СЫМБАТ ҚҰЛЖАҒАРОВАНЫҢ ӨЛІМІНЕ КІМ КІНӘЛІ?

Журналисттік зерттеу

Әлеуметтік желіге тізгіндеген блогерлер ме, әлде, күйеуі Абай ма?

29 жастағы Сымбат Құлжағарова есімді жас келіншектің желтоқсанның 10-ы күні елордадағы көпқабатты үйлердің бірінен секіріп өлгені жайлы ақпарат ел есінен шыға қоймаған болар. Қайғылы оқиғаны әркім әр саққа жүгіртті. Өзін өлімге қиған келіншектің оқиғасынан соң интернетте Президент атына онлайн-петиция жүрді. Онда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатып, көз жұмған Сымбат Құлжағарованың ісіне қатысты тергеу шарасын әділ жүргізуді талап еткендер бой көрсетті.
Бір отбасының тірлігіне түрлі қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік желі қолданушылар араласып, мәселенің мән – жайына терең бойламай – ақ Сымбат Құлжағарованың өліміне отбасылық кикілжіңді алға тартып, күйеуі Абай Әбдіғаниевті кінәлі деп таныды. Көпшілік бұған кәдімгідей сеніп те қалды.
Оған бір ғана дәлел мынау. «14.12.2020 жылы КТК жаңалықтарынан

 

 

(https://www.ktk.kz/kz/news/video/2020/12/14/166887/) «НеМолчи» ұйымының жетекшісі Дина Смаилова деген ханым: «Біз нақты дерекке қараймыз. Ол психдиспансерде есепте тұрмаған. Есінен ауысқан деген анықтама жоқ. Полицияда соққыға жығылған деген дерек бар. Күйеуінің ұрғанын айтып шағымданғанын жазған. Ажырасқысы келетінін айтқан. Біз осы дерекке сенеміз» деп қайғылы оқиғаға бір жақты пікір білдіргені интернет – сайттарда хатталып тұр.
Марқұм С. Құлжағарованың күйеуі Абай Әбдіғаниев: — Мен Сымбатты өте жақсы көрдім. Бойындағы түрлі ауытқушылықты сезген бетте анасына (енеме) хабарласып бар болған жайды бүкпесіз айтып, Астанаға шақыртып та алдым. Ол ұзақ әңгіме. Әйелімді соққыға жықты дегендерге айтарым мынау: Осы оқиға орын алғанда анасына қоңырау шалып, аяғы мен денесі неге көгерген деп сұрағанмын. Сөйтсем, ол бір емшіге барып жүрген екен. Онысы тергеу барысында анықталды. Сол емші массаж жасаған… Өз бетімен жүріп кететін адамның түрлі жағдайға душар болуы да мүмкін. Өз басым оны өмірі ұрғаным жоқ, қол көтермегем. Бұл таза жала. Енді жарымды, отбасымды жоғалтып жатырмын. Жағдайға ешкім бейтарап қарамады. Барлығы біржақты ғана тыңдады» деп күйініп отыр.
Осы бір қайғылы оқиғадан кейін көпшілік арасында, әсіресе Сымбаттың ағайын – туыстары ортасында, шындықты айтып шырқыраған, күйеу баласы Абайға араша түскен, қызы Сымбаттың ауытқушылық (психикалық) мінезінен хабары бар анасы Базаргүл Құлжағарованы (ақшаға сатылды, екіжүзді, мейірімсіз, қызының өліміне кінәлі, өзі психикалық ауру болуы мүмкін) деп жүрегін жаралап жатқандар азаймай тұр. Байғұс ана қайғыдан белі қайысып, өзі куә болған көп жайтты ашып айтамын деп «қарабет» атаныпты.
Мәселе қазаннан бері әлеуметтік желі де, соның ішінде инстаграм желісінде қайта-қайта отқа тиген қаудай шығып жатты. Сол кезде тура «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» заң жобасы мәжілісте бірінші оқылымнан өтіп, қабылданатын болып, батысқа еліктеуден алдына жан салмайтын адамдар бөркін аспанға атып жатқан кез — тін. Әлеуметтік желіде солардың «наны жүріп», «ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс» болып тұрған сәт еді. Әсіресе, осы тұста орыс тілді блогерлер «ерледі». Қазан айында біз сөз етіп отырған мәселенің әбден ушыға бастағанын көзіміз шалды. Бірақ тұрақты қарап отыруға мүмкіндігім де болмады.
Бір күні Базаргүл Құлжағарова деген әйелдің Сымбаттың анасы екенін, қызының он бірінші қабаттан құлап өлгенін инстаграм желісі шулап жазып жатты. Марқұм Сымбат деген қыздың «Отбасылық тұрмыстық зорлық –зомбылықтың» «құрбаны болғанын» асыра сілтеп жазып жатқандарды да көзіміз шалды. Мәселені жіті түсінбесем де «қызығушылығым» оянды.
Көп нәрседен бейхабар жұрт солардың сөзін сөйлеп, Абай деген жігіттің «ит терісін басына қаптап» даттап жатқанына да кәдімгідей сеніп қалдым. Бұл әлеуметтік желінің әлегі еді. Нақты зерттеліп, зерделенбеген дүниенің бетін ғана сылып алып, шулаған желі қолданушыларды адастыруға бастаған жол еді.
Тек бір жақты ғана пайымдап, елдің есін алған «Неткен оңбаған, неткен басбұзар, отбасын ойрандап, әйелін ұрып – соғып, ақырында он бірінші қабаттан құлауға себеп болған, бала – шағасын тоз-тоз қылған жігітке» қара күйе жаппаған адам аз. Өйткені ақпарат солай тарап жатқан – ды. Ол үшін көпшілікті кінәлау артық деп білем. Бұған дейін менің «Әлеуметтік желінің әлегі» деген мақаламда бұл жайт нақты жазылған болатын. Сондықтан оны қайталаудың жөні болмас. Іздеген адам оны интернеттен тауып алары анық.
Әлеуметтік желінің тиімді пайдаланса пайдасы, тиімсіз қолданса зияны шаш етектен екеніне осы бір отбасының шырқын бұзып, ақырында жап — жас келіншектің өліміне себепкер болуы дәлел болуға жарап жатыр.

https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=2080190488782342&id=100003742330411

Кейін анасы Базаргүлдің фб мен инстаграм желісінде: «Халқым, ақиқатты айтайық, босқа арандатпайық» деген қаралы үндеуін естіп, мәселенің әбден ушыққанын біліп, анық-қанығын білмекке талпынып, журналисттік зерттеу жүргізе бастадым. Сөйтіп бірінші ауруханадағы құжаттарымен, сосын әлеуметтік желідегі күн құрғатпай шығып жатқан жазбаларымен таныстым. Осы іс бойынша жүргізілген істердің бәрін қотарып, одан кейін ештеңеге қарамай Ақтауға, Маңғыстау түбегіне жолға шықтым. Қасыма бір журналистімді ертіп алдым. Себебі бұл оқиға мені қатты толғандырды, жүрегімді ауыртты.
Он бірінші қабаттан секіріп өлген Сымбат атты қыздың қырқы беріліп жатқанын да ұзынқұлақтан естідім. Тап осы кезде Парламентте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» заң жобасы қаралып, халық арасында кем-кетігі қызу талқыланып жатқан тұс еді. Тіпті батысқа еліктеген заң жобасына дүйім жұрт қарсылығын аямай –ақ білдіріп жатты. Оған менде үн қосып «ДІНГЕ ҚАЙШЫ, ДӘСТҮРГЕ ЖАТ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРЕДІ?» атты мақала жаздым. Ол мына сайтта жарық көрді. https://www.elana.kz/dinge-qajshy-dastuyrge-zhat-zang-zhobasy-qazaqqa-ne-beredi/

ТҰНЖЫРАҒАН ӘКЕ… ҚАН ЖЫЛАҒАН ШЕШЕ… ЖЕЗДЕСІНЕ ЖАҚ БОЗБАЛА…

 

Ақтау қаласы. Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Базаркүл Құлжағарованың жұмыс орнында

 

Сонымен Ақтауға барудағы мақсатым, марқұм Сымбаттың ата-анасымен сөйлесу еді, оқиғаның ақ-қарасын қайғы жамылған жандардың өз аузынан есту еді. Бірге туған бауырының да қайғылы оқиғаға көзқарасын білу еді. Себебі қызынан қапыда айырылған отбасының ақиқатқа бір табан жақын болатыны әмбеге аян. Сөйтіп журналисттік зерттеу жасауға кірісіп кеттім. Мен тергеуші емеспін, сот емеспін Еланасы деген атым бар.

