Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
Азаттықтың алғашқы таңында өмірге келген сәбидің өзі бүгінде орда бұзар жасқа жетті. Елбасының кешегі болашаққа үндеу ретінде жолданған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында да жас толқынға зор үміт артылған.
Осы орайда, бүгін Т.Рысқұлов ауданында «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты аудандық жастар форумы өтті.
Форумды Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов ашып, жылы лебізін білдірді.
«Биыл Тәуелсіздіктің алтын шамы жанғанына 30 жыл толып отыр. 30 жыл – белсенді белес пен айшықты ақиқаттың нақты көрінісі. Әр жолы тарих жылнамасына алтын әріптермен жазылар жақұтты жылдар екеніне ешкім де қарсы уәж айта алмас. Ал бүгінгі таңда сол бір 1991 жылы туған тәуелсіздіктің құрдастары биік белестерді бағындырып, жаңа онжылдыққа қадам басуда. Осыған орай, жастардың ой-пікірін тыңдап, сөз сөйлеуге шақыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі», — деп аудан басшысы шараның маңыздылығын атап өтті.
Тәуелсіздік жылдарында жас буынға ерекше көңіл бөлініп, патриоттарды тәрбиелеуге басымдық берілгені белгілі. Бүгінде ел үмітін ақтаған жас мамандар түрлі салада табысты еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуда.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні мерекесіне арналған шарада түрлі салада табысты еңбек етіп, ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген жастар марапатталды. Олардың арасында медицина мен білім саласы, журналистика мен полиция және спорт саласының қызметкерлері бар.
Сонымен бірге, форумда Тәуелсіздіктің құрдастары Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Қайратұлы Берікқожа, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, облысымыздың жас депутаты Болатбек Уәлихан Болатбекұлы, жас педагог, Құлан мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фараби Бахытұлы Арыстанбеков, «Нұр Отан» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының консультанты Арай Маратқызы Әнтаева және аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Жолдасбекұлы Диханбай сөз алып, өз жетістіктерінің тарихы туралы айтып, болашаққа арналған жоспарлары мен идеяларымен бөлісіп, Тәуелсіздік мерекемесімен құттықтады.
Қай заман, қай елде болмасын заңғар талап пен асқақ арманды, ар мен намысты бәрінен жоғары қоя білетін халықтың негізгі бөлігі – жастардың үлесінде екендігі баршаға мәлім. Форум – жастармен оң үдерістегі үнқатысу ұйымдастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында әрбір жастың қызметінің маңызы зор екендігін айқындай түсті.
Мөлдір Тастанбек
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспсөз хатшысы