ТҮРКІСТАНДА ЖҰРТШЫЛЫҚҚА 500-ГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ  

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен Облыс әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жәрмеңкесі» өтті. Жәрмеңкеге «Мемлекеттік қызмет мектебінің» тыңдаушылары,  жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлектері мен жұмыссыздық бойынша тіркеуде тұрған азаматтар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесіне белсенді, жаңашыл көзқарастағы жастарды тарту, облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан тұлғаларға бос лауазымдарға орналасу тәртібін түсіндіру.

Жәрмеңкеде облыс орталығындағы жергілікті және аумақтық мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік сала бойынша, сондай-ақ, қала, аудан әкім аппараттарындағы бос мемлекеттік қызмет лауазымдары жұртшылық назарына ұсынылып, жалпы 500-ге жуық ұйымның бос жұмыс орындары таныстырылды.

Шара аясында жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, олардың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру бағытында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

Сонымен қатар жәрмеңкеде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Ғалым Тұрсынбаев талапты жастарды мемлекеттік қызметке және әлеуметтік салаларда жұмыс істеуге шақырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі