Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов ауыл тұрғындарымен кездесті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-жылғы 3-наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжатта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған.
Осыған орай, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сай Өрнек және Ақниет ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесулер еркін, яғни сұрақ-жауап форматында әр ауыл округте инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер, егістік, жайылым жер, ауыз су, елдімекендерді абаттандыру және тұрғындарды толғандырған әртүрлі мәселелер бойынша ауыл тұрғындары белсенділік танытып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.
Мәселен, Өрнек ауылдық округі тұрғындарын көптен мазалаған мәселелердің бірі – Әбжапар ауылының Тоқаш Бокин көшесінің жолын жөндеу, жарықтандыру мәселесі болды. Бұл тұрғыда аудан басшысы аталған көшені арнайы барып көріп, көше тұрғындарының пікірін тыңдады.
Айта кететіні, ағымдағы жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Көгершін ауылында 8, Р.Сәбденов ауылында 3, Қызылшаруа ауылында 3 көшенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудандық бюджет қаражаты есебінен Құлан ауылының 10 көшесі, Қарақыстақ ауылдық округінің 6 көшесін жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандағы елді мекендерде жалпы 352 көше бар. Оның ішінде 230 көше немесе 65,3% жарықтандырылған болса, бұл көрсеткіш 260 көше немесе 73,8% құрады.
Одан кейінгі халықтың көкейінде жүрген сұрақтар — электр тоғының сымдарын, бағаналарын ауыстырып, жаңарту, көшелерге бейнебақылау орнату мәселелері көтерілді.
Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Аудан әкімі, аудандық полиция бөлімінің басшылық құрамы, жергілікті зиялы қауым мүшелерінің қатысуларымен өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындар көтерген жеке мәселелері бойынша тиісті ақпараттарын алды.
Алдағы уақытта аудан әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі тұрақты түрде өткізілетін болады.
Мөлдір Тастанбек
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы