Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА СПОРТТЫҚ САУЫҚТЫРУ КЕШЕНДЕРІНІҢ САНЫ АРТАДЫ

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев спорт саласын дамытуға басты назар аударғаны белгілі. Бүгінде осы мақсатта жаңа нысандар қатары да көбеюде. Қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданына қарасты Луговой ауылында жалпы сметалық құны  386 000,00 мың теңгені құрайтын әмбебап залы бар спорт-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында басталды.

Бұдан бөлек ауданда бұқаралық спортты дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге тұрғындардың, оның ішінде жастардың бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін спорт нысандарына қолжетімділігін арттыруда 169 спорт нысаны анықталған. Оның ішінде, 1 спорт кешені, 1 стадион, 97 спорт алаңшасы, 21 футбол алаңы, 44 спорт зал және 5 басқада спорт нысандары. Аталған спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді және ақысыз болып табылады.

Аудан бойынша 2 спорт мектебі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 13 спорт түрі бойынша барлығы 1442 оқушы спортпен шұғылданады. Спорт мекемелерінде 46 жаттықтырушы жұмыс атқарып, тәлім беруде. Жалпы, биыл ауданда салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 73 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 3112 астам адам қатысты.

2021 жылдың алғашқы жарты жылында аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны жалпы халықтың 33,4% құрайды, бұл 21783 адам.

Тағы бір айта кететіні, бұқаралық спортты дамыту мақсатында және ауылды жерлерде спортпен шұғылданушылардың санын арттыру үшін 2021-2025 жылдар аралығында 7 ангарлық спорт зал соғу жоспарлануда.