«Светоч» славян этно-мәдени бірлестігі төрайымы Раиса Биткова «Біз бақытты ұрпақпыз» дейді

Өткен аптада «Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының» жүзеге асырылуымен танысу үшін Атырау облысына жұмыс  сапарымен Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының  төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Сенат төрағасы облыстық активте Елбасының басшылығымен еліміз экономикада және қоғамдық-саяси салада ауқымды реформаларды табысты жүргізіп отырғанын айтып өтті.

Парламент Сенатының төрағасымен өткен алқалы  жиында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Светоч» славян этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова сөз сөйледі. Ол Елбасының салиқалы саясаты шеңберіндегі «Президенттің бес әлеуметтік бастамалары» атты халыққа Үндеуі бойынша Атырау облысы ҚХА-сы жанындағы этно-мәдени бірлестіктердің  атқарып отырған  жұмыстары және қазіргі таңда ұйымдастырылып жатқан маңызды шаралар жөнінде баяндама жасады.

Раиса Биткова өз баяндамасында «Біз бақытты қазақстандықтармыз. Өйткені, біз ұрпағымыздың болашағы жарқын боларына сенеміз. Қазіргі қол жеткізген табыстарымыз ел бірлігінің айқын көрінісі» деді. Раиса Биткова төрайымдық ететін «Светоч» этно-мәдени бірлестігі қайырымдылық шараларымен, мемлекеттік бағдарламаларға қолдау көрсеткен насихаттық жұмыстарымен кеңінен танымал. Олар мәдени, қайырымдылық іс-шаралар кезінде концерттік қойылымдармен де көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр.

Сондай-ақ, актив жинында ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің  Махамбет ауданы бойынша сарапшысы  Асқар Құрманбаев отандық  заңнама жүйесін жетілдіруга бағытталған белсенді қызметі және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Құрмет Грамотасын алды. Әріптесімізді құттықтап, алдағы еңбек жолына зор табыс, бақытты өмір, бедел биігін тілейміз!

 

Атырау облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ-нің

баспасөз қызметі