 

Бірді айтып, бірге кете бердім – ау, сөйтіп қаралы үйге барып, қазақы дәстүрмен көңіл айтып, өзімнің келудегі мақсатымды жеткіздім. Үш жарым сағат әңгімелестік. Бірінші әкесін сөзге тарттым. Есімі – Боранғали екен. Ер – азамат қой, күйініп отырғаны көрініп – ақ тұр. Қайғы жанына батқан. Қабағы қатулы, сөздері дік-дік. Сөзінен ұққаным, «Қызымды өлтірді, оны психбольницаға тықты. Ол ешқандай ауру емес» деп орнынан атып тұрады кейде. Оны мен әке ретінде түсіндім, тұңғыш қызы, мақтанышы, оқыған – тоқығаны мол екені тағы бар. Тұрмысқа шыққан жері де жақсы ел. Әттең – ай дегізгені, сұрағыма толық жауап бермегені ғана. Жалпы өңінен қайғының табы әлі кетпегенін аңғардым. Сөйте тұра зайыбына деген үлкен сыйластыққа толы сезімге куә болдым. Осылайша бір үйден екіге жарылған жармақ секілді екі Боранғалиды көрдім. Екі адам. Біресе тістеніп отырады, «Қызымды психбольницаға тықты өз шешесі, күйеу балам қызымды ұрды, күйеу балам мен әйелім бір жақ болып бәрін құртты» дейді де, біресе өзіне қарсы шығады. Алайда немерелері туралы бір ауыз сөз айтпады. Бәрі сол елдің балалары ғой, бөтен емес туған жиендері ғой деп біраз сөз суыртпақтадым. Бәлкім еркекке тән мінез шығар, шешіліп ештеңе дей қоймады. «Тас түскен жеріне ауыр, енді балалардың болашағын ойлаңыздар, қыздарыңыздың сүйегін сықырлатпаңыздар, артында қалған балаларын ойлаңыздар. Осы ауылда бір ақсақал жоқ па, әулеттен бас көтерер ешкім жоқ па?» деп ортақ әңгімеге шақырып едім, ол сөзімді онша жақтырмады. Жоғары да айтқан екі Боранғалидың сөзге иілмейтіні әр қимылынан байқалып тұрды. Екінші Боранғалидан зайыбының көңіл-күйін, денсаулығын ойлап, оның қайғысын қоздатып, жүрегін ауыртқысы келмейтіні байқалады. Осыдан-ақ сүттей ұйыған отбасының бір-біріне құрметі мен тыныс-тіршілігін аңғармау мүмкін емес.
Қазақта мынадай тәмсіл барын Боранғалидың білгенін қалар едім. «Ағайын бір өліде, бір тіріде керек» деген. Иә, «тас түскен жеріне ауыр» өз отандары, отбасылары бар әр туыстың. Сондықтан Боранғали бауырымның да ортақ ойға келетін кезі жетті. Жан-жарын қолдап, оның жүрегін жаралап жүргендерден қорғауы тиіс! Бауыр еті баласынан ажырап отырған АНА мен әке қайғысы ерекше екені белгілі. «Ағайын жоқ болса бере алмайды, бар болса көре алмайды» дегенді атамыз қазақ бекер айтпағаны осы жерден көрініс беріп тұр.
Отағасыдан кейін үйдің отанасымен тілдестім. Ол болған оқиғаның бүге-шігесіне дейін әңгімеледі. Мен оның бойынан қазақ әйелінің қайсарлығын, даналығын, мейірімділігін, табандылығын көрдім. Көз жасын көл еткен ананың ащы зары мен ауыр қайғысын байқадым. Ойыма қазақ пір тұтатын Домалақ ана, Ұмай аналар елестеді. Айғаным, Зере әжелердің образын көргендей болдым. «Апатай – ау, апатай, менің қызымды ешкім ұрған жоқ, ешкім зорлап психбольницаға қамаған жоқ. Бәріне мен куәгермін. Екі дүниеде жауап беремін. Қызым ауырды … Мен, туған анасы, қызымды өзім кейде танымай қалып жүрдім. Қызыма менен артық кімнің жаны ашуы мүмкін?!
Қайын жұртым да, үш сіңілім де менің шындықты айтқаныма қарсы. Біреуі тіпті садақа кезінде менің жағымнан тартып жіберді. Қайнағаға қарсы сөйлемейтін келін едім, қайтейін, қайнағама да тілім тиді. «Мынана үйден сүйреп шығарып шығарып керек, қуып жіберіңдер!» деп маған діңкілдеді. «Шығара алмайсыздар, үйден шығарып көріңіз» дедім ашынып. Келін болғаныма 30 жыл болыпты, алғаш рет қарсы шықтым қайнағаларыма, жанымды күйзелтіп жіберді. Апатай, Алла мені кешірсін!» деп, қазақ келінінің үлкен имандылығын көрсетті. Айыбына өкінетінін білдірді. Еңкілдеп жылады. Мен де қосыла жыладым. Не болып не қойғанын түгел айтты. «Бірінші обалы емшіге, екінші обалы блогерлерге! Енді неге бізге тыныштық бермейтініне түсінбеймін. Бәрі қоғамның бір дерті десек те, қызымды күйеу балам алақанына салды ғой. Егер ол қызыма қол жұмсаса мен қарап отырар ма едім? Мен ақшаға сатылатындай жерге қарап отырған, отқа қарап отырған адам емеспін. Мен отызға толмаған қызымды қара жерге беріп отырмын ғой. Айтыңызшы менің ағайындарыма не болды?!» деп еңірегенде етегі жасқа толды. Сабырға шақырдым. Ағайындарына бұларың не деп баруды жөн көрмедім.
Қызының садақасын беріп жатқанда әлсін-әлсін талықсып кеткен Базаргүлге «су беріңдер» деп адамдар сұрағанда, сіңілілері «Ол өз қызын өзі өлтірген әйел, оған су емес, у беру керек» деуі бауырмашылықтың, туысқандықтың қай түріне жатады. Қазақ баласы осыншама тас бауыр болады деп кім ойлапты. «Бұл заман не болып кетті, бұл қоғам не болып кетті, апа –ау» дегенде өзегінен от шығады ананың. Маған қайтарда Базаргүл: «Апа, Сіздің мақалаңыздан кейін көпшіліктің жүрегі ашылып, мейірімділік пен кешірімділік ұяласа екен!» деп айтып қалды. Осы сәтте оның жүрегінің езіліп тұрғанын сезіндім.
Мен Базаргүлмен кездескеннен кейін Сымбаттың КИМЭП-те екінші курста оқитын бауыры Сұңғатпен жүздестім. Шаңырақтағы жалғыз ұл екен. Одан да «Апаң жайлы не айтасың? Апаң ауру ма еді? Оның бойынан не байқадың, нені сезіндің» деп ашық сұрауға тура келді.
Сұңғат ағынан жарылды: «Апа, туған апам ғой Сымбат, несін жасырайын ол ауырды. Кейінгі уақыттары біртүрлі болып жүрді, өзінен – өзі күлімсіреп отыратын болды. Бұрындары өзіне қарайтын, ауырғалы өзін ұмытты. Қалай болса солай киінетін болды. Тұнжырап жүруі көбейді. Оның бір ауруға шалдыққанын сезе бастадым, бірақ анам оның сырқатқа шалдыққанын менен жасырып жүрді.
Анам жаңа бәрін сізге жылап отырып жеткізді ғой, соның бәрі рас» деді. Бұдан әрі қазбалап жүрегін ауырта беруге дәтім бармады. Қайтсін, әділін айтып аңырап тұрған жастың туған апасы жайлы бұра тартпай шындықты айтуының өзі көп жайттан хабар берсе керек–ті.

