«Сұр тәрелкелердің» зияны шашетектен

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Қазақстанда 600 мыңға тарта отбасы «сұр» спутниктік тәрелкелерді пайдаланып жүр.

Бұл мәселе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты. Себебі, әлгі тәрекелерде жады картасы пайдаланылады, қазақстандық телеарналар одан қорғалмаған. Осы орайда шамамен 1,5 миллион адам Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр, яғни олар қазақстандық телеарналарды қарамайды және елімізде не болып жатқанын білмейді. Ел тұрғындары «сұр тәрелкелерді» пайдалануды жалғастыруда. Сондықтан бұл мәселені өзекті деп білеміз. Осы құрылғыларды адамдар пайдалануды жалғастыра бермек. Бірақ, бізде бұл тұрғыда тұтынушыларға ықпал етудің ешқандай шаралары қарастырылмаған.

Алайда біз осы карталарды таратып жүрген адамдарды құқықтық кеңістікке шығарудамыз. Олар шынымен де Қазақстанның құқықтық кеңістігінен тыс қалып отыр. Электронды төлемдер арқылы төленген ақша басқа елдерге кетіп жатыр. Заң аясында, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан ары қалыптастыру қарастырылып отыр: соның ішінде БАҚ-қа әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасау көзделген. Атап айтқанда, аздаған құқықбұзушылықтар үшін газеттің тиражын тәркілеу немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде.

Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға жауапкершілік жүктейді»,— деген түсініктеме берді.  Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.