Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА ЖАҢА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ
Адамның денсаулығы — қоғам байлығы. Халқымыз “Байлық — байлық емес, денсаулық — байлық” деп бекер айтпаса керек. Ал денсаулықты сақтайтын — дәрігер болса, олардың халыққа қызмет жасауына мүмкіндік жасайтын — емхана.
Бүгін қайта жаңғырған Республика күні қарсаңында Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел егілігіне берілді.
Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Абуталипов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысты.
Жаңа нысан “Ауыл -ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерді. Нысанның құрылыс жұмыстарына 161 млн.тг бөлінген.
“Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы аясында ауысымына 25 келушіге арналған бұл дәрігерлік амбулатория заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталып, ел игілігіне беріліп отыр. Осылайша, ауданымызда барлық елдімекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен 100% қамтамасыз етіліп отыр.
Жалпы ауданымызда денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайтылып келеді. Аудандық медицинаны қаржыландыруға биыл 3,2 млрд.теңге бөлініп, 35 емдеу мекемелері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылы аудандық орталық ауруханаға барлығы 305,1 млн.теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынып, жарақтандыру көрсеткіші 91,2 пайызды құрап отыр.