ЖАС ШАҢЫРАҚТЫ ОРТАСЫНА ТҮСІРГЕН КІМ?

Осы Ақтау сапарынан жүрегіме түйгенімді айтайын: Көңіл көзіммен, ойлы сезіммен саралап отырсам, бірінші үлкен қателік Базаргүл (Сымбаттың анасы) мен Абайдың (Сымбаттың күйеуі) ауру меңдеген Сымбатты бақылаусыз жіберіп алғандығы ма деп ойлаймын. Өйткені психологиясында ауытқушылығы бар адамның кім көрінгеннің жетегінде кететіні жасырын емес. Содан кейін психбольницадан алып шығарда да ағайын туыспен ақылдасып, ештеңені жасырмай айтып, ағайынды дәрігерлермен кездестіргенде бүгінгі сенімсіздік танытып отырған туысқандарға бір сеп болар еді – ау.
Жарайды өткен өтті, бүгін жетті. Сымбатты Абай ұрды – соқты деп кінә артушыларға айтар уәжім, осы оқиғаны зерттеу барысында көзім жеткен бір нәрсе – ол Абайдың Сымбатқа деген адалдығы мен сүйіспеншілігі.

 

 

Бір реті келгенде Абайдың Нұрбол деген жолдасымен сөйлескенімде олардың (Абай мен Сымбаттың) жақсы жұп болғанын, орталарында ерекше сыйластықтың гүл жарғанын ашық айтты.
Кейін Сымбаттың ата-енесімен, күйеуі Абаймен де сөйлестім. Сонда енесі Сәуле: «Сымбат жақсы келін болды. Тек босанғаннан кейін болатын стрестің зардабы тиді ме деп қорқамын» деді. Демек Сымбат екінші қызын туғаннан кейін үлкен стресс алған секілді. Бәлкім баланы босану кезінде ауыр жағдайды басынан кешті ме, бұл зерттеуді қажет ететін тақырып!

 

Басы ашық бір жайт бар, ол Сымбаттың тұрмыс тауқыметін тартпағаны, өйткені астында машина, қалтасында ақша жүрген үнемі. Осының өзі – ақ күйеуі Абайдың жарына деген сүйіспеншілігін, оған деген шексіз құрметінің белгісі болса керек-ті. Ал ата – енесінің Сымбатқа келін емес қызындай қарауының өзі (Мұны барлық етене жақын туыстары айтып отыр)– түйіткілді мәселенің түйінін шешуге таптырмас дәлел. Өйткені ата-енеден қағу көрмесе, күйеуден зәбір шекпесе марқұм Сымбаттың тығырыққа тірелуіне не себеп болуы мүмкін? «Баласын тартып алып кетті, ананы сөйтті, мынаны бүйтті» дегеннің бәрі әлеуметтік желіні қару етіп, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» заң жобасын қабылдатуға, ол заңның қажеттілігі туып тұрғанын дәлелдеуге таптырмас мүмкіндік болғаны сезіледі. Бәлкім бұл заңнын артында көзге көрінбейтін бір жымысқы топтың жасырынып жатпасына кім кепіл! Аллаға шүкір, ел президенті бұл заң жобасын қайтарып алды. Бірақ ол, бұл заңның мүлде жоғалғанын білдірмесе керек, күндердің күнінде жарқ етіп шыға келсе не істемекпіз!
Ал Сымбаттың қайғылы оқиғасына анасы мен күйеуін айыптаушылар бір жақты кетіп жатқандарын сезер емес. Мәселенің астары өте тереңде жатыр. Оның ең өзектісі – Сымбаттың емші Талғатпен жолығуы дер едім. Ол емшіге Сымбат бұрыннан қаралып жүрген. Осы жерде көп құпия бар. Менің болжауымша Талғат емшінің де кінәсі өте ауыр. Оның үстінен Сымбаттың анасы тергеушіге осы емшінің үстінен арыз жазғанын естідім. Өзімде ол емшіге бірнеше рет телефон соғып едім көтермеді. Осындай емші-домшылар қаншама сүйттей ұйып отырған отбасылардың талқанын шығарып отыр. Емші Талғаттың Сымбатқа айтқан «ақыл-кеңестері» жайлы да мәлімет бар қолымда. Оған каспий голд арқылы аударылған ақшалардың скринттелген үлгісі де сақталып тұр. Әр жолы жүз мыңдаған теңгенің Талғаттың шотына түсуінің астарына үңілсек, көптеген беймәлім дүниелердің құлағы қылтиып шыға бастайды. Сымбаттан үй мен машинаның құжатын алдыруы, дүние- мүлікті өз атыңа аудар деп кеңес беруі күдігіңді күшейтпей ме? Гипноз жасап, Сымбат марқұмның қалтасына құран аяттары мен дұғаларды әркез салып жіберуі – ниеті түзу адамның қылығы ма?
Сымбаттың күйеуі Абай мен шешесі Базаргүлдің бар айыбы: оның мінезінің ауытқушылығын байқағасын оны емдетуге тырысқаны, жұрттан жасырғаны, қазақылыққа салынып намыс көргендері, сосын психбольницаға учетқа тұрғызбай, Ақтауға алып кетуі дер едім. Абай мен анасының сөздерінен ұққаным, Сымбатты психикалық ауруханаға учетқа тұрғызбауы – оның ертеңіне алаңдауы болыпты, оның ертең жазылатынына сенгендері сонша, жұмысқа тұрса қызметіне кедергі келтіреді, балаларының оқуына, балабақшаға немесе мектепке орналасуына қолбайлау жасайды деген қазақы түсініктің нәтижесі болса керек. Бұған менің қосарым, ағайын туғанның алдында жаманат хабарды жасырын ұстауға тырысқандары мен «Қызы жындыханаға түсіпті» деген сөзден қашып, жалған намысшылдыққа ұрынғандары басты қателіктері деп ойлаймын.
Дамыған елдерде әр жанұяда бір психиатр болады, сөйтіп олар отбасында болатын түрлі ауытқушылықтарды, психикалық мінез-құлықтарды реттеп отырады. Бізге ол күнге жету арман ғана болып тұрғаны өкінішті.

Абайдың, Сымбаттың әке — шешесінің Сымбаттың мінезіндегі ауытқушылықты қазақы еммен жазып алуға деген талпыныстары да қолдауға келмейтін қадам. Бірақ адам баласына тән үміт шіркін алға жетелесе оған тағар айып бар ма? Сөйте тұра олар Сымбатты жазылып кетер деген үмітпен Ақтау мен Шымкентке дейін апарып, аталар басына қондырып, емшілерге қаратуын жалғастыра берген.
Жоғарыда да айттым, ең үлкен қылмыс – отқа май құйып, кішкентай мәселені үлкен етіп көрсетіп, екі жақты сараламай, сыңар езулеп бір жақты жазған блогерлердің ісінен туындап отыр. Өйткені балаларды, атасы мен әжесінің қолынан тартып әкетулерінің өзі – олардың өз мақсаттарына жету жолында ештеңеден тайынбайтындарын көрсетіп берді. Мәселенің ушығып, Сымбат марқұмның суицидке баруын жылдамдатқанын олар білмесе де, көзіқарақты жұрт қазірдің өзінде айтып жүр. Күйзеліске түскен қыздың кейбір ойға қонымсыз нәрселерді айтқандарын жерден жеті қоян тапқандай дауылдатып, әсерлеп, әсірелеп берулерінің өзі – олардың адам тағдырын қақпыл етуге тым әуес болғанын білдіріп тұр. Блогерлер бұлар өздері бір топ. Ішінде » «Республикалық Жастар конгресінде Перизат Қайрат, және сол кездегі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігіндегі, Жастар саясаты жөніндегі басқарма жетекшісі, қазір Нұр — Сұлтан қалалық «Nur Otan » партия төрағасының бірінші орынбасары, Дәулет Кәрібай мырза,ерекше » белсенділіктерін көрсетті» деп шырылдайды, Сымбаттың анасы. Олардың Сымбатты ауруханадан шығарып алуларының өзі тұрпайылық. Сондағы мақсаттары: ауырмаған қызды зорлап психбольницаға жатқызды дегенді дәлелдеу болатын. «Балаларын ата – әжесінің тартып алып кетті» деуі ешқандай шындыққа жанаспайтыны да белгілі болды
Блогерлер сенсация іздеп жүргені анық, ал аурухана қызметкерлеріне не жорық! Аурухана қызметкерлерінің өздері қойған диагнозға табандылық көрсете алмай, тап берген блогерлерге өз ұстанымдарын көрсете алмаулары – масқара әрекет емес пе?! Антына адал дәрігерлердің осындай іске баруын түсіне алмай әлекпін.
Сымбаттың әкесі Боранғали «Мен психбольницаға бардым, блогерлердің көмегі болды, қызымды больницадан еш жері ауырмайды деп шығарды» деп қояды. Әй, аңғал әке –ай! Сымбаттың ішкен дәрілері қайда, дәрігердің қойған диагнозы қайда сонда! Оның алдында сол жерге жатқаны неге ескерілмеді?
Бізде бәрі сатылатыны жаңалық емес. Әйтсе де, ауыр күйзелісте жүрген қызға қорған бола алмаған психбольница дәрігерлерінің де кінәсі бар бұл жерде. Өз істеріне жауапкершілігі жоқ адамдардан қоғам қаншама зиян шегіп жатыр ағайын!
Базаргүлдің дәл қазіргі сәттегі екінші қайғысы Дубайдағы қызы болып тұр (атын айтуды жөн көрмедім). Ағайындары, достары оған жан – жақтан телефоннан хабарлама жазып: «Сенің шешең анандай, сенің шешең мынандай. Ол өз қызын өлтірді, ол ақшаға сатылды, ол дуаланды» деп ана мен қызының арасына қара мысық жүгіртіп, араларын ашуға күш салып жатқаны екен. Бұл енді жанашырлық емес, жаныашымастық емей не? Бір қызынан өлідей айырылған ананы, екінші қызынан тірідей айыру ма мақсаттары?!

«АЛТЫН КӨРІП» БАЗАРГҮЛ ЖОЛДАН ТАЙДЫ МА?

Бір кезде Сымбатпен анасын қарсы қойған туған сіңілілері, енді сонау Дубайдағы қызымен ара – қатынасын бұзуға күш салып жатқанын естігенде төбе шашым тік тұрды. Бұл адамдар не болып барады деген сауал көкірегімді кернеп, көзімнен ыстық жас ыршып – ыршып түсті жерге…
Ол аз десеңіз, ағайындары Базаргүлді дуаланған деп оншақты күн молда шақыртып оқытып отырыпты. Дуасын кетіреміз деп. Оны Базаргүлдің өзі соңында бірақ білген көрінеді. Қарап отырсам бұл да ағайын арасындағы жікшілдіктен, сенімсіздіктен, қайтсек өз жағымызға шығарамыз деген мысық тілеуден туындаған тірлік екені байқалады.
Сымбаттың анасы,Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде, “Ғылым және технологиялар” факультетінің, “Іргелі ғылымдар” кафедрасының доценті ғалым ұстаз. Жалпы ұстаздық тәжрибесі 33 жыл. Оқырмандар сіздерге, Сымбаттың анасының жұмыс орнынан мінездемесін алып назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:

 

-703791349 (1)

 

