Суды бүлдірме
Шиш пайғамбардың бір қызы болыпты. Оның тумысынан шашы жоқ екен. Ол қыз: «менің не күнәм бар?» – деп жылайды екен. Содан Шиш пайғамбар Тәңірге мінәжат етіп, жалғыз қызының шашын өсіруге жәрдем етуін сұрапты. Алла тағала бұл жұмысты жебірейіл періштеге тапсырады. Жебірейіл әуелі самал желді шақырып:
– Пайғамбар қызының шашын өсіретін бір тал шаш алып кел, – дейді. Самал жел:
– Тақсыр, бұл жұмысты орындауға мүмкіндігім жоқ. Тапқан шашым самал желмен басқа жерге ұшып кетеді, – деп шарасыздық танытады.
Жебірейіл енді бұл жұмысты отқа тапсырады. От:
– Тақсыр, мен ұстаған шаш сол заматта жанып кетеді. Бұл жұмысты суға тапсырғаныңыз жөн, – деп сылтау айтыпты.
Жебірейіл суға:
– Егер де бұл жұмыс сенің де қолыңнан келмесе, онда жерге тапсырайын, – дегенде, ол дереу:
– Жер, әлбетте, тапсырмаңызды бұлжытпай орындайды. Бірақ ол өлген адамның шашын өсіре алмайды, – дейді. Жебірейіл:
– Онда бұл жұмысты тек саған сеніп тапсырамын, – дейді.Су дереу тапсырманы орындауға кірісіпті. Ол өзеннен су алуға келген қыз- келіншектерді бақылап отырады. Бір шашы ұзын сұлу келіншекті көргенде, су нұрланып кетеді. Келіншек су алуға еңкейген кезінде бір тал шашын үзіп алыпты. Ол шашты Шиш пайғамбардың қызына жеткізеді. Қыз ол шашты басына жапсырып, орамал тағып алады. Артынша қыздың шашы қаулай шығып, бұрымына шолпы тағыпты.
Жебірейіл суға риза болып:
– Қандай арманың бар? – деп сұрапты.
– Тәңірім мені мөлдір, тұнық етіп жаратқан. Алайда надан адамдар менің қадіріме жетпейді. Ағын суға дәрет сындырып, қоқыс төгетін залымдар да кездеседі. Сондай залымдарды ұратын маған да бір зауал бер- сін? – дейді су ашынып. Сол кезде жебірейіл ағын судың өтінішін Ұлық аллаға жеткізіп:
– Уа, жаратқан, су маған жәрдем етті. Судың да сұрауы болсын. Оны надандықпен былғағандардың жазасын ақиретте мен берейін, – дейді.
Тәңірі: – болсын! – дейді. содан бастап Жебірейіл суды бақылап отырады екен. Кім суды былғап, ысырап етіп, оған дәрет сындыратын болса, соның несібесін кемітетін болыпты.
Бірде бір келіншек кірдің суын ағын суға төгіп жатыр екен. Жебірейіл адам кейпіне еніп, келіншекке:
– Ағын суға неге қиянат қыласың? Оның да сұрауы бар. Жазаң сол – несібең кемиді. Қуанышты күндерге зар боласың, – дейді. Сол кезде ағын су сыбырлап:
– Тақсыр, пайғамбардың қызына шаш берген осы келіншек еді. Бір жолға кешірім жаса, – дейді.
Ол келіншекке кешірім етеді. Ол келіншек те одан кейін ағын суды былғамайтын болыпты. «Судың да сұрауы бар» деген сөз осы оқиғадан қалыпты деседі.