Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жойқын соққылар нәтижесіз емес
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам Ұлт жоспары барлық салаларды қамтитыны белгілі. Оның ішінде кәсіби мемлекеттік аппаратты құру, мемлекеттік қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту керектігі айтылады. Маңғыстау өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында бірқатар ауқымыды жұмыстар жүргізіліп келе жатқандығы туралы «Азаматтық құқық» үкіметтік емес ұйымының директоры Айнагүл Байбатырова айтып берді.
Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың рөлі артып келеді деген Айнагүл Байбатырова, елімізде жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың жолын кесуге бағытталған шаралар өз жемісін беруде және күресу дегеніміз барлығын темір торға тоғыту, тәртіптік немесе әкімшілік жазаны қолдана беруден нәтиже шығару қиын деген пікірде. Нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды, яғни алдын-алу шаралары мықтап қолға алынса түбі нәтиже болары сөзсіз және бұл ретте барлық мүдделі тараптар шет қалмауы тиіс екендігін айтады.
Өңірімізде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Республикамыздың әрбір өңірінде үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап «Адал жол – Честный путь» жобасы қолға алынған болатын. Ақтау қаласынан бастау алған бұл жоба Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандарында болып Жаңаөзен қаласында жалғасын тапты. Алдағы уақытта бұл шара Мұнайлы ауданында өткізілетін болады.
Мұнайшылар шаһарында өткен акция аясында «Стоп, жемқорлық!» атты дебат, «Адал ұрпақ» театрландырылған көрініс конкурсы, «Парасыз болашаққа» әзіл-сықақ кеші және жұмысшы жас мамандармен кездесулер өткізіліп, тұрғындарға мыңдаған брошюралар таратылды.
Аталмыш жоба аясында Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Адал ұрпақ» атты театрландырылған көрініс өткізілді. Шараның мақсаты — қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын – алу және зиянды заттардың зардаптары мен жат әдеттерден аулақ болуға шақыру. Әсіресе жастардың бойындағы өмірге деген құштарлықты арттыру арқылы, адамдық құндылықтар мен асыл қасиеттерді ояту, көпшілікке рухани азық сыйлап, эстетикалық тәрбие дарытуға бағытталған. Шараға Маңғыстау облыстық медицина колледжінің «Адреналин», Оразмағамбет Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжінің «Өнерлі өркен», Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің «ЖТК», Жаңаөзен қалалық политехникалық колледжінің «Болашақ», Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің «Мейірім» құрама командалары қатысты.
Сайыстың қорытындысы бойынша Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің «Мейірім» құрамасы жеңіске жетсе, Маңғыстау облыстық медицина колледжінің «Адреналин» құрамасы екінші орынға шықты, ал Жаңаөзен қалалық политехникалық колледжінің «Болашақ» құрама командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«RTF – 19» қоғамдық бірлестігі «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты шара аясында №6, №7, №8, №15 және №19 орта мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырып, оқушыларды сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға, құқықтық сауаттылығын арттырып, Ата заңымызды қастерлеуге шақырған және осындай кездесу оқушылар шығармашылық үйінің қызметкерлеріне де өткізілді.
«Жаңаөзендіктер өздерінің белсенділігімен көзге түскендігі қуантты. Аталған шаралар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, шыншыл әрі әділетті тұлға қалыптастыруға бағытталған болатын. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету» комиссия төрағасының орынбасары Елемес Жылқыбаев, «RTF – 19» ҚБ төрағасы Жамбыл Тачкараев, белсенді Қыдырқожа Аханов, Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Алдияр Төлеуов барлық шараларға белсенді қатысқандығын айта кеткім келеді», — дейді Айнагүл Байбатырова.
Сонымен қатар, Маңғыстау өңірінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына, Әдеп нормаларының сақталуына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қоғамдық мониторинг жасаған азаматтар арасында «Үздік бақылаушы» байқауы өтетіндігі туралы бұған дейін айтылған болатын. Байқаудың негізгі мақсаты «Жасырын сатып алушы» әдісімен мемлекеттік қызмет алу кезінде көрсетілетін қызметтер стандартының сақталуын қадағалап, қызмет көрсету кезіндегі кемшіліктердің алдын алу. Байқауға барлық азаматтар қатыса алады және саны шектелмейді, қызмет алу барысында қолданылған аудио және бейнежазба материалдары қабылданады, ал жұмыстар түпнұсқа түрінде ұсынылуы тиіс. Ұсынылатын материалдарды қабылдау үстіміздегі жылы 23 қараша күні аяқталады. Барлық сұрақтар бойынша 8 (778) 559-66-79 телефоны немесе azamattykkukyk@bk.ru электронды мекенжайына жолдауға болады.
Жанұя күніне орай Маңғыстау облысының жанұялары арасында қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Отан отбасынан басталады» байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Байқауға барлығы 16 отбасыдан жұмыстар ұсынылған. Ережеге сәйкес отбасы институтын нығайта отырып, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік принциптерін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын көрсету және кеңінен насихаттау, ата-ананың бала алдыңдағы жауапкершілігіне мән берілген.
Нәтижесінде «ең үздік ертегі», «ең үздік өлең», «ең үздік ойын» және «ең үздік шығармашылық жұмыс» номинациялары бойынша комиссия мүшелері байқауға қатысқан жұмыстарды қарай келе Бақытбек Нұрғиса, Арыстанқали Кәусәр, Базарбаева Лилианна, Базарбай Мирас, Бақытбек Амина, Тахиталиева Ляйсан есімді қатысушыларды жеңімпаз деп танып, алғыс хаттар және «Abdi» кеңсе тауарлары маркетінің сертификаттары, сонымен қатар «Атлантида» ойын-сауық орталығының карточкаларымен марапаттаған.
Сондай-ақ, «Азаматтық құқық» ұйымының тізгінін ұстаған Айнагүл Байбатырова, агенттіктің аумақтық департаментінің өкілдерімен бірге «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа бағыты» атты модульдік коучинг тренингінің ІІ модуліне қатысып, өз тәжірибесімен бөліскен. Бағдарлама аясында қатысушылар арасында топтық жұмыстар мен жаңа әдіс талқыланды.
Бұдан басқа «Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: ұлттық заңның имплементациясы мен ерекшелігі» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Басқосуда білім беру ұйымдарының өкілдерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бақылауды күшейту, осы бағыттағы тиісті шараларды тұрақты негізде жүргізіп отыру, оқу орындарында ата-аналардан және қамқоршылық кеңестерінен заңсыз ақша жинау мәселесін тоқтатуды, көрсетілген кемшіліктерді жоюды және алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерге жол бермеу қажеттігі айтылған.
Дайындаған Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Ақтау қаласы