Базаргүлдің бірге қызмет ететін әріптестері өз пікірлерін айтып та, жазып та бізге ұсынды. Бәрінің берген мінездемесі көңілге қонымды. Бәрінің де Базаргүлге деген ниеттері ақ, әріптес ретінде ойлары жағымды. Туыс –туғандары мен кейбір блогерлер күйе жағып айыптап жатқандай ақшаға – құл, нәпсіге – күң болып көрмепті. Ақты ақ, қараны қара дейтін адам екен. Психикалық аурудан да ада болып шықты.
Сондықтан әріптестерінің бірнешеуінің пікірін газет бетіне бергелі отырмыз. Көпшілігінің ойларын газет көлемі көтермейтіндіктен қоржынымызда сақтауды жөн көрдік. Лязат Днишевна Диярова — физика-математика ғылымдарының кандидаты, Куляш Рахметқызы Қощанова — педагогика ғылымдарының кандидаты, Шолпан Сапарбай қызы педагогика ғылымдарының кандидаты,Сарсенғали Сағызбайұлы Бекешов тарих ғылымының кадидаты. Ешкім күйе жағып, кінә артпады Базаргүлге. Осыдан – ақ әділдік үшін күрескен ананың жанайқайына бей-жай қарауға дәтің бармайды.
Сонымен марқұм Сымбаттың жары, оның өліміне себепкер деп жала жабылған Абай мырзамен болған әңгімені қағазға түсіріп отырмын. Өйткені Сымбаттың өліміне басты кінәлі деп айыпталып, қылмыстық іс қозғалғаны белгілі.
Онда 1. Балаларды анасынан күшпен тартып алды.
2. Сымбатты ұрып-соқты. ҚР заңының 107 бап. 1 тармағы
3. Адамды қинап өлімге жеткізді 105 бап бойынша. «Аққа құдай жақ» деген рас екен, Абай әзірше екі бап бойынша ақталып отыр. Мұны еске салу үшін айтып отырмын.
Абайға құлақ түрелік: «Бұл жағдайдың басталған мезгілі 2020 жылдың қаңтар айының басы. Сол күндері қызым ауырып аяқ асты ауруханаға түсіп қалды. Мен аэропортта жүр едім. Әйелім Сымбат қоңырау шалып мән-жайды айтып, жедел жәрдеммен ауруханаға бара жатқанын айтты. Менде жалма – жан ауруханаға жеттім. Барсам балаларды көптеп әкеліп жатыр екен ауруханаға. Байқауымша коранавирустың басы – ау деймін. Кейін солай ойладым. Осылайша қызым емделіп шықты. Ақпан айында немересінің жағдайын білуге әкем ұшып келді. Жағдайымызды сұрап бәйек болды. Ата-анамның екі-үш айда бір келіп кететіні бар еді. Солай келген әкем, балалардың туған күнін тойлауға және үйде болсын деген ниетпен немерелерін және Сымбатты алып Ақтауға ұшты. Мен енеме (Базаргүлге) телефон соғып, Сымбатты балалармен үйге жібергенімді хабарладым. Сөзімнің аяғында «Сымбаттың маған біртүрлі реніші барын, баяғыдай емес менен алшақтай бастағанын» жеткіздім. Тіпті көңіл күйі, жүрісі, тәртібі, өзіне қарауы, маған деген көзқарасы өзгеріп жүргенін, балаларға да салқын тартқанын, үй тазалығына да немқұрайлы қарайтынын жасырмадым. Уақытыңыз болып жатса Сымбатпен сөйлесіңізші деп өтініш айттым. «Менен көп адамдар бұған дейін ауырды ма, ауырғанын байқадыңыз ба?» деп сұрап жатады. «Егер ауырса бір жылдың ішінде ауруы асқынып кетуі мүмкін емес қой?!» деп қоятындар да бар. Бірден айтайын, мен бұған дейін ондай мінезін де, ауытқушылық мінезін де байқамаппын.
Сонымен менің звоногым себеп болса керек, енем қызына (Сымбатқа) қоңырау шалады. Жөн-жосықты сұрайды. Бәрін тәптіштеп анықтайды.
Сөйтіп енем маған қайта звондап «Абай балам, Сымбатпен сөйлестім, ол маған мынаны айтты: Сенің Сымбаттан басқа екі көңілдесің бар екен ғой. Тіпті біреуі жүкті деп естідім. Еркексің ғой, қателескен шығарсың, енді ондайыңды қоюың керек» деді. Мен бұған таң қылып, енеме «Мұның бәрі өтірік жала, бұныңыз ақылға сыймайды» деп ақталдым. Шындығы сол еді. Тіпті «Мұсылмандық парызым — қажылықты өтеп келгеніме де бір жыл болған жоқ қой» деп ашығын айттым. Сосын енеме: «Кімнен естігенін, кім көргенін Сымбат айтсын. Дәлелдесін!» — деп қарсы сауал қойдым.
Енем: «Абай сенсең, мен өзім Сымбаттың сөзіне түсінбедім. Сенің айтқаныңды айтқанымда: «Мама, қазір ештеңе айта алмаймын, бірақ жақында факті болады. Сол кезде бәріңізге көрсетемін» деді деп сөзін аяқтады.
Кейін үйге бір келгенде ақшаларымның орнында жоқ екенін көріп таң қалдым. Іле Сымбатқа хабарласып, ақшамды көрмедің бе?» деп сұрадым. Ол: «Ақшаны мен алып кеттім» деді. «Неге өйттің?» десем: «Өзің ғой мені екі баламен үйден қуып жіберген» деп қарап тұр.
«Сымбат – ау, сен қазір қайдасың?» – десем, «Сенің үйіңдемін» дейді. Мен: «Сымбат сені ата-анаммен, өзіңнің келісіміңмен Ақтауға жіберген жоқпын ба демалсын деп, сен не айтып тұрсың?» десем, үндемейді.
Әңгімені көп созбай, «Сымбат ақшаны қазір Ақтаудан жігіттер Астанаға қайтады, солардан беріп жібер» дедім. Ол: «Абай мен саған ақшаны бере алмаймын» деп асыққан адамның кейпімен соткасын сөндіре салды. Екі-үш рет звондадым, көтермеді. Амал жоқ шешеме звонок шалдым. «Сымбатпен сөйлесіңізші, үйдегі ақшаларды алып кетіпті. Ол маған қазір өте қажет ақша еді. Бүгін жігіттер қайтады, солардан беріп жіберсеңіздер» дедім.
Біраз уақыттан соң шешем хабарласты. «Үйде қонақтар бар еді. Сымбаттың анасы да осында. Қазір қонақтар кеткесін Сымбатпен отырып сөйлесеміз ғой» деді.
Көп уақыттан кейін Сымбаттың мамасы қоңырау шалды: – Абай, қанша ақша еді? Шамам жетсе мен – ақ салып жіберейін. Мына қызым: «Ақшаны бермеймін, ол менде жоқ. Абайдың әйелдері бар деп айттым ғой, сол тура келіп тұр. Үш күн өтті ақшаның жоқ екенін жаңа біліп жатыр. Демек, үш күн бойы сол әйелдерінде болған» деп жатыр деді.
Шынымды айтайын сол кезде бұл көрініс маған сұмдық болып көрінді. Сонымен ақша кетті. Мен бұл әңгімені одан кейін қозғаған емеспін.
Сонымен Сымбат үш ай Ақтауда біздің үйде болды. Себебі карантин. Келіп – кету қиын.
Үйде жүргенде әкем мен шешем Сымбаттың бойындағы өзгерістерді байқап жүріпті. Өйткені Сымбат үнемі өзімен — өзі болыпты. Ата-енемен, қайын сіңілілерімен сөйлесу деген атымен болмапты. Ананы мен істей салайын деген келіндік міндеті де жайына қалыпты. Тоқ етер әңгіме, баяғы Сымбат көзден ғайып болыпты.
Осылайша сырғып үш ай да өте шықты. Сымбат екі баламен үйге оралды. Әуежайдан күтіп алдым. Қуанышымда шек жоқ. Балаларымды сүйіп, жарымды құшақтап мәзбін. Алайда Сымбаттың бойынан тағы да суықтық байқадым. Селқос. Көзінен қуаныштың лебі сезілбеді. Тұнжырап тұр. Қанша қиналсамда бәрі жақсы болып кетер деген үміттен айырылмай, бәрін ұмытуға тырыстым. Сөйтіп үйге келдік, екі жұмадай уақыт өтті.
Әкем сырқаттанып қан қысымы көтеріліп, Алматыға барып, кейін Астанада бір емшіге қаралды. Ұмытпасам «Өтебойдақ» деген клиникаға. Әкеме кетерде «Үлкен ұлды Ақтауға үйге алып кетіңізші, карантин уақытында баланың үйде іші пысып жүр. Таза ауада демалсын» деп едім, әкем ұсынысымды қуана қабылдады. Сөйтіп үйімде кіші қызыммен Сымбат қалды. Қарындасым менің үйімде жататын, ол да Ақтауға ұшып кетті.
Оңаша қалған соң, Сымбатты сөзге тарттым. «Сымбат, біздің арамыздағы суық қарым-қатынасты ата-аналарымыз байқай бастады. Туыс-туғандар да сан-саққа жүгіртіп жатыр. Қаншама ай болды тіпті жақындасқанда жоқпыз. Бұл жақсы нәрсе емес. Ерлі — зайыптылардың бұлай болуының арты ешқашан жақсылыққа апарып соқпайды. Сенен өтінерім, баяғы ара-қатынасты түзеу үшін саған иманға келу керек. Ол отбасымызды сақтап қалу үшін таптырмайтын жол» дедім. Әңгімемді тыңдап болған соң ол: «Иә, Абай мен адасып жүрген сияқтымын» деді. Менің «неге?» деген сауалым жауапсыз қалды. Мен де қыстамадым. Бір қызығы, намаз уақытында менің артыма ұйып тұратын болды. Бұл мен үшін үлкен қуанышты күндер еді…

СЫМБАТТЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ҮРЕЙ… АБАЙДАН ҰЙҚЫ ҚАШҚАН ТҮН…

