаматтарының арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, біздің тараптан қадағалау болу қажет.
Мал шаруашылығы мен егін, бау-бақшамен күн көріп отырған шаруалар үшін ағын судың көкейкесті мәселе екені сөзсіз. Сарысу ауданының мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарының 80 пайызы Талас өзенінің бойында отыр. Сондықтан бізге суды жеткізу басты міндет, аудан экономикасы үшін Талас суының арнасы қайта толса табыстың көзі, тіршілік нәрі.