Т.Рысқұлов ауданы «Таза Қазақстан» акциясына белсенділік танытуда

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен республика көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жарияланған уақыттан бастап Т.Рысқұлов ауданында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» тақырыптарында аумақтарды абаттандыру, көгеріштендіру және арықтар мен бұлақ көздерін ашу сынды іс-шаралар жүргізілген болатын.
Т.Рысқұлов ауданының белсенді тұрғындары мен қоғамдық қызметкерлердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың және ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің атсаласуымен барлығы 12000 –ға жуық тұрғын қамтылып, жоспарлы желілік кестеге сәйкес, 1100 тал-дарақтар отырғызылып, 40 шақырым арықтар мен каналдар, 18 саябақ, 15 сквер аулалары тазаланып, ағаштарды әктеу жұмыстарымен қатар 600 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар 15 ауылдық округ тұрғындарының 50-ден астам зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғыс ардагері, тыл еңбеккерлері тұрғын үйлерінің аулаларына сенбіліктер (шөп шабу, қоқыстан тазарту, көкөніс егілетін жерлерін аудару) ұйымдастырылып, игі іс-шараға 200- ден астам белсенді жастар қатысты.
Аудан орталығындағы Құлан агротехникалық жоғарғы колледжінің аумағына ауыл ардагерлері мен колледж студенттерінің атсалысуымен 60 түп сән ағаштары және Аудандық орталық аурухананың аумағына 30 түп жеміс ағаштары отырғызылды.
Бүгін де(10 маусым) «Жамбыл облысындағы тазалық акциясын өткізу күні» деп белгіленуіне байланысты, аудан әкімдігіне қарасты бюджеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен Қарақат ауылына барар жол бойында орналасқан «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында егілген тал дарақтардың түбін қопсыту, суару арналарын ретке келтіру, қоршау, бағаналарын әктеу және саябақ аумағын тазарту жұмыстары жүргізілді.


— Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдап, туған өлкеміздің тазалығы үшін зиялы қауым өкілдерінен бастап, жастарымызға дейін акцияға белсенділік танытып отырмыз. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Тазалық өзіміздің ауламыздан басталады. Әркім айналасын таза ұстаса, ауданымыз да таза болады- деді, Т.Рысқұлов ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов.
Экоакция барысында «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік танытып жүрген қоғамдық жұмысшылар арасынан «Ең белсенді тұрғын» атты марапаттау шарасы ұйымдастырылып, Жастар ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен «Жастар спорт қолдайды» атты футбол спорт түрінен жарыс өтті.
Бұл ауданымыздың ажарын арттыра түсер игі бастама жыл соңына дейін жалғасып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.