Содан көп өтпей әкемнің інісінің қызы қайтыс болды. Садақаға жиналдым. Сымбат мені шығарып салды. Садақада жүргенімде Сымбат звондайды: «Абай, қашан келесің, бізге срочно сөйлесу керек. Мен адасып жүр екенмін, менің саған көп нәрсе айтуым керек» деп. Бұған мен кәдімгідей қуанып қалдым.
Бұл маусым айының соңғы күндері. Алып-ұшып үйге жеттім. Жайланып отырған соң: «Сымбат мен келдім. Бірдеңе айтамын деп едің ғой, құлағым сенде» дедім. Қараймын, Сымбат маған ештеңе айтпаған адамның кейпінде отыр. Тіпті маған «Сен не айтып отырсың?» дегенде шошып кеттім. «Жүр намыз оқиық деп едім, өзің оқи бер» деп күңк етті. «Далаға шығып серуендеп қайтайық десем, өздерің шыға беріңдер» деп мұңайып отыра береді.
Содан бірнеше күн өткенде үйге келсем Сымбат жоқ. Қоңырау шалсам «қыдырып жүрмін» дейді. «Қайда?» десем айтпайды. Мен ренжи бастадым: «Түнгі сағат 11 – де көшеде не істеп жүрсың, қасыңда кім бар?» десем, «Келіп қалдым, үйге барғасын айтамын» дейді. Күттім. Келді. «Талғат емшімен кездесіп едім» деді. «Ол кім?» дегенде «Анау сынықшы емші, Талғат ше» деді. Мен оны мүлде танымайтын едім. Таң қалдым. Намысым да келді. Ренжідім. Күйеуі бар әйел «түнгі 11 – де бөтен еркекпен кездестім» десе қандай күйде болар едіңіз? Ашуланып үйден шығып кеттім.
Кештеу келіп ұйықтап жатыр едім, Сымбат аяғымды ұстап, «Мені кешірші, кешірші» деп жалынып-жалбарынып отыр екен. Шошып кеттім. «Абай тез тұршы, бұл жерден кетейікші, біздің КНБ аңдып жүр, олар бізді атады, өлтіреді» деп жылай бастады. Сосын үй ішіндегі киімдерін жинап, дайындала бастады. «Не болды десем?» ештеңе айтпайды.
Содан «Сымбат шаршап жүр екен, Ақтауға жіберейін. Демалсын» деген оймен оны Ақтауға жібергім келді. Ол қарсылық танытпады.
Таңертең машинама отырғызып алып әуежайға жиналдым. Байқаймын, машинаның артына тығылып отыр. Баламызды бауырына басып, тығылып алып айтатыны: «Әне бізді аңдып отыр. Қашайық. Әйтпесе бізді ұстап алады» деп қояр емес. Менің таңданысым тіпті күшейді. Тіпті одан қорқа бастадым. Не керек, әуежайға келдік. Билет сататын кассаның алдында тұрмыз. Бір кезде қарасам Сымбат жоқ. Кішкентай қызым қолында еді. Ал іздейін. Еш жерде жоқ. Далаға шықтым, машинаға бардым. Ұшты-күйлі жоқ. Үй жаққа бардым. Жоқ. Қайта әуежайға келдім. Тағы іздей бастағанымда экскалатордан түсіп келе жатыр. «Қайда жүрсің десем?», «Ана мен баланың бөлмесінде отырдым» дейді. Мен: «Сымбат-ау не болып кетті өзі? Сен ана емші Талғатты, барлық басыңнан кешкен дүниені ұмытшы! Маған қолдау білдірші! Иманға келші» деп жалынып сұрадым. Ол: Абай мен гипнозда жүрген секілдімін. Талғат маған бәрін айтты. Сенің кіммен жүргеніңді, кіммен жатқаныңды. Мен оған қайта-қайта ақша беремін. Ол маған сенің қайда жүргеніңді айтып береді» деді. Мен оған «менің ана жолғы жоғалған ақшамды Талғат емшіге бердің бе десем?» айтпайды. Сосын әуежайдан намазда киетін екі-үш көйлек сатып әпердім оған, көңілін көтерейін деп.
Сосын сөз арасында: «Сені Талғат емшімен таныстырған кім?» десем, Ажар деді. Ажар – оған қыз жолдас болған құрбысы. Сол жерде Ажарға «Сен мені білесің, Ажар. Сымбатты неге емші Талғатпен таныстырып жүрсің? Мен сенен Сымбаттың күйеуі ретінде сұрарым: аулақ жүрші, оны емшілерге апармай – ақ қой, өзің бізден алыс жүрші» дедім. Ажар: «Жарайды, жарайды» деп құтылды.
Үйге келгесін Сымбаттың мамасы Базаргүл енеме қоңырау шалып: «Астанаға келіп кетесіз бе? Сымбаттың мінезі өзгеріп жүр. Әуежайдағы әрекеті тіпті ұнамады. Сымбаттың қасында бақылап отыратын адам керек сияқты. Қылығы біртүрлі болып барады» деп бар шындықты жайып салдым. Сол түні беймезгіл уақытта Сымбат мені оятады да «Мамамды шақырмай–ақ қойшы. Оның келгенін білсе, бәрімізді өлтіреді» деп тұр. Ұйқым шайдай ашылды. Ол дір-дір етіп маған осы қалада Талғат атты емшіге барып жүргенін, оның гипнозбен емдейтінін, екінші баламыз дүниеге келгеннен ауыра бастағанын, соның салдарын емдеп жатқанын, емшінің: келіншегіме «осы жылдың тамыз айына дейін ажырасып, пәтер,машинаны алуың керек, барлық құжаттарың менде сақтаулы болады деп неке туралы куәліктен бастап, балалардың туу туралы куәліктері, өзінің және менің загранпаспорттарымызды алғанын» жайып салды (Өткен жолғы алған ақшасын сол емшіге бергенін, каспий голдынан емшіге 400 мың теңгенің аударылғанын көрсетті). Мен оны алдап-сулап әрең ұйықтаттым.
Ертесіне енем ұшып келді.
Бұдан ары қарай оқиғаның қалай өрбігенін Абайдың енесінің (Базаргүл) айтуына құлақ түрелік: «Сол күні кешке Абай маған телефон соғып «Ене, Нұрсұлтан қаласына тезірек келіңізші. Сымбат маған бәрін айтып берді. Бәрін жасап жүрген Талғат емші екен» деді. Мен келесі күні 11 шілдеде Нұрсұлтан қаласына ұшып бардым. Абай қарсы алды, Сымбат қызымен машинада отырды. Мен машинаға отырғанда Сымбаттың арықтағанын, «Қызым, қалайсың?» деп бетінен сүйгенде, оның көз жанарының біртүрлі екенін байқадым. Мені қарсы алуға келе жатып Абай Талғаттың әйелінен барлық құжаттарды алып кеткенін айтты.
Кешке таман Сымбат серуендеп келейікші деген соң төртеуіміз жағалауға серуендеп қайттық, видеоға түстік. Ресторандар жабық болған соң, кешкі тамақты үйге алып келдік. Кешкі асты столға қойып жатқанда Сымбаттың қылықтар біртүрлі болып көрінді: мен бірнәрсе турап жатсам, «мен істейін» деп оған жабысады. Жақсы деп, ыдыс жуайын деп жатырсам, жасап жатқан затын қоя салып «мен жуайын» деп оған жабысады. Сосын мен «Сымбат, саған не болды?» дедім.
Түнде бәріміз ұйықтауға жаттық: Сымбат екеуіміз Аминаны ортаға алып жатын бөлмеге кроватьқа жаттық, Абай залға жерге жатты. Түн ортасында шамамен сағ. 3-4-терде көзімді ашсам, қасымда Сымбат жоқ екен. Дәретхана не асүйге су ішуге кеткен болар деп 5 минуттай күттім. Еш дыбыс шықпаған соң, тұрып асүйге бет алдым. Жолда залға қарасам: терезе ашық, Сымбат подоконниктің сыртқы бетінде аяғын ар жаққа салбыратып отырғанын көрдім. Бұл 10 қабаттағы пәтер. Мен «Сымбат» деп оған жүгіргенімде, «Мама» деп бері қарай құлап, ішке еңбектеп кірді. Айқайымыздан Абай оянды. «Неге өйттің? Не істеп отырсың?» дегенімізде, Сымбат «Таза ауамен демалып отырдым» деді. Зәресі ұшып отырған бізді ол жұбатпақ болды, екеуімізден кешірім сұрай берді. «Мені біреулер артымнан қуады, ұйқым жоқ» деді.
Сосын оны тыныштандырып, сөмкемде жүрген шөптен жасаған ұйықтататын «Вамелан» дәрісін Сымбатқа бердім де, қайтадан ұйықтауға жаттық. Бірақ Сымбат ұйықтай алмады, дөңбекши берді. 2-3 рет тұрып, оқуын білмесе де, намаз оқуға тырысты. Бір кездерде қасымда жатқанда, Сымбаттың жастығының астындағы пышаққа қолым тиді. Шошып тұрып «Бұл не?» дегенде, Сымбат «Пышақ пен құран кітап қой ұйықтау үшін» деді.
Сөйтіп таң ата бастағанда шамамен сағ.7-лерде Сымбат тағы тұрып, есік сыртынан кілттеп шығып кетті. Абайға жүгіріп барып «Сымбат далаға шығып, сыртымыздан кілттеп кетті» дедім. Ол атып тұрып қосымша кілтті іздей бастады, таба алмадық. Жүгіріп балконға барып, жерге қарадық, ештеңе көрінбеді. «Ұшып кетпеген, әйтеуір, аман екен» деп жүрегімізді басып, қайтадан есіктің саңылауынан қарасам, Сымбат үйге қарай келе жатыр екен.«Ұйықтамай неғып жүрсіңдер?» деп сөйлер деп мен жүгіріп кроватьқа ұйықтап жатқан болып жата салдым. Сымбат есікті ашып үйге келді де, тездетіп жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Сол бойда Абайдың «Сымбат, не істегенсің? Неге? Неге?» деген сөздерін естіген соң, ванныйға жүгіріп барсам, Сымбаттың мойны қан-қан, оны шарфымен басып тұр. Сымбат маған «Мама кірмеңіз, қаннан қорқасыз ғой» деп ванныйға мені кіргізгісі келмеді. Абай аптекаға жүгіріп барып қан тоқтатын дәрілер, бинт әкелді. Сымбат бізге «Болды, бұл соңғы жертва. Енді бәріміз құтылдық» деді.

ЕМШІ ТАЛҒАТ КІМ? БАЗАРГҮЛДІҢ ЖАЗБАСЫ – АҚИҚАТТЫҢ АЙНАСЫ БОЛА АЛА МА?

 

 

 

 

Таң атысыменмен Талғат емшіге телефон соғып «Сымбат түнде өзіне қол жұмсамақшы болды, гипнозыңызды алып тастаңызшы» деп жалынып сұрадым. Ол «Сымбат менен тек майлар алатын еді, ақшасын қайтарамын. Қайда жіберейін? Қайдағы гипноз? Мен гипноз жасамаймын. Біз мұсылман елміз, ондай болмайды» деді. Мен «Қай карточкадан ақша түсті, соған қайтарыңыз. Гипнозыңызды алыңызшы, өліп кетсе, сіз бірінші кінәлі боласыз!» дегенде «Маған енді соқпаңыз!» деп ұрсып тастады.
Сосын Сымбаттың Ажар деген құрбысы телефонын берген Наталья деген психологтан Нұрсұлтан қаласындағы Лариса атты психологтың телефонын алып, оған телефон соқтым. Сымбат онымен жақсы сөйлесті. Лариса Нұрсұлтан қаласындағы 3 психотерпевтің телефонын берді де «бәріне айттым, қайсысы бірінші хабарласады күтеміз» деді. Каражанова Анар деген психотерапевт (телефондары менде бар) соғып «Қызыңыздан айрылғыңыз келмесе тез жедел жәрдемге соғыңыз да, бригада келсін деп айтыңыз. Сосын маған шақырттық деп хабарын беріңіз» деді. Біз жедел жәрдем шақырттық, бригада мен криминалистер үйге келді. Бәрімізден түсініктеме алды, Сымбат та қалай болғанын бәрін айтып берді. Сосын оны психикалық ауруханада алып кетті.
Ауруханадағы дәрігерлер Сымбатты тексеріп, оның өткен түні алмас (лезвие) жұтқанын, шөпті көп жеген соң Сымбаттың аман қалғанын, алмас үлкен дәретімен шығып кететінін айтты.
12 шілдеде үйде Сымбаттың телефонын қарап отырып, каспи голд арқылы Талғат емшіге 4 айда 400 мыңдай ақша аударғанын көрдік.
Мен келесі күні Аминаны алып Ақтауға ұшып, Махамбет ағасы мен ата– әжесінің қасына апардым.
Абай Сымбатты келесі күні ақылы палатаға ауыстырды. Ол ауруханаға күніне 2 рет таңертең және кешке қатынап, Сымбаттың жағдайын, алып жатқан емін сұрап, маған хабарын айтып, жазып тұрды. Жегісі келген тамағын, гранатовый согын апарып тұрды, «сурет салғым келеді» дегесін набор для художника апарды.Кейін Абай «Сымбат жақсы болып келе жатыр, күліп сөйлесетін болды, баяғы приколдарын айтады. Суицид туралы ойына алмайды. Балаларды сағыныпты. Үлкен дәреті жүрмей қалыпты, клизмамен ғана барады екен. Шығарып алып, соны емдеу керек» деді.
6 тамыз күні дәрігерлер Сымбат «Әлі 2-3 ай емдеу керек, күзде ауруы қозуы мүмкін, оны учетқа қою керек» дегеніне қарамастан Абай «Сымбат бүгін Ақтауға ұшып кетеді, бұл жақта тұрмайды. Ақтауға барып учетқа тұрады, тек жолда ішетін дәрілерін берсеңіз болды» деп Сымбатты ауруханадан шығарып алды. Берген рецептісімен дәрілерін алып, сол күні үшеуіміз Шымкентке ұшып кеттік. Ол жақта барлық санаторийлер жабық болғандықтан, Сымбатты тау жаққа апарып демалтып, әрі 3-4 күн қазақ емге көрсетіп, дәрі–майларын алып, Нұрсұлтан қаласына қайтып келдік.
10 тамыздан бастап «Алау Мед Плюс», «Олимп» және т.б. мед.клиникаларға барлық анализдерді тапсырып, барлық органдарын УЗИ-ге түсірдік. «Санти» мед. кабинетке барып 10күн аппаратпен клизма, массаждар мен хиджама жасатты. Асқазанындағы лезвиенің шығып кеткеніне көз жеткізу үшін шланг жұтып тексерттік. Эндокринолог, гинеколог, проктолог, гастроэнтеролог және т.б. мамандардың қабылдауында болып, консультация мен емдерін алдық.
28 тамызда Сымбат емделуге Ақтауға келді. Әкесі Маңғыстаудың әулиелі жерлері Бекет ата, Құлбарақ ата, Есмамбет аталардың басына әкесімен барып бірнеше күн түнеді. Сымбат Дариға деген психологпен кездесуге барып тұрды.1 айдай уақыт өткен соң Сымбат жақсы болдым, балаларыма барайын деп, 27 қыркүйек күні Нұрсұлтанқаласына ұшып келді.
Сымбаттың бұрынғы жұмыс жасаған жеріне Абай барып хабарласып, Сымбат жұмысқа шығатын болып келісіп келеді.
30 қыркүйектен бастап Сымбат қайын сіңлісі Әсеммен бірге сауықтыру орталығына барып иглотерапия қабылдап бастады. 1 қазан күні де екеуі бірге барып, денесіне, аяғының саусақтарына ине қабылдады.
Сол кездерде Абай «Сымбаттың жүрісі біртүрлі. Түнде қасымда тым жақсы сөйлесіп жатады да, жұмыста жүргенде ажырасамыз деп жазып жібереді. Телефонмен далаға шығып біреулермен сөйлеседі. Кім екенін айтпайды. Кейде түн ортасында далаға шығып кетіп, кейде төменгі қабатқа барып сөйлесіп келеді. Сымбатпен сөйлесіңізші» деп телефон шалды.
Сымбатпен сөйлескенімде «Мен ажырасамын. Мен балдарымды алып кетемін, маған үй мен машинаны алып берсін деп уговорить етіңізші» деді. Мен оған «Абай пәтер мен машинаны алып берер, ал балаларды саған қалай сеніп береді? 2-3 ай бұрын ғана балаңның қасыңда жатып1 түнде 3 рет суицид әрекетін жасадың. Еміңді толық алып болмадың. Сотта сенің емханада жатқаның шығады. Сен клиникаға қаралып«психически здорова» деген справка алуың керек» дедім. Басында Абайға дүние туралы айтуды ұят көрдім, кейін Сымбаттың қайтпайтынын білген соң Абайға айттым, ол келісті. Бірақ Сымбат «адвокатым не дейді, соны тыңдаймын» деп тағы құбылды.
5қазан күні Сымбат балалардың киім-кешегін жинастырып, ата–әжесімен Алматыға жіберді де, өзі жұмысқа тұрамын деп ермей қалады. Мен Сымбатпен сөйлескенімде «Аминаны алып қалсаң қалай болады? Бірақ ем қабылдауға кедергі болуы мүмкін ғой. Онда ағасымен бірге демалып келсін» деп келістік.
8 қазан күні Сымбат адвокатымен хабарласып «Абай бригада жіберіп, мені ауруханаға жатқызады» деп үйден киім-кешегін жинап алып кетеді. Қасында менің сіңлім Тамара бірге жүреді. Кешке екеуі үйге қайтып келіп қонады. Түнде Абай үйге келіп қонады да, таңертең жұмыс бабымен Алматыға, ал Тамара Ақтауға ұшып кетеді. Сымбат сол күні жалдамалы пәтерге кетіп қалады.
16 қазан күні Абай маған «Сымбат әр жерде көшіп-қонып жүрмесін, балаларды алып, қалаған пәтеріне барып тұрсын. Машинасын да берейін, келіңізші» деген соң Нұрсұлтан қаласына келдім. Сымбатқа телефон шалғанымда «Менің төлқұжатымның көшірмесі Абайда бар, маған рәсімдей берсін» деді. Мен одан «осыларды алғаннан кейін, Абайға басқа талабым жоқ деген нотариус арқылы құжат керек болар, әйтпесе адвокатың тағы бірдеңе ойлап табуы мүмкін. Оған сенің үйлі болғаның, бітімге келуің керек емес, «громкое дело» керек» дедім. Сымбат адвокатымен ақылдасып, жауап бермей қалады.
19 қазан күні Абайды Есіл ауданы ішкі істер бөліміне шақырды. Сымбатты көрейін деп мен де бардым. Онда аяғы бинттелген қызым «Абайды көріп қашып бара жатқанда құлап қалдым. Міне көрдіңдер ғой, бәрі күйеуімнің кесірінен» деп тұр екен. Содан жедел жәрдем машинасына отырып, поликлиникаға бара жатқан жолда инстаграмға көмек сұрап пост жазды. Поликлиникада аяғының терісін тігіп, саусағын гипстеді. Сол жерде отырып адвокатымен сөйлесіп, аяғын суретке түсіріп, фотоларын жіберді.
Поликлинаға полиция келіп Сымбаттан жауап алды, мен оған Сымбаттың июльде психикалық ауруханада жатқанын айттым. Сосын жедел жәрдем келіп Сымбатты ауруханаға алып кетті, жолда Сымбат маған «Мама, Ақтауға кетейікші» деді. Ауруханада дәрігерлер Сымбаттан сұрақ-жауап алып «Өткенде емді аяғына дейін алмадың, дәрілерді ішуің керек еді. Әзірге алғашқы байқау бойынша Сымбат осында қалуың керек. Комиссия қарап қорытынды жасайды» деді. Сымбат келісіп қалды. Арғы жағы көпшілікке мәлім. 20-21қазан күндері Сымбаттың адвокатына хабарласып, кездеспек болдым. Бірақ ол бас тартты. «Менімен кездесу сағатына 30 мың» деді. Осы мәселенің аяғында адвокады бас тартып әр түрлі сылтаумен кетті.
Сымбаттың суицид жасамақ болғанын, психикалық ауруханада жатқанын барымша құпияда ұстамақ болдым. Оның болашақ карьерасына кедергі болар, балаларының өміріне зияны тиер деп ойладым.
Күйеу баламның қызыма қол жұмсайтынын ешқашан ешкіммен, тіпті қызымның өзінен де естіген емеспін. Егер білсем ештеңеге: қазақшылыққа, мұсылмандыққа, балалары барлығына қарамастан ажыратып алуға өзім атсалысар едім. Мен ешкімді жақтап отырған жоқпын. Тек әділдікті қалаймын. Бұл жерде бар мәселе қызымның денсаулығында болып тұр. Әуелі Талғат емші, енді адвокаттың дегенімен жүр.
Осы хабар жайылғаннан кейін депрессия көпшілік адамның басынан өткен жәйт екеніне көзім жетті. Көпшілігі ақылын айтып, өздері емделген дәрігер не емшілердің ұялы телефондарын жазып жіберіп жатыр.
Ал кейбір блогерлер балалардың фотоларын бетін ашық қылып парақшасына салып, кейбірі аты-жөніне дейін толық жазып қойған. Солар балалардың болашағын ойлады ма екен?! Ертеңдері балабақша не мектепке барғанда біреулер оларды танып, осы жағдайды бетіне басса, бұл балалардың психикалық күйзеліске ұшырамасына кім кепіл?!
Ол шаңырақтағы барлық жағдайды түпкі тамырын білмей, оқиғаның анық-қанығына жетпей араласпауыңызды, эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдамауыңызды сұраймын!». Бұл әлі ешкімге беймәлім Сымбаттың күйеуі мен анасының маған айтып бергендері. Осыдан – ақ көп жәйттан құлағдар болғандарыңыз анық.

