ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ  

Бүгін Түркістан қаласында  31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне  арналған  іс-шаралар өтті. Алдымен Түркістан қаласындағы жоғары медицина колледжінде өткен жиында қатысушылар Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Еске алу шарасында сөз сөйлеген Түркістан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев ХХ ғасырдағы ашаршылықта миллиондаған қандасымыз қырылып, елдің қаймақтары саналатын ұлт қайраткері саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты.

«1930 жылдары А.Байтұрсыновтың жазба дерегінде қазақтың саны 6 миллионнан асқан болса, оның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылған. 2 миллионға жуық қандастарымыз шетел асып кетті.  Сталин мен Голощекиннің саясатына қарсы шығып, қазақтың қамын ойлаған қайраткерлеріміз, көшбасшыларымыз, көзі ашық азаматтарымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады», – деген ол қиын кезеңде ұлт үшін шейіт болған асыл ерлерді ұмытпай, олардың есімін ұрпақ санасына сіңіру керектігіне тоқталды.  Бабаларымыз қалдырған ұлы далаға иелік етіп, аманатқа адал болу – міндетіміз екенін айта келе мұндай зұлмат енді қайталанбасын деген тілегін жеткізді.

Осы күні Түркістандағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп лицейінде, Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебінде және М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-лицейінде де еске алу шаралары өтті. Сонымен қатар Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрында Д.Исабековтың «Өйтпесе Мағжан бола ма?» спектаклі көрермен назарына ұсынылса, музейлерде ашаршылық құрбандарына арналған көрме ұйымдастырылды.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі