«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда еңбек ұжымдарының рөлі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті  

 

Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барлық қоғамның ортақ ісіне айналуы тиіс.

Осы бағытта, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылы көптеген тиімді жобаларды барлық мақсатты топтармен бірлесе жүзеге асырып, елімізде сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне елеулі жұмыстар атқарды. Мысалы,

— «Парасыз Болашаққа бірге!» атты жоба бойынша барлық облыста мобильді топтар құрылып, тұрғындарға заңи кеңестер берілді. 2017 жылы облыс көлемінде мобильді топтың  149 шығуы болып, 319 еңбек ұжымдарына насихаттау жұмысын жүргізілді;

— мемлекеттік органдармен көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында ҮЕҰ-дардың көмегімен «жасырын тұтынушы» әдісі жүзеге асырылды, нәтижесінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасы арттырылды.

— мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында және бюджеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуын анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жасалып, көтеріңкі бағалар анықталды. Нәтижесінде, Атырау облысы бойынша 2017 жылы 76 млн. 117 мың 591теңге үнемделді;

— сондай-ақ, «Жолдардағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша 10 қадам» атты жобасы негізінде тиісті рейдттік шаралар ұйымдастырылып, жолдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүзеге асырылды.

Барлық айтылған жобалар бойынша елеулі кемшіліктер анықталып, тиісті ұсыныстар негізінде барлық кемшіліктер жойылды. Яғни, ұсыныстар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте оң нәтижесін берді. Ерекше атап өтетін мәселе, 2018 жылғы 22 ақпанда Транспаренси Интернешнлдің 2017 жылғы Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі ресми жарияланды, оған сәйкес Қазақстан 31 ұпай жинап, әлемнің 180 елдерінің арасында 122 орынды иеленді. 2016 жылмен салыстырғанда өзінің көрсеткіштерін 2 ұпайға және 9 позицияға жақсартты. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 31 ұпайға қол жеткізу рейтингке алғаш қатысқан сәттен бастап  Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады және барынша сыбайласқан елдердің категориясынан шығуға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексін есептеу кезінде 9 халықаралық рейтингтік агенттіктер зерттеулерінің нәтижелері қолданылды, оның 6-ы бойынша елде сыбайлас жемқорлық көрсеткіштерінің жақсаруы байқалуда.

Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Аталған жұмыстар әлі жалғасын табатын болады. Семинар кеңестің мақсаты «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жаңа ұсыныстармен алмасу және талқылау болып табылды. Жиында Атырау облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы  Саламат Қабдоллаұлы Елеманов сөз сөйледі. Сондай-ақ «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы филиалының төрайымы  Салтанат Асқарқызы Рахимова, Атырау облысы Кәсіподақтар орталығының бас маманы  Құрмет Шапағатұлы Сыдиқов тақырыптық баяндамалар жасады. Мұнан соң пікір айтушылар мен сұрақ-жауаптарға кезек берілді. Семинар-кеңестің ой өрісті дамытуға, саналы көзқарасты қалыптастыруға ықпалы мен пайдасы зор болды. Алдағы атқарылар жұмыстардың да ұсыныстары ескеріліп, бағдарламалары жасалды.

  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

  Атырау облысы бойынша департаментінің 

  баспасөз қызметі