Сүйелді кетіретін қамыр

Мен өзім білетін сүйелді кетіретін бірнеше амалды жолдап отырмын. Оның да көпшілікке керегі болып қалар, бәлкім.
Бала кезімде табаныма, онда да дәл өкшеме бұршақтай болып сүйел шыққаны есімде. Кішкентай болғанмен жүргенде табанға батып, жанды қинайтын. Сонда әжем көрші ауылдағы емшілігі бар бір атайға апарды. Ол өкшеме бір қарады да, орташа картоп әкеліп, оны ортасынан пышақпен бөлді. Бір бөлігін басымнан үш рет айналдырып, күнбатысқа лақтырып жіберді. Ал екіншісі жартысынан шыққан болар-болмас сөлді сүйелге сіңдіре жақты. Сосын оны қағазға орап, әжеме ұстатты. Өсіп-өніп кетпейтін жерге көмуді тапсырды. Ол қаншалықты тез шірісе, сүйел де тез кетеді екен. Ал алда-жалда жарты картоп өніп кететін болса, сүйел көбейіп кетуі мүмкін екенін ескертті. Шынында да сол сүйел көп ұзамай жоқ болып кетті.
Сүйелді кетірудің тағы бір тиімді жолы – сарымсақ пен сірке суы. Сарымсақтың бір данасын жаншып, 1 шай қасық сірке суына араластыру керек. Сосын аздап ұн қосып қамыр илеп, оны сүйел үстіне жапсырып, таңып тастайсыз. Осылай 2-3 рет ауыстырғанда сүйел тамырлары суалып, қурап, түсіп қалады.

Бұрхан ТАЛДЫБАЕВ.
Арыс қаласы. 
«Ауырмаңыз!»
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» парақшасынан» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)