«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі»
Семинардың ашылу барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары м.а. Қ.Байгебаев және Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Е.Байболат арнайы сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды белсенді болуға, семинардан барынша ақпарат алуға шақырды.
Семинарға республикалық деңгейдегі сарапшылар қатысып, тәжірибесімен бөлісті. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің сарапшысы А.Айдарханов комплаенс бағдарламасын құру әдіс-тәсілдері аясында баяндама жасаса, ҚР Энергетика министрінің комплаенс жөніндегі кеңесшісі, Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының төрағасы Д.Акшалов және «Фридомтелеком» АҚ комплаенс офицері Д.Тулин мекемедегі комплаенс тәуекелдерін басқару тетіктеріне тоқталып өтті.
Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының профессоры Б.Ахметов комплаенс қызметінің саясатын егжей-тегжейлі түсіндірсе, Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маманы Б.Кабашев мемлекеттік сатып алу процесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жолдарына тоқталып өтті. Сонымен қатар, Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Г.Ташенова жобалық басқарудың ақпараттық жүйесінде №4 Үлгілік базалық бағытын іске асыру барысын таныстырып өтсе, өзге сарапшылар күн тәртібіне сәйкес маңызды тақырыптар аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тараз қаласы мен аудандардан қатысқан 80-ге жуық қатысушыға әдістемелік бағыт-бағдар беріліп, іс-шара нәтижесі бойынша арнайы сертификаттар табысталды.
Семинарға сондай-ақ, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Семинар Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы