Суықтағанда тез сауықтыратын амал

Биылғы қыс тұмау қатты өршіп тұр. Суықтап қалмаудың, ал солай бола қалса тез айығудың амалдарын біле жүрген жақсы.
Мұрыннан су аққанда
Сарымсақтың екі данасы мен үлкендеу пияздың төрттен бір бөлігін майда үккіштен өткізу керек. Оны дереу ыдысқа салып, 2 ас қасық өсімдік майымен араластырыңыз. Енді екі сағат тұндырған дұрыс. Сонда бөлінген шырын өзара жақсы араласып, емдік қасиеті арта түседі. Осы қоспаны дәкемен сүзіп алып, 2-3 тамшыдан мұрынға тамызса пайдасы көп. Бұл ем енді басталып келе жатқан тұмаудан да тез арада жазылуға көмектеседі.
Тамақ ауырса
Қыста жиі кездесетін дерттердің бірі – тамақтың ауыруы. Одан дәрі-дәрмексіз де оңай құтылуға болады. Ол үшін түймедақтың 1 шай қасық құрғақ гүлі мен осынша шалфей шөбін 0,5 литр қайнаған суға жарты сағат тұндырып қою керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Осы тұнбаны жылытып, күніне бінеше рет тамақты шайып тұрса аурығаны да басылады, баспа да болмайды.
Жөтел басылмаса
Бұл жөтелде ғана емес, бронхитте де жақсы көмектесетін, талай сынақтан өткен тәсіл. Ендеше кәдімгі пияздан 0,5 литр шамасында шырын алуға тырысыңыз. Оған 2-3 ас қасық құмшекер немесе бал араластырып, тоңазытқышқа қою керек. Тұнба бір күн тұрсын. Ал таңертең тамақ ішіп болғаннан кейін осы шырынның 1 ас қасығын ішіп, артынша осынша бал жеу керек. Шырын аяқталған соң бір ай демалып, емделуді тағы да қайталаған адам бронхиттің шырышты қақырығынан құтыла бастайды. Бұл емнің жақсы әсер ете бастағаны.
Бұл ем түрлері зиянсыз, әрі қарт адамға да, жас балаға да пайдалы. Мен мектеп жасындағы қос ұлымды қыста осылай дәрісіз-ақ емдеп жазып аламын. Шипасы датыса Сіз де байқап көріңіз.

Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)