Сұлтан Хан Аққұлы, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры: Ішкі саясат өзгермейінше, ештеңе өзгермейді

Әлихан Бөкейхан туралы алғашқы монографияның авторы Сұлтан Хан Аққұлы да Алаш ардақтыларының атын архивтен аршып алып, тарихи тың деректерді әлем жұртшылығына таныстырып, жетесіне жеткізіп жүрген бірегей тұлға. Алаш мұратын асқақтатып, ұрпаққа үлгі ете білген Сұлтан Хан Аққұлымен біз де аз-кем әңгімелесіп, сұхбаттасқан едік.

 

— Тәуелсіздік тағылымы деген не деп ойлайсыз?
— Астанадағы 76 мектеп-лицейіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілуі тиіс болатын. Астана қалалық ономастикалық комиссия шешім қабылдап қойған. Қалалық әкімшілік Елбасына қол қоюға өтініш жіберген. Жалпы белгілі бір тарихи тұлғаның атын иемденгісі келген оқу орны немесе қандай да бір мекеме сол кісінің атында мұражай ашуы керек. Міне, сол талап бойынша, №76 мектеп директоры Сафура Сейдуәлиқызының бастамасымен Әлихан Бөкейхан мұражайы жасалып, жасақталып бейресми ашылуы болды. Қазақ тарихын Әлихан секілді арыстарымыздың тұлғалық тарихынан бөліп қарастыра алмаймыз. Тағылым деген сол. Әлиханның тұңғыш мүйісі 2016 жылы Әлиханның 150 жылдығында Санкт-Петербургте алғаш мемлекеттік Дума шақырылған Таврия сарайына орнатылды. Бүгінгі жиынға сол мүсінді жасаған Азат Баярлин деген азамат келді. 2016 жылы Әлихан есімін Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетке беруді талап еткен едік. Негізінде Әлихан көрнекті мемлекеттік қайраткер, қоғам қайраткері болуымен қатар шын мәнінде бүгінгі Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының, жалпы қазақтың білім беру жүйесінің іргетасын қалаған кісі. Ғұлама ғалым. Кеңес үкіметі орнаған 20-30 жылдары Ахмет Байтұрсынов бастаған академиялық орталық Әлиханның қатысуымен, басшылығымен жұмыс істеген. Сол жылдары қазақ тілінде жарық көрген барлық оқу-құралдары дерлік Әлиханның көзқарас-пікірімен толықтырылып отырған. Қандай оқулықтарды аудару керек, қалай аудару керек осының барлығына Әлихан бейресми түрде нұсқау беріп отырған.
— Иә, Алаш тарихы — біртұтас қазақ тарихы екені даусыз. Осы біртұтас қазақ тарихындағы алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан тұңғыш Абайтанушы деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
— Абайтанудың басында да Әлихан Бөкейханов тұр. Кезінде Мұхтар Әуезовқа Абайды жаз деп тапсырған Әлихан болатын. Одан бұрын Ахметке 1925-1926 Абайды жазуды өзің қолыңа алсаң деп жазған хаты бар. Сонда Ахмет Байтұрсынов «Әлеке, қазір Абайды жазуға уақытым болмай тұр. Өйткені, орталық баспаның тапсырмасы бойынша жұмысым көп» деген екен. Әлихан Мәскеуден қатынап Ленинградта профессор болып сабақ беріп жүрген 1925-1926 жылдары Мұхтар Әуезұлы жалдап тұрған пәтерде Әуезов екеуі бірге тұрған. Кеңес кезінде қалыптасып қалған Абайтанудың басында Әуезов тұр деген пікірді өзгерткіміз келмейді. Абайды жазуды Мұхтарға тапсырған Әлихан екенін мойындағымыз келмейді. Мұхтардың ұстазы — Әлихан, Әлиханның ұстазы — Абай.
Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын 1909 жылы Санк-Петерборда шығарып берген Әлихан. Абай Ибраһим Құнанбайұлы деп тұңғыш орысша қазанама жазған, Абай қайтыс болды дегенді естіп, Кәкітайға, Абайдың балаларына Абайдың бүкіл шығармаларын жинақтаңдар, жоғалып кетпесін, деп хат жазған. Яғни, Абайтану осылай басталған. Бұл әдебиет саласы. Әлихан астроноиия әліпбиі, жердің қысқаша тарихы, қазақтың төрт түлік малы туралы, қазақтың жер шаруашылығы, жалпы жерді пайдалану дәстүрі, салт-дәстүр тарихы жөніндегі монографияларын жазып, бізге қалдырды.
— Тәуелсіздік жылдары «Алаш» идеясын, Алаш мұратын біртұтас қазақ тарихымен қауыштыру жолында біршама шаруа атқарылғаны белгілі. Ендігі жерде алаш идеясын мен ұлы мұратына жету жолында не істау керек және қалай істеуіміз керек деп ойлайсыз?
— Мен бір қызық нәрсе айтайын. Былтыр қараша айында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы шықты. Бұл негізі Тәуелсіздік алған 1991 жылдың желтоқсан айында немесе одан кешірек 1992 жылдың қаңтарында жарық көруі тиіс болатын. Бұл мақала бүкіл тарихымызды алаламай, жіктемей бүкіл тұтас тарихымызды жазды. Бұдан бұрынғы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы екеуі біздің ұлттық идеологиямыздың негізіне айналуы тиіс еді.
Бірақ, менің бір жаным қиналатыны «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен қазіргі ішкі саясат екеуі бір-біріне от пен судай қарама-қайшы. Бүгінгі саясат жағдайында Елбасының сол мақаласында көрсетілген міндеттердің бірін де біз жүзеге асыра алмаймыз. Оны жүзеге асыру үшін ішкі саясат түбегейлі өзгеруі керек. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын тойлай алдық па!? Ол жетім қыздың тойынан да нашар өтті.
Биыл Алаштың оншақты қайраткерінің туғанына 125 жыл толады. Қазір биліктің нұсқау хаттарына қарасаңыз, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин 125 жылдығын тойлау туралы нұсқау берілген. Ал Алаш туралы бір сөз жоқ. Сонда қалай? Бұл тағы да тарихымызды саналы түрде алалап отырмыз, тағы да жіктеп отырмыз. Олай істеуге болмайды. Өйткені, бүгінгі Қазақстанның мәдениетін де, білімін де, қоғамын да, шекарасын да белгілеп беріп кеткен, іргетасын қалап, шекарасын шегелеп кеткен кім? Алаш қайраткерлері. Ол кеңес үкіметі емес. Осыны ашықтан-ашық Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ойып тұрып жазылғандай, біз тарихымызды алаламай, жікке бөлмей тарихымыз қалай болды, солай жазуымыз керек. Сонда ғана тарих бізге тағылым болады. Оның ішінде Алаш тарихы, Алаш қозғалысының тарихы, Алаш идеясы, Алаш автономиясы бүгінгі Қазақстан үшін бірден бір сабақ болатын, бірден бір тағылым болатын тарихымыздың бір жарқын беті. Осыны біз неге ұмыта береміз?
— Рақмет!

Сұхбаттасқан —  Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