Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА: Отбасына жауапты әйел, әлемге де жауапты бола алады

Өмірдерек

Светлана Жалмағамбетова

Светлана Жақияқызы Жалмағамбетова. 1948 жылы 19 сәуірде туған. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. Қарағанды политехникалық институтын, СОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Инженер-механик, қоғамдық ғылымдар оқытушысы.  

Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі комиссияның мүшесі. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының (ПАА) мүшесі. Румыния Сенатымен, Литва Республикасының Сеймімен, Хорватия Республикасының Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты. Қазіргі атқаратын қызметі – «Қазақстанның Бірінші арнасының» бас директорының бірінші орынбасары.

«Құрмет» орденімен, ТМД ПАА-ның «Достастық» орденімен, алты медальмен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 —————————————————————————————————————-

ELANA.KZ:

-Светлана Жақияқызы, әйел заты дегенде көз алдымызға бірден нәзіктік, әсемдік, мейірім келеді. Бірақ қазіргі жаһанданған заманда қазақ әйелі нәзіктік пен мейірімнен айрылып бара жатқандай көрінеді маған. Осымен келісесіз бе?

СВЕТЛАНА ЖАЛМАҒАМБЕТОВА:

-«Әйел мейірімнен айрылды» дегенмен келіспеймін. Нәзіктік пен парасаттылық, жауапкершілік пен батылдық дегеніміз бір-біріне қарама-қайшы қасиеттер емес. Кеңес заманында «Билікте қызмет ететін әйел міндетті түрде комиссар болуы керек, нәзіктігінен айрылуы керек» деген қате ұғым болған. Мүмкін, ол кездегі әйелдер өзін ер-азамат сияқты ұстағысы келген шығар?!. Қазір заман өзгерді. Бүгінгі әйел болмысы одан өзгеше. Себебі ол әйелдік сұлулығы мен нәзіктігін сақтай отырып, осы заманға етене араласып, еркекпен қоян-қолтық жұмыс істей алады. Ал бүгінгі қоғамға ерлермен қатар еңбек етіп, зор жауапкершілікті мойнына арта білетін, оң шешім қабылдай алатын әйелдер керек. Ондай әйелдер бізде көп. Әрине нәзік жандылардың әйелдік міндетін атқарғаны дұрыс. Әрбір адамның осы өмірдегі міндеттері бар. Әйелдің міндеті – отбасын құру, дүниеге бала әкелу, ұрпақ өсіру. Менің ойымша, әрі еңбекке араласқан, әрі отбасын құрған әйел өзі үшін де, қоғам үшін де, ел үшін де ұтады.

ELANA.KZ:

-Бұрын ата-бабаларымыз: «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ал бүгін неге біз осы ұлттық болмысымыздан ажырап барамыз? Неге қыз бала тәрбиесін ақсатып алдық? Бұған нені, кімді кінәлаймыз? Мысалы, мектептегі мұғалімнің 90 пайызы әйел болса, 40 пайызы – ажырасқан не тұрмыс құрмаған әйелдер. Бұл көрсеткіш бала тәрбиесіне әсер ете ме? «Қазір баланы әлеуметтік желі тәрбиелейді» дегенмен келісесіз бе?

СВЕТЛАНА ЖАЛМАҒАМБЕТОВА:

-Біздің қоғамда қыз баланың тәрбиесі төмендеп бара жатқан сияқты. Бұрын-соңды қазақта болмаған жағдай: жеткіншек қыз балалар мектеп қабырғасында жүкті болып қалуда. Біреулер бұған мектептегі ұстазын, біреулер қыз баланың өзін, тағы біреулер бұқаралық ақпарат құралдарын кінәлайды. Меніңше, бар кінәні ең алдымен отбасынан іздеу керек. Қызға қырық жерден тыйым отбасынан басталады. Кейбіреулер: «Қазір әйелдер күні-түні жұмыс істейді. Қараусыз қалған қыздар жаманшылыққа ұшырауда» деген пікір айтады. Бұзылатын қыз күні-түні күзетіп отырсаң да бұзылып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін анасы қызына дұрыс үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Әр қыз бала анасына қарап өседі. Анасы әдепті, тәрбиелі, парасатты болса, қызы да солай болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді қазақ. «Сен осындай бол» деген сөзді күнде қайталағаннан қыз бала ығыр болады. Кейбір әйел кәсіпкермін деп, үйінен безіп, түзде жүрсе, ішімдік ішсе, отағасына қалай сөйлесе, бойжеткенде қызы да соны қайталайды. Қыз балаға темірдей тәртіп керек. Анасы өз қызымен тіл табыса білуі шарт. Ондай қыз ана сөзіне құлақ асады, оны сыйлайды. Бос жүретін, түнде қыдыратын, үйіне уақытында келмейтін қыз жүкті болады. Арлы, еңбекқор, тәрбиелі әйелдің қызы артық сөз сөйлемейді, артық жүріс жүрмейді. Ананы да, әкені де сыйлайды. Жүкті болған қызы үшін әр ана өзін кінәлауы керек. Оған мектеп кінәлі емес. Ешбір мұғалім балаға «Жаман бол» демейді. Жас күнімізде анамыздан әрі қорқатынбыз, әрі қатты сыйлайтынбыз. Әкем ерте қайтыс болды. Анамның өнегесін көріп өстім. Ол кісі қатал болды. Киноға барғым келсе, егер үйдегі міндеттерімді атқармасам жібермейтін. Бірақ мені үйде жалғыз қалдырмай, қонаққа бірге алып баратын. Бір таң қалғаным, анам күні-түні еңбектенуден бір жалықпайтын. Сол қасиетін өз өміріме үлгі тұттым. Ал қазір бақытымды еңбектен тапқан адамдардың бірімін.

ELANA.KZ:

-Қазіргі балаларды компьютерлік ойындарсыз, әлеуметтік желілерсіз көзге елестету өте қиын. Осы орайда: «Қазіргі баланы әлеуметтік желілер тәрбиелейді» деген пікірмен келісесіз бе?

СВЕТЛАНА ЖАЛМАҒАМБЕТОВА:

-«Баланы әлеуметтік желілер тәрбиелейді» дегенмен келіспеймін. Бұл мәселе де тәрбиеге келіп тіреледі. Оны шешу үшін әлеуметтік желілерде көп отыруға тыйым салу керек. Мүмкін бір пароль жасап қою керек шығар. Менің 3-ші сыныпта оқитын немерем бар. Бір кездері әлеуметтік желілерге қызықты. Неше түрлі компьютер ойындарын ойнап, «анда барам, мында барам» деп жүгірді. Біз бірден тыйым салдық. Баланың көңілін басқаға бұрып, кітапқа қызықтырдық. Басқа ойындарға баулыдық. Желіге кірмес үшін пароль жасадық. Дер кезінде тыйым сала білу керек. «Баламды жақсы көремін» деп бәріне рұқсат беру дұрыс емес. Ондай бала бірден бұзылады. Расында да әлеуметтік желілер баланы бұзады. Онда бала тәрбиесіне жат нәрсе көп. Бала көңілін одан бұру үшін басқа нәрсеге баулыған жөн. Мысалы, қызықты кітап алып беріңіз. Қызыққан киносына апармас бұрын, соның кітабын оқытыңыз. Әсері керемет болады. Себебі бала жақсы мен жаманды, шындық пен өтірікті айыра алмайды. Сол үшін әрбір зиянды амалға қарсы амал табу керек.

ELANA.KZ:

-Денсаулық сақтау саласының мамандары: «Қазақстанда жүкті болып қалған жасөспірім қыздар елдегі бүкіл екіқабат әйелдердің 3 пайызын құрайды» деген ақпарат келтірді. Қазір 12, 14 жаста жүкті болып қалатын оқушы қыздар көбейді. Бұның сыры неде? Болашақта бұдан ұлттық қауіпсіздігімізге төнетін қауіп бар ма?

