Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА «АУЫЛ ДЕГЕН ТАЛ БЕСІГІҢ, ТАМЫРЫҢ» АТТЫ ӘДЕБИ КЕРУЕН КЕШІ ӨТТІ

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Ауылдың құмында туып, суын ішкен әр­бір адам туған жер­і­нің түрленіп, өсіп-өр­кен­деуіне үлес қо­су­­ды мақсат-міндеті деп бағамдайды. Өйткені, бүгінде ел та­ны­­ған азаматтар мен батырлардың тіптен, ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының естен кетпес жұлдызды сәт­тері сол өлкемен тіке­лей байланысты.

 

 

Осы орайда, Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Тұрар Рысқұлов аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Ауыл деген тал бесігің, тамырың» атты әдеби керуен кеші өтті.

Аталған іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтті.

Кештің ашылу салтанатында Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Терлікбаев Әлібек Мамытжанұлы сөз алып, жылы лебізін білдірді.

 

 

Әдеби керуенге Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Шырын Мамасерікова, танымал сазгер Дүйсеналы Дыбысалыұлы Бықыбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, ақын, журналист Хамит Ерболатұлы Есаман, Жамбыл өңірін әсем әнмен тербеген сазгер Мэлс Өзбековтің ағасы Тәліпбек Ұшақбаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қуандық Шолақтың немересі, Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Ерсайын Қуандық қатысты.

Әдеби-мәдени кештің басты мақсаты —  шежіреге тұнып тұрған киелі құт мекен, Құлан өңірінің топырағынан түлеп ұшқан ақын-жазушылар мен өнер майталмандарының шығармашылығын өңір тұрғындарына паш ету, жас оқырмандар арасында кеңінен насихаттау болып табылады.

 

Кеште өнерімен өрге жүзіп, қасиетті Құлан жерінен шыққан таланттардың «Келші Құланға», «Қазақстаным алға», «Сұлутөр аруы», «Тобылғы сай», «Келші, Айым», «Біз екеуміз», «Тағы да келді бір көктем», «Қаздар ұшып барады қарашада» т.б. әсем әндері шырқалып, ақындар жауһар шырларынан шашу шашты.

Сондай-ақ, мерекелік кеш соңында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген сазгер  Дүйсеналы Дыбысалыұлы аудандық білім бөліміне және мәдениет үйіне өзінің ән жинағын тарту етті.

Қасиетті топырақтан түлеп ұшқан өнерпаздардың шығармашылығына арналған әдеби керуен кеші аудан жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Мөлдір Тастанбек

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы