СҰҚ КӨЗДЕН САҚТАН…….
Көптен бері ойда жүрген дүние еді, бүгін бөлісуге тура келіп тұр. Аттың түгіндей әлемде, тайдың төбеліндей қазақ баласы бірін-бірі сақтауы керек.
Әлеуметтік желісіз адым баспайтын заманда, бүгінгінің адамы, өз басын, отбасын, әулетін, бала-шағасын, тапқан табысын, дастарханын, тұратын үйін, мінетін көлігін, келетін қонағын сырт көзден жасырын ұстауға тиіс.
Неге деген сұраққа жауап беріп көрейін.
Әжем жарықтық бала күнімде:”Құлыным базарларда, жолдың бойында көпшіліктің көзіне күйік болып, буы бұрқырап пісіп, самсап тұрған тамақтардан реті келсе ауыз тимей-ақ қой-дейтін.
Ол аста өткен-кеткен талай адамның көзінің сұғы бар. Сенің сатып алуға қолың жеткенмен, көпшіліктің қалтасындағы пұлы жетпеуі мүмкін. Аузының суы құрып, сұқтанғасын ол аста қайдан береке болсын. Көбіне жазылмайтын аурулар осындай асты жегеннен болады балам-деп айтқаны есімде.
Сенің әлем желіге көпшіліктің көзіне күйік қылып салған аста төк дастарханың біреуге арман. Мойныңа асылып жатқан немере-шөберелеріңмен шеттей бала-шағаң бір тырнаққа зар болып жүрген біреуге күйік.
Сенің күреп тауып жатқан дүниең, қаражаты қара басына жетпей жүрген біреудің ішіндегі қыжылын оятуы мүмкін.
“Тіл-көз түйені қазанға, пендені мазарға түсіретінін ұмытпайық”-деген екен сүйікті пайғамбарымыз.
Бүгінгі ауру балалардың дүниеге көптеп келуі, жазылмайтын дерттің шығуы, ажырасудың көбейуі, қарызға батқан адамдардың көптігінің бір ұшы осында жатқанын ұмытпайық ағайын.
Әлем желіде тойған қозыдай әзілкеш бір жігіттің отбасына көңілімнің хошы кететін. Салған үйін, тату-тәтті, берекелі жанұясын желіге жиі салатын. Жақында ажырасып кеткенін естігенде ішім удай ашыды.
Аты барға, тай мінседе жарасар-демей ме атам қазақ. Дүниені, дүниесімен төрт орайтын байлар бар әлемде. Отбасы түгілі, өзін көруге зармыз. Анда санда желіден, жыртық джинсиімен крассовкасын киіп кофенің кезегінде тұрғанын көріп қаламыз.
Тіл, көз, сөз, сұқтың барын біледі-ау осы сабаздың балдары…….
МАҚСАТ СҚАҚОВ.