ТҮРКІСТАНДА «SMART TURKISTAN» ФОРУМЫ  ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысын цифрландыру бойынша «Smart Turkistan» атты форум өтті. Форумға Қазақстанның 120-дан аса ІТ-қауымдастық өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сонымен қатар ЖОО мамандары, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары мен бизнес қауымдастықтар қатысты.

Жиында IT-мамандар ақылды өңірде қаланы құру бағытындағы инновациялық идеяларын қосып, Түркістанның келешегін талқылады. Алдымен жиынға қатысушылар Түркістан қаласындағы жаңа Ақылды қала тұрғын үй кешендерінің кірпішін қалау рәсіміне қатысты. Онда цифрландыру бойынша «Platonus» ІТ-компаниясының өкілі Олжас Тұрғамбекұлы ақылды қаланы құру мен басқарудың маңыздылығына тоқталып,  өзінің алған әсерімен бөлісті.

«Біз қала тұрғындары үшін ыңғайлы және қолжетімді инфрақұрылымды жасайтын және ақылды қаланы құру мен басқару идеяларын талқылайтын алаңға келдік. Себебі,  бізге осы жерде кірпіш қалауымызды ұсынды.  Бұл,әрине,  күтпеген жайт.  Болашақта Ақылды қала аумағы жаңа Түркістанның бет-бейнесі мен келбетіне өзіндік әсер ететіні анық», – деді Олжас Тұрғымбекұлы.

Одан кейін шара «Smart Turkistan» форумымен жалғасты. Кездесуде цифрландыру бойынша Түркістан облысының даму тұжырымдамасының таныстырылымы өтті. Сонымен бірге, халыққа қызмет көрсетуде  мемлекеттік-жеке серіктестік үлгісі ретінде «Vendor Management Office» (VMO) арқылы жұмыс істеудің ашықтығын енгізу жобасы көрсетілді.

Басқосуда Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Ұлан Тәжібаев  форумның Түркістанды дамыту үшін маңызы зор екенін жеткізді.

«Біз есеп беру үшін технологиялар құрмаймыз. Біздің міндет – Түркістан облысының тұрғындарының өмірін жақсарту.  Міне, осы мемлекеттік басқаруда адамға бағдарланған тәсіл қағидасы маңызды», – деді  Ұлан Қалмұханұлы.

Сондай-ақ, форум барысында спикерлер денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік бағыт, көлік және қауіпсіздік, мәдениет, дін және туризм, мемлекеттік басқару, ТҮКШ, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен телебайланыстар бойынша өз идеяларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі