Сулу да ақылды арулар мен абзал аналар, 8-наурыз төл мерекеміз құтты болсын!

Қатты қарды жарып шыққан әсем, наурыз гүл бәйшешектей көңілді жадыратып, бүкіл төрткүл әлемге нұр-шуағын шашып келер 8 наурыз — халықаралық мейрамдарымыздың орны ерекше. Бұл мейрам Табиғат-ананың тікелей өзінен бастау алып жатқан тамаша көктем мерекесі.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы мерекеміз «мәнді де, сәнді» басталып жатыр. Себебі, еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Елбасымыз 5 бастамадан тұратын үндеуін жариялады. Халық бұл бастамаларды қуанып та, қолдап та жатыр деп ойлаймын. Әлеуметтің жағдайын, оның ішінде отбасылардың баспана мәселесі жеңілдікпен шешіліп жатса алдымен әйелдер қауымы шаттанады. Әйелдер қуанып жатса еркектеріміз де көңілді, намысты, рухты болады. Балаларымыз да ештеңеге алаңдамай ойынын ойнап, сабағын оқиды.

Иә, әйелдер мемлекетіміздің болашағын тәрбиелейтін қайсар күшіміз. Қазір қай салада болсын қыздарымыз еңбек етіп, еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосып жүр. Негізі қазақ қыздары бағзы заманнан қандай жағдай болсын ерлерінің жанынан табыла білетін, оларға әрдайым қолдау білдіріп отыратын қайсар жандар. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп баланы да тәрбиелеп, жауға да шапқан ержүрек аналар мен қыздарымыз жетерлік. Тарихымызға үңілсек, батыр, дана, ақылгөй аналарымыз бір руды ғана емес, бүкіл елді басқарғанына қарап қазақтың қыздары мен аналары қандай болғанын бірден білуге болады. Қазір де сол дәстүрді тамаша жалғастырып келе жатқан қыздарымыз жетерлік.

Сонымен бүкіл әлемді арайландырып келіп жатқан, көгілдір көктемнің самалын желпіп тұрған төл мерекеміз құтты болсын, қадірлі арулар!  Біздер әйелдер қаумы әрқашан да халқымыздың көзайымы, көркі, ажары болып жүре берулеріңізге шын жүректен тілектеспін! Ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, көктемнің шуағындай махаббат тілеймін! Өздеріңіз қандай сұлу болсаңыздар, өмірлеріңіз де сұлу, шырайлы, берекелі болуды Аллам нәсіп етсін!

 

Сәуле Мешітбайқызы, «ЕлАна» сайтының бас редакторы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері.