СЫПАТАЙ БАТЫР
Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,
Ақылы дариядай көл кісі еді, – деп жырлауы ел аузында аңызға айналған, өз дәуірінде қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген, қазақ пен қырғыздың Қоқан хандығына қарсы күресінде қаһармандық танытқан халық батыры Сыпатай Әлібекұлына деген шынайы сүйіспеншілігінің көрінісі болса керек. Себебі, ХІХ ғасырда Қазақстанның оңтүстігі Қоқан хандығының езгісінде болатын. Олар алуан түрлі салықтар салып елдің тоз-тозын шығарды. Қоқан бектері малдан зекет, елден ұшыр жинаумен қатар, отын салық, түтін салық, жамбас салық, тіпті, ұзатылған әр қыздан да салық алыпты. Соған ашуланған
Сыпатай:
-Әй, Құдияр!
Саудагер болсаң сатарсың,
Қасапшы болсаң соярсың,
Райымнан қайтпаймын.
Өмірі алтын көрмеген,
Малдан басқа білмеген,
Кедей қайдан табады?!
..Қалың малы – 47,
Әйелді қалай алады,
Тұқымсыз онда қалады… – деп ханға қарсы шығады. Құдияр хан зынданға салса да, арбаға таңып қорлық көрсетсе де көнбейді. Сыпатайдың әділдігіне көзі жеткен, әрі халық қаһарынан қорыққан Қоқан ханы батырмен тіл табысуды көздеп, оған датхалықты ұсынады. Бірақ, Сыпатай батыр бұл ұсыныстан бас тартып, кедейден шыққан Едігені датқа етіп сайлатады. Өйткені, ол адамды ақшасына, байлығына қарап бағаламайтын, керісінше, зеректігіне, іскерлігіне, жеке, дара ізгі қасиеттеріне ден қоятын. Расында, Едіге кейін елге турашылдығымен, әділеттілігімен ұнап, абыройлы қызмет атқарыпты. Ысты елінен шыққан,«Жеті жарғы» атанған шешен, әрі ақын, әрі батыр Бөлтірік Әлменұлымен достығына жұрт қызығатын. Олардың бір-біріне деген ыстық ықыласын «Мен
үшін Бөлтірік – бір төбе, қалған Дулат – бір төбе» – деген Сыпатайдың аталы сөзінен де байқалады. Өткір сөзді, қылыш тілді Бөлтіріктің өзі де Сыпатайды аса құрметтеген. Бөлтіріктің замандас құрдастары одан: –Осы сенің Сыпатайдан озған жерің бар ма? – деп
сұрағанда:
– Жағың қарыссын, Сыпатайдан озып қайда барам,
Сыпатай – халықтың көсемі, мен халықтың шешені емеспін бе? – депті ақкөңіл ақын.
Қазақтың ұлы ақыны І.Жансүгіров өз шығармасында Сыпатайға берілген ұлы дүбірлі асты асқан сүйіспеншілікпен жазған. Онда батыр әруағының ерекше құрметтелуіне оның қас батырлығы, ел басқарудағы көсемдігі басты себеп болғандығы ашық айтылған. Асқа қазақтың үш жүзінен, қырғыздан, қарақалпақтан, өзбектен арнайы қонақтар шақырылғаны, тіпті, Омбы, Верный, Ташкенттен орыс ұлықтары да қатысқаны айтылған. Ресей астанасы Санкт-Петербургтан ғалым, академик Радлов та қатынасып, 1885 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген кітабында Сыпатай асын сүйсіне суреттеген. Батырдың ерлік істерін үлгі тұтқан Ақкөз Қосанов 1916 жылғы Меркідегі Ұлт-азаттық көтерілісінде «Сыпатайлап» он мыңдаған сарбаздарымен патша әскерлерімен шайқасқаны ел жадында.
Батыр бабамыз 1781 жылы Іле бойындағы етікші Өтеуліұлы Әлібектің отбасында дүниеге келіп, 87 жасында 1868 жылы Меркіде қайтыс болады. Ағасы Андас сияқты оның аты да жалайыр нағашыларының құрметіне Сыпатай атанған. Екеуі де нағашыларының ерлігін үлгі-өнеге тұтып өседі. Дегенмен, Ботпайдың Асан-Тайлақ балалары момындау болғандықтан «келіншек Ботпай» атанып кетсе керек. Ал, Шағай-Сәмен батырдың ұрпақтары «Жуан Ботпай» атанып, кедей келіншек Ботпайларға тізесін батыра берген соң,
ашуланған Сыпатай мен Андас қырғыздардың еліне кетеді. Қырғыздың Қанай, Жанғараш манаттары екі батырды бауырларына тартып, қырғыз-қазақ жеріне зомбылық көрсете бастаған Қоқан зорлықшыларына қарсы жұмсап, жауларды шендеріне жолатпайды. Кейін екі батырға мал да, жер де бөліп береді. Мысалы, қырғыз ханы Тілеуберді Сыпатайға Қарабалтаның батысы мен Аспара, Меркі өзендерінің бойын берсе, таластық Бүрге батырдың Сыпатайға Қарақыстақты тартулағаны шындық. Сөйтіп, Сыпатай қырғыздармен қоян-қолтық араласып, құда-жекжат болып достасады. Қырғыз досы Қанайдың Андасқа, ал Сыпатайдың Қанайға тұрғызған сырлы кесенелері адал достықтың айғағындай ескерткіштер болатын. Осындай адал достыққа балта шауып, қол көтеру ешқандай адамгершілікке сиыспайтыны айдан анық болса да, кейбір адамдардың Кенесарының қазасына Сыпатайды кінәлайтыны да өтірік емес. Шындығына келсек, 1847 жылғы 17-25 сәуірдегі Майтөбеде өткен Кене ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасында қырғыздардың күші басым түсіп жатқанын байқаған Бөгенбай қарт та, атақты Ағыбай батыр да әскерлерін алып қоршауды бұзып қашып кетеді. Кенесары ханның Жетісудағы ет жақын аталас туыстары Әли төре, Тезек төре, Сүйік сұлтан осы шайқаста ханға көмекке қол бастап келмегенін көрген Сыпатай да өз жауынгерлерін қасап қырғыннан құтқару үшін жігіттерін алып кетеді. Менің түсінбейтінім қазақ елінің бостандығы үшін арыстанша арпалысқан хан Кененің жеңілісін тек Сыпатайға тели беру әділдік пе?! Ал, аты жоғарыда аталғандар мен орта жүз, кіші жүздегі Кенесарының артынан ермеген, қарсы шыққан өз төрелерін неге «сатқын» демейтіні де маған беймәлім… Қазақ ханын қырғыз қолымен өлтірткен патша шенеуніктері қырғыздарға медаль, шен ұсынғандардың ішінде онда неге Сыпатай батыр жоқ?.. Қазақстан Орталық мұрағатының 3-қоры, 1-тізбесіндегі 32-істің 45-бетінде «Никогда нам не преданный из рот Ботпай бий Супотай» – деген мінездеме бар. Демек, Сыпатай бабамызды
орыс ұлықтары да жақтырмаған сияқты. Әйтсе де, шырғалаңы мол тар жол тайғақ асуларда бабамыз қазақ-қырғыздың туыстығына дақ түсірмей, заңғар ойлы елшідей алтын көпір болғаны анық. Жақында ғана ақ қалпақты ағайындар Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашып, Абай ескерткішін орнатты. Қос мемлекеттің президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың достық келіссөздерінен Сыпатай бабамыздың асыл армандары жүзеге асқандай жақсы әсер қалдыруда.
Сыпатай батыр туралы Ш.Уәлиханов, Сүйінбай Аронұлы, Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, І.Жансүгіров, Ш.Мұртаза. М.Жолдасбеков, М.Қойгелдиев, Ә.Жылқышиев, Қ.Амангелдиев, Б. Әбілтаев, Ә.Исақ, Ш.Садыханов, Б.Сексенов, С.Дәуітов, Е.Сабек, М.Әбжанова, Ү.Сүйіншіқызы және т.б. шығармаларынан құнды деректер кездеседі. 1990 жылы 30-қаңтарда Меркі мұражайында болған тұңғыш президентіміз Н.Назарбаев аудан жұртшылығының өтініші бойынша ескеріп, құлап жатқан Сыпатай күмбезін жаңаша қалпына келтіруді облыс басшылығына табыстаған болатын. Сол кездегі облыс басшылары Ө.Байгелдиев, Ә.Исақ, Н.Рақышева мен аудан басшылары Ө.Қырғызбаев, Т.Олжабаев, Б.Көкрекбаев, Д.Бықыбаев және т.б. жолдастардың ұйымдастыруымен зәулім күмбез бой түзеп, бабамыздың 210 жылдығы мерекеленді. Содан бері 30 жыл өтті. Батыр күмбезінің төбесінен су тамшылап тоза бастағаны ел жүрегіне қаяу түсіргенін байқаған Мұсабек Әлімбеков сияқты абзал азаматтың қамқорлығымен жөндеу жұмыстарының жүргізілгені халықты шын қуантып отыр. Былтыр пандемияның кесірінен 240 жылдығы тойланбай қалған еді, биыл жергілікті тұрғындар мен түрлі ұлт өкілдері бір кісідей атсалысып, батыр бабамызға ас беріп, құран бағыштамақ «Алтай тауын асып, Енесейді кешіп» ұрпағы үшін «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» жаужүрек көк түрік көсемдерінің жолын жалғастырған қызырлы Сыпатай бабамыздың әруағы баршамызды жебеп-қорғап, ұрпағымызды ерлікке, бауырмал достыққа, парасатты адамгершілікке,
адалдыққа, еңбек сүйгіштікке баули берсін, ағайын!