ТАМАРА ХАНЫМНЫҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?

Базаргүлдің туған сіңілісі бар Тамара деген. Өте дәулетті әйел. Бірнеше үлкен сауда үйлері бар, бизнес орталығы бар. (Тамара жайлы өткені қалай байығаны жайлы, Ақтаулықтардың біраз айтқандарына естідік. Оны қозғауды жөн көрмедік). Осы әйел осы іске араласып кетті. Ол сіңілісінің бұл іске араласуын Базаргүлдің өзі анықтай алмай отыр. Тіпті ол Сымбаттың балаларына опекунства алғысы келген деген де әңгімелер айтылды деп отыр. Ол былай қарағанда екі кішкентай сәбидің нағашы әжесінің сіңілісі ғой. Былай қарағанда жат жұрттық адам. Ақылға симайтын әрекеттер жасап жүргеніне түсіну қиын.
Жалпы ағайын арасында (көп нәрсе басқа іс түскенде көрінеді ғой) жай уақытта әдемі жайылған дастарханнан ас ішіп, ауыз ұшынан құтты болсын айтып жүре беру оңай негізі. Ал мынадай әулеттің басына іс түскенде кімнің кім екені көренеді ғой, «бұл ауылда болар іс болды, енді белді бекем буайық, анау екі бала жат болып кетпесін» дейтін дуалы ауыз бір қарияның екі жақта да болмай тұрғаны жүрекке батады. Әйтпесе сонша уақыт сол ауылға келін болған, (сыры қарын бәйбіше десекте артық емес) Базаргүлдің сөзіне неге ағайын – жұрт сенбей отыр. Өз қызын өзі жамандыққа қиуы тіпті ақылға қонбайды ғой. Ол ана турасын айтып отыр, көргенін зар еңіреп жазып отыр. Анау желдірткен, құйындатқан әлеуметтік желідегі ұйытқытуға шебер топтардың сөзіне сенген адамдардан не күтуге болады.
Баланы туған Базаргүл. Ол байғұс ана бұған дейін сенімсіз, екіжүзді, алаяқ болса әңгіме басқа. Онда бұл әйелге сенуге болмайды дегенге келісер едік. Базаргүлді ел біледі. Біз қалай біліп отырмыз, әулеттері де солай білетіні айдан анық. Сондықтан бұл мәселені газеті арқылы жарыққа шығарып, ақ-қарасын анықтауды жөн көрдік. Ондағы мақсат, ана дүниеге кеткен қызға да тыныштық беру, аруағын мазалай бермеу. Артында қалған екі бала ағайын арасындағы алауыздықты сезбей, нағашыларына келіп — кетіп еркін өсулері тиіс. Қызын (Сымбатты) тоғыз ай он күн көтерген, оның қайғысы қабырғасына батып отырған анасы Базаргүл енді кім –көрінгеннен жаман сөз естіп, «күнде өліп, тірілмеуі» керек. Қайта жиендерінің маңдайынан иіскеп мауқын басуы керек қой.
Ал жеме-жемге келгенде ағайын – туыстың намысшыл бола қалуы да көңілге күдік ұялатады.

Сәуле Мешітбайқызы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Нағашыбай Қабылбек
Жалғасы бар

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінен