СЫРДЫҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі аймағымыз үшін мерейлі істердің бастауы бол­ды. Ата кәсіпті дамытып, егін шаруашылығының өлкемізге тән өзіндік дәстүрін қалыптастырған, дала академигі атанған даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы аталып өтті. Шындығында, тарихы кенен, тағылымы терең Сыр елі талай ту­ымды тұлғалардың тұғыры болған мекен. Адал еңбегімен, адамгершілік қадір-қасиетімен халқының жүрегінен орын алған осындай азаматтың бірі де бірегейі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушы маманы, соғыс ардагері, Социалистік Еңбек ері Ал­даберген Бисенов. Биыл туғанына 90 жыл толып отырған тұлғаның туған жерінде тағзым ету шаралары аталып өтті.

Сыр бойының қасиетті топырағынан шыққан, бақытын еңбектен тапқан азаматтар көп. Солардың қатарында бірнеше шаруашылықтарға басшылық жасап, аймақ экономикасын дамытуға атсалысқан Социалистік Еңбек ері Алдаберген Бисеновтің есімі ел арасында құрметпен аталады. Ол 1926 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген. Сегізжылдық мектепті бітірісімен колхоз жұмысына араласқан. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, 1951 жылға дейін шекаралық әскер бөлімінде қызмет атқарды.

1952-1955 жылдары Қызылорда ауылшаруашылық техникумын үздік бітіріп, еңбек жолын Жалағаш ауданының Мәдениет МТС-нің, Жалағаш МТС-нің Еңбек колхозының бас инженері болып еңбек етті. 1962 жылы Жалағаш ауданының «Жаңаталап» совхозында директор болды. Алдаберген ағамыз басқарған жылдары бұл шаруашылық, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің қай саласынан болса да алдыңғы қатарына қосылды.

1970 жылы шаруашылық жақсы көрсеткіштері үшін КСРО Министрлер кеңесі мен БПРОК-тың арнаулы дипломын алып «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Егін шаруашылығын маханикаландыру, жаңа техника жетістіктерін пайдалану жалпы ғылыми жаңалыққа деген құштарлығының нәтижесінде бұл шаруашылық облыс, республика көлеміне танылды.

1971 жылы Алдаберген Бисеновке бесжылдықтың қорытындысы бойынша КСРО Жоғары Кеңесі төрағасының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» құрметті атағы беріліп, «Ленин» ордені тапсырылды. Сол кездері Қазақстан Министрлер Кеңесі әрбір облыста, елге өнеге болатындай совхоз болу керек деген ұйғарым жасаған. Қызылорда облысындағы шаруашылықтардың ыңғайын қарастырып келгенде ең қолайлысы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы шаруашылық екен. А.Бисенов 1972 жылдан Тереңөзек ауданы (қазіргі Н.Ілиясов) атындағы совхозға зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз 17 жыл басқарды.  

Ел қатарлы қолына қару алып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған жас жігіт елдегі еңбек майданына араласты. Ауыл шаруашылығы саласының алғашқы са­тысынан бастап, совхоз директоры қызметіне дейін көтерілген білікті маман, 1962-1988 жыл­дар аралығындағы еңбек жолында аталған са­ланы табыс биігіне жеткізді. Еңбек мәртебесі биіктеп, елдің әл-ауқаты жақсарды. Дәлірек айтсақ, Жалағаш ауданының Жаңаталап ауы­лын қалыпқа келтіріп, Сырдария ауданының сол кездегі “Қазақ ССР-нің 50 жылдығы” атындағы совхоздың тұрмыс-тіршілігін жаңаша сатыға көтерді. “Еңбек ер атандырады” деген аталы сөз ақиқатқа айналып, азаматтың абыройлы еңбегі республика көлемінде ерекше бағаланды.