СВЕТЛАНА ЖАЛМАҒАМБЕТОВА:

-Менің ойымша, жүкті болып қалған жасөспірім қыздар жауапкершіліктен ада болғандар. Олар өзінің келешегін, қоғам алдындағы жауапкершілігін ойламайды. Ертеңгі күні туған баласын қалай асырайды? Әлде, асырауды ата-анасының мойнына артып қоя ма? Мұндай нәрсе жеңіл жүріс-тұрыстан, жаман пиғылдан сақтанбағаннан болады. Сонда олар бір нәрсені жақсы көрсе, құмар болса, соның соңында кете ме? Мұндайдың белең алғаны қатты қынжылтады. Әлеуметтік желілерден соны көріп, нәпсіқұмарлыққа ұрынады.

Нәпсіқұмар адам ертеңгі күні ұрлыққа, нашақорлыққа құмар болады. Сол себептен әр адам өзінің нәпсісіне жастайынан тыйым сала білуі керек. Нәпсі дегенге ғайбат сөйлеу, есерлік қылық, жеңіл жүріс, дененің толып кетуі де жатады. Тыйым салмаған адам жайылып кетеді. Сондықтан өз мүмкіндігіңді ойларыңмен салыстыр. Қолыңнан не келеді? Өмірлік мақсатыңа жету үшін, әуелі тәртібің дұрыс болуы керек. Одан кейін жақсы оқып, жемісті жұмыс істеуің керек. Жүкті болғандардың арасында алданып қалғандары да бар. Өмірді білмей, ешкім үйретпей, жамандыққа ұрынып қалған қыздар бар. Оларға көмектесіп, дұрыс жол сілтеген жөн. Жауапкершілік жүгі дегенде мына бір оқиға есімнен кетпейді. Депутат кезімде қабылдауыма бір ер адам келді. «Жұмыссызбын. Қоғамға керек емеспін!» деп күрсінді. Көмегім туралы сұрап едім: «Мені жұмысқа тұрғызыңызшы» деді. Мамандығы не тәжірибесі жоқ. Өзіне ұсынған жәй жұмыстан: «Мен оған неменеге барамын» деп бас тартқан. Міндетті түрде биліктегі лауазымды қызметке не «Қазмұнайгазға» орналасамын дейді. Қысқасы жалақысы жоғары жұмыс іздепті. Мен оған: «Бала-шағаңызды асырамай, жәй жүруге арланбайсыз ба? Қандай жұмыс болса да адам оны істеуге арланбауы керек» дедім. Өзінің отбасын асырау міндетінен бас тартқан адамнан қоғамға, елге не үміт, не қайыр?

ELANA.KZ:

-Қазір азайған нәрсенің бірі – ар-ұят, намыс. Оны қыздарға да, жігіттерге де, ерлер мен әйелдерге де қатысты айтуға болады. Екі күннің бірінде теледидардан не ғаламтордан әйел затының қатысуымен жантүршігерлік қылмыстардың болғанын көрсетеді. Әйел-алаяқ, әйел-қанішер, әйел-террорист, әйел-ұрлықшы деген тіркестерді жиі қолданатын болдық. Бұған әйелдерді не итермеледі деп ойлайсыз?

СВЕТЛАНА ЖАЛМАҒАМБЕТОВА:

-Өз басым қылмыс дегенді түсінбеймін. Мыйымда түсінігім жоқ. Сондықтан онымен қалай күресудің де жолын көріп тұрған жоқпын. Қылмыс жасаған адам қалай тыныш ұйықтайды? Ұяты жоқ па? Алладан да қорықпай ма? Оның ішінде аналар. Өмірдегі ең ізгі ұғымның бәрі анамен байланысты. Дүниеге бала әкелген ана ондайға баруға тиісті емес. Әбден миы бұзылып, өзгеріп кетпесе. Меніңше, қылмысқа баратындар әбден бұзылып кеткендер. Бәлкім олар өмірдің қиындығынан бұзылған шығар?!. Жанында тірегі болмағаннан мейірімнен ада болған шығар?!. Себебі жаны нәзік адамға тірек керек. Десек те әйел еркектен мықтырақ. Бейнетті көп көреді. Бала туудың өзі үлкен стресс. Оны өсіріп, тәрбиелеу одан артық стресс. «Әйелдің қырық жаны бар» деген сөз бекерге айтылмаған. Ғалымдардың айтуынша, әйелдің еркектен айырмашылығы – эмоциясында. Бәрін жан-тәнімен қабылдайды. Мысалы, ішімдік ішсе еркектен артық ішеді. Маскүнем әйелді емдеу, қалыпты жағдайға қайтару өте қиын. Бұзылған әйел өзіне де, отбасына да, қоғамға да зор қауіп әкеледі. Оларды дұрыс жолға салу керек. Адасқан аналардың да отбасы, туған-туыстары, балалары бар. Дұрыстап көмектессек, түзеліп кетеді. Бәлкім, олар өмірде қолдайтын адамы болмаған соң, шарасыздықтан барған шығар? Өз басым жүкті болып қалған қыздарға арналған Аналар үйін ашып жатқанын қуана құптаймын. Біздің кәсіпкерлер бірігіп, бірқатар облыстарда осындай үйлерді ашуда. Ондайға жеткізбеу керек еді. Ол орын алғаннан кейін, сүрінген қыздарды түзетудің жолын іздеген дұрыс. Аналар үйі шарасыз, қорғансыз қалған қыздарға көмектеседі. Ең бастысы, оларды аналық мейірімінен айырмайық. Баласын бағып-қағып, өзі асырайтын жағдайға жеткенше сақтайық. Мамандық алып, жұмысқа тұрған соң, өзі алып кетеді. Сол сияқты ересек әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары бар. Тағдырдан таяқ жеген, жазықсыз жапа шеккен, зәбір көрген әйелдер сол орталықтарға барса, түзеліп кетеді.

ELANA.KZ:

-Жаһанданған заманда Батыс мәдениетінің экспансиясына жұтылып кетпес үшін қазақ әйелін не нәрсе құтқарады деп ойлайсыз?

СВЕТЛАНА ЖАЛМАҒАМБЕТОВА:

-Жаһанданған заманда қазақ әйелін құтқаратын бірақ нәрсе бар. Ол – ұлттық құндылықтар. Біз қаншалық керемет білім алсақ та, теңдессіз технологияны меңгерсек те, бізді ұлт, ел қылатын ұлттық құндылықтарымыз. Солар бізді жаһандануға жұтылудан сақтап қалады. Одан айрылсақ, айдалада қорғансыз, тірексіз, жалғыз қалғандай боламыз. Қандай заман орнаса да, біздің тірегіміз – әдеп-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміз. Осыны өмірбақи ұмытпауымыз қажет. Қазақ әйелінің мойнындағы жауапкершілік жүгі ауыр. Ертеден солай. Дағдарыс кезеңінде кейбір ер-азаматтар қиналып, өздерін таба алмай жүргенде ең алдымен әйелдер суырылып алға шығады. Себебі олардың мойнына баласы, жары, ата-анасы үшін жауапкершілік жүгі артылған. Сол үшін отқа да, суға да түседі.  Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді деген қанатты сөз бар. Отбасына жауапты болған әйел, әлемге де жауапты бола алады. Өз басым кей-кейде «әйелдер еркектермен бірдей болуы керек» деген батыс психологиясымен келіспеймін. Өйткені әйелдердің жауапкершілігі сәл басымырақ. Себебі ол отбасына жақын. Ал «әйелдер билікке көбірек барсын» дегенімде олардың өз отбасы үшін оң, әділ шешім қабылдайтынын алға тартамын.

ELANA.KZ:

-Светлана Жақияқызы, ELANA.KZ ақпараттық агенттігіне салиқалы сұхбат бергеніңіз үшін зор алғыс айтамын. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен дамуы жолындағы ерен еңбегіңізге толағай табыстар тілеймін. Алла-Тағала барлық ізгілікті істеріңізге жар болсын!

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ.