СҮГІРДІҢ БЕЛГІСІЗ СОЛАҚАЙ ШӘКІРТІ
Дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ғалым-ұстаз Жанғали Әлімханұлы Жүзбай Жезқазған музыкалық училищесінің екінші курсында оқып жүрген 1983–1984 жылдары, Қазақ КСР тарихи ескерткіштерді қорғау ұйымының үш кісіден арнайы жасақталған экспедиция (жетекшісі музыкатанушы Болат Қазығұлов (қазіргі «Дайк – пресс» баспасының басшысы), мүшесі Қуандық Стамбакиев Жезқазған музыка училищесінің оқытушысы, жолбасшысы Жанғали Жүзбаев) Созақ өңіріне сапарға шығады.
Сол сапарда – «Алдымен, Атабек Асылбековты, Ергентай Борсабаевты, сосын Ботабағарды жазып алды. Атабек ағамыз «Кертолғау» мен «Қаратау шертпесін», Ергентай ағай Ықыластың бірнеше күйін тартты. «Ынтымақ» (қазіргі Ыбырай Жәукебайұлы ауылы М.Б) ауылында тұратын Ботабағар ақсақал «солақай екен», Сүгір «жақын ағам», көптен бері қолыма домбыра ұстамап едім, келген екенсіңдер бір-екі күй шертіп берейін» деп, алғашында Жанғалиға ыңғай танытпай, «тарта алмаймын, білмеймін» деп тартыншақтап сылтауратқанға ұқсайды. Ауыл ақсақалдары сонда Ботекеңе: «Сенің алдыңа тағы келеді деп тұрсың ба, сонша жерден іздеп келгенде білетініңді неге тартып бермейсің?» – дегеннен кейін кішкене жібіп, апарған домбырасының пернесін қиып тастап, сегіз пернеге келтіріп, Сүгірдің «Құлақ қүйі» мен «Жолаушының қоңыр күйін» тартып еді, – дейді Жанғали.
Ботабағар Төлеубаев Сүкеңнен (1896–1985) 14 жастай кіші еді. Бүкіл ғұмырында Сүкеңнің күйлерін тыңдап өткен, өзінің де домбыра шертетіні бар еді. «Ботекеңді ес біліп, көз ашқаннан білетін едік» десек, өтірік айтқандық бола қоймас. Әкеміз малшы болғаннан кейін қабаттас көшіп-қонып жүріп, үнемі жиі араласып тұратын. Балажан адам еді. Кейде үш-төрт күн үйіне алып кетіп еркелететін кездері де болатын («сен туғанда 5-6 шақырым жердегі құдыққа тұщы суға барайын деп жатқанымда ауыл үстіне бұлт үйіріліп қар жауып, қарық болып қалған едік» деп отыратын жарықтық). Ботекең көбінесе, жекешенің майда малын бағып, аталас түйеші інісі Смағұл Исаұлымен қоңсылас Тоғыз тарау, Бақа құдық, Тораң құдық, Ақ құдық, Тектұрмас, Қой сойған, Сайлау төбе, Ұзын бұлақ деген жерлерде отыратын. Сүгір атамыз ерте көктемнен көшіп барып, күзгі бозқырау түскенше жанында болатын. Сүгір атамыздың «Ынтымақтан» салған алғашқы үйіне Ботекең 1957 жылы кіріп қоныстанды. Мен 1956 жылы «Ынтымақтағы» бастауыш мектепке 1-сыныпқа оқуға келгенімде, Сүгір атамыз Созақта тұратын үлкен қызы Ұлбала әпкеміздің қолына көшіп барған екен. Үйі есігі құлыптаулы бос тұрды. Сол 1957 жылы оқу басталған кезде Сүгір атаның үйінде қоныстанған Ботекеңнің үйінде екі ай жатып оқыдым. Сонда байқағаным, Ботекең кешке малдан келгеннен кейін шайын ішіп болған соң, қашан тамақ піскенше кішкентай домбырасын кеудесіне қойып алып, тапжылмай ұзақ күй тартып жататын еді. Айта кету керек, кейбіреулер айтып жүрген «Созақтағы Сүгірдің үйі» деп жүрген үй үлкен күйеу баласы Айтбай ақсақалдың салған тамы болатын. Негізінде, Сүгір атамыздың өзі салып қоныстанған Ынтымақтағы «П» әрпі үлгісінде есігі шығысқа қараған солтүстік арқа жағында Торсықбайұлы Созақбай, оңтүстігінде Игісінұлы Айтжан інілерінің жапсарлас салған үйінде 1947 жыл Қажымұқанның дәм татқанын «Ана тілі» газетінің 24-30 маусым 2021 жылғы №25 (1597) санында жарық көрген «Қажымұқанға етік тіккен жауынгер» мақаламызда тілге тиек еткен болатынбыз. Күйшінің алғашқы салған үйі 1960 жылдарға дейін тұрғаны есімде қалыпты. Жанғалидан әр кездескен сайын Ботекеңмен алғашқы кездесуден алған әсерін суыртпақтап сұрап тұратын әдетім бар.
Жанғали, Ботекеңнің саусақтары күс-күс, добалдай болғанына қарамастан, домбыраның пернесіне көзінің қиығын да салмай нақ басып, әңгімесін айта отырып тартып берген күйлерін 1989 жылы жазушы Төлеген Тоқбергеновтің рецензиясымен шыққан қүйтабаққа енген 12 күй де, «Сүгірдің онша көпшілікке таныс емес Ботабағар деген шәкіртінің тартқан күйлері еді, қиянат болмасын» деп осы күйтабаққа сол қалпында енгіздім» дейтін әңгімесінде. Ботекең күй тартқанда Болат Қазығұлов (мектепті де, оқуды да орысша оқыған) егіліп жылап отырғанын, басқа күйшілерге қарағанда тартқан күйлерінің әуезді шыққанын, кезінде дәріптеушісі болмай, ескерусіз қалғанын өкінішпен еске алатын. Сол сапарда: «Арнайы деректі фильм түсірілді. Ол кейіннен естуімше, архивке тапсырылды», – дейді Жанғали Жүзбай.
Осыған орай биыл Сүгір күйшінің туғанына 140 жыл толуына орай архивке тапсырылған деректі фильм табылып, көпшіліктің назарына ұсынылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУдоценті, экономика ғылымының кандидаты