dsc_0176

Екі күнге жоспарланған мерекелік шараның алғашқы күнінде аймақ басшы­сы Қ.Көшербаев Аққұм ауылын­да болып, ауылдық мәдениет үйінің жанына қойылған А.Бисеновтың бюстінің ашы­лу салтанатына қатысты. Ай­тулы шара қонақтарын, ауыл тұрғындарын мерейлі ме­рекемен құттықтап, лебізін білдірген облыс әкімі Сыр елінің даңқты перзенттерінің бірі, Еңбек ері А.Бисеновтың өнегелі өмір жолы ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы болып жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ, бұл күні А.Бисенов атындағы спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Ал екінші күнгі шара ауылдағы Тайман қари мешітінде А.Бисеновтың рухы­на құран бағыштаудан бастал­ды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов, облыстық мәслихат хатшы­сы Н.Байқадамов, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынба­сары Қ.Ибадуллаев бастаған шара қонақтары А.Бисенов атындағы №38 орта мек­тепте ашылған Еңбек ерінің есімі берілген музейді тамашалады. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Әбжәлел Бәкір, Сейілбек Шаухаманов, Бақберген Досмамбетов, ҚР Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы және белгілі ғалымдар, жазу­шылар болды.

Ауылдық мәдениет үйіндегі “Еңбегің елдің есінде” атты әдеби композициялық қойылым жырау Б.Төлеубаевтың А.Бисеновке арнауымен шымылдығын ашты. Аудан әкімінің орын­басары Ж.Тажмаханов құттықтау сөз сөйлеп, Еңбек ерінің тағылымды өмір жолының бүгінгі ұрпаққа берері мол екенін атап өтті. Келесі сөз кезегін алған қоғам қайраткері, еңбек ардагері С.Далдабаев абыройлы есімі ел алдында ұлықталып жатқан А.Бисеновтың еңбек жолы­нан естеліктер айтса, Көкшетау қаласынан ар­найы келген қонақ Төлеген Қазыбек арнау өлеңін оқып берді. ҚР мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Тынышбек Дайрабай, қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Итен Қарымсақұлы ағаларымыз кеш мазмұнын арттырған керемет естеліктерін ай­тып, А.Бисенов атындағы музейге өз туындыла­рын табыс етті.

Енді бір сәт Еңбек ерінің бюстінің ал­дына гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті. Жыр шумақтары арналып, шара қонақтары лебіздерін жеткізді. Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесінің аясын­да өтіп жатқан аймақтағы игілікті шаралардың барлығы елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, одан әрі өсіп -өркендеуіне негіз болатынын атап өтті. Ер есімін ұлықтау шарасына сонау Ре­сей елінен, Мәскеу қаласынан арнайы келіп қатысқан, бұрынғы облыс басшылығында қызмет атқарған, қоғам қайраткері В.В.Брынкин, қоғам қайраткері, Сырдария ауданының Құрметті аза­маты А.Божановалар сөз сөйлеп, адал еңбегімен абыройға бөленген А.Бисеновтың адамгершілік, азаматтық болмысын биік бағалады. “Жақсыдан шарапат” дегендей, ауыл орталығының абаттанып, келешек ұрпақтың кәдесіне асар келелі істер атқарылғанын атап өтті.

Ел Тәуелсіздігінің арқасында қайта жаңғырған төл дәстүріміздің бірі – асыл текті халқымыздың арда перзенттерін құрметтеп, ат шапты­рып, ас беру рәсімі. Еңбек ерінің ұрпақтарының күшімен салынған ауыл ішіндегі “Береке” тойханасын­да А.Бисеновтың рухына арнап ас беріліп, оған еліміздің әр аймағынан ат арылтып келген зиялы қауым өкілдері қатысты.

Абыз азаматтың ұрпақтарының айтуынша, А.Бисенов ағамыз ат бәйгесі, көкпар сияқты ұлттық ойындарды аса қадір тұтады екен. Артындағы ұрпақтарын да осы­нау арда өнерге баулуды арман еткен деседі. Әлбетте, әке ар­маны орындалып, ауыл бала­лары үшін ат спортын дамытуға арналған ипподром пайдалануға берілді. Туған ауылының төсінде өтіп жатқан абыз азаматты ұлықтау шарасы торқалы тойдың тар­туы – жаңа ипподромдағы ат бәйгесімен жалғасын тапты. Бұл шараны облыстық ат спор­ты федерациясының президенті А.Көшербаев ашып, дүбірлі доданың ережесімен таныстыр­ды. “Аламан”, “Құнан”, “Тай” бәйгесі бойынша тұлпарларын жаратып, әрісі – Жамбыл облысы­нан, берісі – Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі және Жалағаш аудандарынан келген шабандоз­дар баптары мен бақтарына қарай бәйгелерін иеленді.

Бейбітбек Бүркітбайұлы,

Суреттерді түсірген Маханбет Ахметов