СЫЙЛЫ БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ…

1. Сыйласаң ғана сыйлы боласың.
Алдымен, өзің басқаларды шын жүрегіңмен сыйлауың керек. Сыйластық деген біреуден аман-саулық сұрап, өз өмір салтыңды басқаларға бағынышты қылу емес. Сыйластық ең алдымен басқаларды түсіне білуден басталады. Бұл әр адамға бірдей мөлшерде назар аударып, қолдау көрсете білуді білдіреді. Ал өзгені сыйлау, өзіңді шынайы сыйлаудан басталады. Егер біреу көрсеткен құрметіңді әлсіздік деп қабылдап, абыройыңды түсіргісі келсе, сен де сол деңгейде жауап бере аласың, бірақ бұдан көрі сыпайы түрде өзіңнің ойыңды мықтап білдіргенің жақсы. Және бұдан былай өзіңді сол адамнан белгілі бір ара қашықтықта ұстағаның жөн.
2. Өзіңнің көңіл күйіңді бір қалыпты көтеріңкі деңгейде ұстауға тырыс.
Тіпті басқалардың ашуын келтіріп, өмірден түңілдіретін жағдайларда да. Басыңа түскен жағдайдан жақсысын көруге үйреніп, соған сүйенуге тырыс. Сонда жаныңдағылар саған тамсанып, сенің жеке тұлғаңды сыйлай түседі. Егер әлдебір іске көшбасшы болу бұйырса, ол істі қоқиып, масаттанбай, барынша кішірейіп жүзеге асыр.
3. Достарыңа, отбасыңа және басқа жақындарыңа адал болуды үйрен.
Тек өзің қалаған адамдарға ғана емес, барлығына бір шындықты айтатын турашыл мінез қалыптастыруға тырыс. Адал адам — сенімді адам, және ол қасиетің аян болса, тіпті шала таныс адамдар да сізді жауапты, шынайы деп суреттейтін болады. Сыртыңыздан айтылған жақсы сөз сіздің беделіңізді одан әрі өсірмесе, ешуақытта түсірмейді.
4. Басқалардың сыртынан ғайбат сөз айтпа.
Жақындарыңа немесе кімге болса да қатысты айтар сын-пікірлерің болса, мүмкіндігінше ең алдымен өзіне жеке айт. Ол адам өз қателіктерін байқамай қалған, немесе өзінің кемшін тұсын білмеуі мүмкін. Бірақ сын айтпас бұрын, жақсы тұстарына да көңіл бөліп, оларды да барынша шынайы, зілді әзілсіз атап өтуге тырыс. Тек сынға дөрекі жауап алғанда, немесе мүлде құлақ аспаған жағдайда жеке сөйлескеннен нәтиже шықпағанда ғана оған деген наразылығыңды, келіспейтін жерлеріңді басқаларға жария қылуыңа болады.
Бірақ соның өзінде сыни пікірлер адамды сыртынан балағаттауға, немесе өсек аяң таратуға ұласпауы керек. Сонымен қатар біреу саған өзің нашар танитын адамды өсектеп, жамандап, не нашар пікір айтып жатса, оған қосыла жамандама, тіпті талқыға түсіп жатқан адам туралы теріс ой қалыптастыруға да асықпа. Біреудің жеке көзқарасына қарап, басқаға деген қарым-қатынасыңды өзгертпе. Біз бәріміз де ерекше жандармыз, әр түрлі дарын мен түрлі қасиеттерге иеміз. Адамның жеке басын емес, мәселені талқылауға бағыттайтын атмосфера қалыптастыруға талпын.
5. Сөзің де, өзің де сыпайы болуға тырыс.
Біреуді кемсітуден және балағатшылдықтан өзіңді қашық ұстауға тырыс. Сонымен қатар, киімге жақсы талғам қалыптастыр. Таза, әдепті, және жарасымды киін. Бұндай сырт келбет пен әдептіліктің үйлесімі саған лайық дүниелерді тартады. Мәселеге жан жақты қарай алатын кең көзқарас қалыптастыр, сыңаржақ пікірлерден сақтан, жалған әсерге берілмей, обьективті шешім қабылдауға тырыс.
6. Кең пейіл бол, жасандылықтан қаш.
Сөз жүзінде бір өмір, іс жүзінде басқа өмір сүріп өзіңді де, өзгені де алдама. Басқалар еліктеуге тырысатын жақсы үлгі бол. Кейде қара басыңның қаржылық қамы үшін ғана емес, жай көңіл күй көтеру үшін де кісілер арасындағы дәнекер болуға тырыс. Әр ісіңді ойланып, әрбір мәселені бейбіт түрде, қақтығыссыз шешуге тырысып, өзіңнің жақсы қасиеттеріңді жан-жақты дамыту мен өзіңнің кемшіліктеріңмен күресу арқылы ішкі рухың мен санаңды шынықтыр.
7. Қай кезде сөйлеу орынды екенін біл.
Басқаларды мұқият тыңдауға тырысып, олардан (не екенін анықтап айтпасаң да) әлдене үйренгеніңді білдір. Бәріне мүмкіндігінше қайырымды ықылас білдір. Өзіңе сенімді болып, қажет кезде кербездік те таныта біл.
8. Аса маңыздысы:
Уәдеңде тұра алмайтыныңды білсең, уәделеспе. Сөзіңе сәйкес әрекет жаса. Егер біреу қателігіңді бетіңе басса, сылтауратпай, толық жауапкершілігіңді мойындай біл, сөйте тұра өзіңді бейшара санап, түңіліп кетпей, кішіпейілдікпен алға қарай баса бер.