СҰРАПЫЛ ЖЫЛДАР ЖӘНЕ АҚБЕРЕН ЖАУЫНГЕР
1941 жылы күз айында Алатау бөктеріндегі, тағдырлы және тарихи Кеген ауданының Жалаңаш аулынан бір топ жас жігіт сұрапыл соғысқа кетіп бара жатты.
Тау балалары шетінен қарулы, суыққа шыдамды, төзімді еді.
Олар оқу-жаттығудан өту үшін Алматы, Семей барып, одан әрі Ресей жеріне өтіп, ақырғы аялдама Владивостоктан айлап жүріп бір-ақ шықты. Қиыр Шығыс шекарасының ең қауіпті бөлігін бір взводқа топтастырылған қазақ жауынгерлері қорғады.
Бір жылдары жер жүзіне қару асындырған қан майдан және қат-қабат совет-жапон соғысына ұласты.
Суық та ызғарлы, теңіз-орманды Шекара күзетінің қырағылық талабы мен бақылауын жиі бұзатын қалың қолды дұшпандармен шайқаста қаншама боздақ опат болды. Мың-мың…Бірақ қарсы тұра білді.
Жеңіс күнін жақындатты олар.
Кегеннен барған жігіттер сайдың тасындай еді. Солардың арасында жиырма екі жасар ақберен жауынгер Сарыбай Әлімжановтың озбыр, мұздай қаруланған жаумен бетпе-бет шайқастарында көрсеткен батылдығы мен өжеттігі әскери басшылықтың тарапынан талай мәрте аталып өтті. Бұған ресми құжаттар дәлел.
Сұңғақ бойлы, ірі денелі, сұсы айбарлы жауынгер тоғыз жыл әскерде, Қиыр Шығыс майдан өтінде болды. Тоғыз жыл!
Шыдас беру үшінде шыңдалған, намысты өжет керек.
Күн мен түн қатып барлаудан кірпік қақпай Қиыр Шығыстың ұзыннан созылған шекарасы бойымен қару асынып, теңіз бетіне шығып күзеткен, кенеттен жаумен бетпе-бет шайқасқан, қырқысқанда қайсар қазақ жауынгерінің ерен ерлігі “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “ Қиыр Шығысты қорғағаны үшін” және басқа да атаулы мемлекеттік марапаттармен аталып өткен еді.
Көне атақоныс Жалаңаш ауылының байырғы тұрғыны Әлімжан қария мен Жарқынай апай да балаларын сағынышпен, аман-есен оралуын тағатсыздана күткен еді…
Ұзақ жыл әскерде болған Сарыбай аға бейбіт өмірде сол адал да қайсар қалпында өмір сүрді.
Кеген ауданының “Алғабас” кеңшарында әртүрлі басшылық қызметте болды.
Абыройлы да берекелі азамат атанды. Кісілігі мол, ағайын-туысқа жүрегін беріп тұрған жанашырлығы айрықша сезілетін еді. Бір әулеттің тұтқасы еді…
Бақытты отбасында , ибалы да иманды жары, ең қымбатты адамы Күлшәмпі апа Әбілдақызы екеуі бала-шағасының ортасында мәуелі де саялы шақтарын ерекше бағалай алған жан еді.
Қарт майдангердің Отан қорғау мен адал еңбек ету, жеткілікті білім алып, мемлекет пен қоғамға қызмет ету жайындағы әңгіме, өсиеті ұрпақтарының өміріне арқау болғаны анық.
“Майдан естеліктері әлі де құлағымызда. Тек сол әңгімелерін көзі тірісінде жазып алмаппыз ғой, “- дейді балалары сағынышпен еске түсіріп.
Абзал әке, қарт солдат қанша дегенмен азапты соғыстың тигізген зардабы болар, кенеттен денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып, содан 59 жасында өмірден озды. Артында шаңырағын берік ұстап, отбасы абыройын асырған асыл анамыз болса, ақ ниеті мен тілеуіне Құдайдың берген 100-ғасырлық ғұмырын жасады.
Ата-баба ерліктері мен жанқиярлық еңбектері ешқашан ұмытылмайды.
Мың тағзым, сізге Сарыбай ата!
Ұрпақтарыңыздың жүрегінде жаңғырып тұрсыз әрдайым!
Майдангердің бейбіт, мағыналы өміріне сүйеуі мен тірегі болған, жеңімпаз солдаттың жары Асыл анамызға да Жеңіс күндері әрдайым бас иеміз!
Бұл-бүгінгі ұрпақтың парызы.
7 мамыр-Отан қорғаушылар күні ол кісілердің ұл-қыздары мен немере-шөберелері — кіндіктес ұрпақтары байырғы Алғабас аулына барып, Шелек өзенінің биік қыратындағы көне ата-баба зиратында дұға жасап, әруақтардың рухтарына Құран бағыштап қайтты.
Қасиетіңнен айналайын, киелі жұрт!
Аман бол!
Суреттерде: бейбіт өмірде С. Әлімжанов; Владивосток, 1942 ж. Түрегеп тұрған жауынгерлердің оң жағынан бірінші Сарыбай Әлімжанов.
Мейрамбек Төлепберген