Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА КІШІ ФУТБОЛДАН АУДАН ӘКІМІНІҢ БІРІНШІЛІГІ АЯҚТАЛДЫ
Бүгінгі таңда дені сау ұлттың – болашағы зор екені баршамызға аян. Сондықтан елімізде Президентіміздің бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Осы бағытта қазан айының 8-і күні Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кіші футболдан аудан біріншілігі өз жалауын көтерген чемпионат өз мәресіне жетіп, жабылу салтанаты өтті.
Аудан әкімінің кубогі үшін кіші футболдан ауыл тұрғындары арасында өткен аудан чемпионаты бір айдан аса уақытқа созылып, аяқдоп аламанына 14 команда қатысып, өз бақтарын сынаған болатын.
Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Құлан ауылдық округінің командасы қанжығасына байлады. Екінші орынды «Көкарық» командасы иеленсе, «Көгершін» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
Сонымен қатар, дүбірлі додада «Үздік ойыншы» — Әмірхан Айдар, «Үздік шабуылдаушы» — Бақытжан Шатаев, «Үздік қақпашы» — Бауыржан Әбілда, «Үздік қорғаушы» — Мұнар Бата және де «Ардагер ойыншы» — Талғат Әлімбеков аудан әкімінің алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Шараға қатысқан аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бұқаралық спортты дамыту жолында аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің атқарған жұмыстарына тоқталып, жеңімпаздарды құттықтап, барша жарысқа қатысушыларға ел спортының жанданыуына үлес қосып жатқандары үшін алғыс білдірді.
Мөлдір Тастанбек
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы