Сүйек сорпасы қандай ауруға ем?
Көпшілік мал сойғанда немесе ет алғанда сүйек-саяққа мән бермейді. Тіпті сүйекті тағам деп қарамайтындар бар. Алайда мамандар сүйектен жасалған сорпаның адам денсаулығына тигізер пайдасы өте көп екенін айтады. Невролог, нутрициолог Ұлжалғас Сманова Экспресс К тілшісіне сүйек сорпасы туралы айтып берді.
Тұрғындарды дұрыс тамақтануға үндеп жүрген мамандар сүйек сорпасын «Супер тағам» деп атайды екен.
Базарда етке қарағанда сүйек арзан. Бірақ көпшілік сүйек деп менсінбейді. Ал сүйектің құрамында өте көп пайдалы элементтер бар. Сүйек сорпасы — ең пайдалы сорпаның қатарына жатады,
— дейді Ұлжалғас Сманова.
Сүйек сорпасының құрамында дәрумендер, аминқышқылдары, коллаген бар. Сүйек — табиғи коллаген көзі. Әсіресе әйел адамдар терінің саулығын, сұлу қалпын ұзақ сақтағысы келсе сүйек сорпасын көбірек ішкені жөн. Бұл сорпаның құрамында кальций, магний, фосфор, яғни адамға қажетті дәрумендердің барлығы бар.
Маманның айтуынша, сүйек сорпасы шаштың, тырнақтың саулығына тікелей әсер етеді. Асқазан, ішек жолдарын қалпына келтіреді. Ішек ауруларының алдын алады. Буын, аллергия, қан аздық, өт жолы ауруларына ем.