Тәуекел

Тәууәккәль – уакала.
Өз ісін біреуге тапсыру! Өкіл ету!

Жаратылысынан адамзат баласы Аллаға ғана мәлім жұмбақ ғаламды өзіне бағындырғысы келеді. Тіпті өзін осы әлемнің патшасындай сезініп, өз-өзіне сенімді күйде кейде тәкаппарланады, кейде өзімшілденеді. Алайда бір кілтипан бар, алдынан не шығатынын, не күтіп тұрғанын біле алмайды. Себебі адамзатқа болжау құдіреті берілмеген. Десе де, «Тәуекел деген жел қайық, өтесің де кетесің» деген асыл сөзді атам қазақ айтқан.
Тәуекел дегеніміз — Алла Тағаланың пендесі себептермен әрекет етіп, ісінің хайырлылығын Аллаға тапсыруы. Яғни себебін біліп, тәуекелмен істің ақырын көру деген сөз. Дінімізде арман мен үміттің ара жігін ғалымдарымыз былайша ажыратады. Яғни үміт — әрекет етіп, нәтижесін Алладан күту. Мәселен, пенде диқаншылықпен егін салып әрекет етеді, себебін көреді, арғы жағын яғни жемісін Алладан үміттеніп, тәуекелге бел буады. Ал, арман дегенді ешқандай әрекетсіз құр қиялға берілу дейді. Халқымыз мұны «Алма піс, аузыма түс!» деп нақылдайды. Ал егер тек қана істеген ісіне, себепке ғана сүйенсе, Жаратқанның жалғыздық сеніміне нұқсан келтіреді.
Нұһ (ғ.с) заманы. Кеме жасайды да, әр жұптан алады. Жаңбыр басталды, жерден су атылып шығады. Ел — жұрт болса, әрілі-бері қаша бастайды. Тым-тырақай қашқан елдің ішінде Нұһ (ғ.с) өзінің кәпір ұлын көріп қалады да, әкелік мейірімі оянып:
— Бізбен бірге кемеге мін. Кәпірлермен бірге болма! — дейді. Сонда Нұһ (ғ.с) пайғамбардың ұлының жүрегі Қалібі тауына байланады. Ондағы ойы тауға шықсам, биікке шықсам, аман қалам дегені еді. Аяттың жалғасында:
— Мен өзімді судан сақтайтын тауға шығамын дейді. Нұһ (ғ.с) жүрегі Аллада, баланың жүрегі тауда. Толқын болады да, бала суға батады! Осыдан ілгеріректе Нұһ (ғ.с.) қауымына насихат жүргізгенде, топан су туралы хабарды жеткізген болатын. Алайда оған ешкім сенбейді. Олардан он алты адам бөлініп шығады.
— Біз өзімізге бір тауды пана етіп, онда үңгірге кіреміз. Керек-жарақ, азық-түлікке толтырамыз да, ауызын бекітеміз. Топан су біткен соң, ол жерден шығамыз, — дейді. Топан су басталады, олар үңгірге кіреді. Сол он алты адам ішіндегі біреуінен кіші дәреті тоқтамайтын ауру шығады. Нәтижесінде, сол қырық күн ішінде, үңгір нәжіске толады. Суда өлмейміз деп, Алланы емес, үңгірді пана тұтқандар судан емес, нәжіске батып өледі.
Аюб (ғ.с) пайғамбар ауырып, бар байлығының жиған-тергенінен айрылады. Балалары түгел өледі. Жалғыз басы қалғанда да, басын сәждеден алмай жатады. Шайтан келіп:
— Сен қандай мәртебелі едің, енді не болдың?-дейді. Сонда Аюб (ғ.с) пайғамбарымыз:
— Алланың бергеніне сүйінемін, алғанына күйінбеймін. Алланың өзіне тәуекел еттім. Оған сүйендім, — дейді.
Мекке мұсылмандардың қолына өткен кезде, Әбу Жәһілдің ұлы Икрима Меккеден қашады. Кемеге мінеді, теңіз буырқанып, қатты толқынға ұшырайды. Кемедегілер Жаратушыға сыйынып, көмек сұрайды. Сонда олардың Тәңірлерінің көптігінен, «Құрлық Тәңіріне ме әлде су Тәңіріне ме, қайсысына сыйынамыз?» — деп дал болады. Тіпті, кемеде ана Тәңір, мына Тәңір деген жанжал туындайды. Сол тұста құрлықтың Құдайы судағыларға жәрдем бере алмайды деген уәж айтылады. Мұны естіген Икрима «Осындайда пайда бермесе, несіне біз оларға ғибадат етеміз» дейді. «Алланың атымен ант етемін, осы жерден аман-есен шықсақ, мен Мұхаммед (с.ғ.с) алдына барып, кешірім сұраймын. Мұсылман боламын, исламды қабылдаймын» дейді. Бұл дегені орындалады.
Иса (ғ.с) пайғамбар адамдарымен отырғанда:
— Бүгінгі жеген тағамыңызды ертеңге қалдырма. Ертеңгі күніміз өз ризығымен келеді. Егер оған күмән болса, аспандағы құстарға қараңдар! Оған да тоқтамасаңдар, дарияда жүзген балықтарға қараңдар! Одан да ғибрат ала алмасаңдар, онда жәндіктерге қараңдар. Оларда Аллаға шынайы тәуекел етушілерге ғибрат бар! — дейтін.
Аллаға ғана сеніп, әрекетпен ғибадат етіп, үмітпен қарауымыз керек. Хасбуналлаһ деп иланған жөн. Он жеті жасар Ибраһим (ғ.с) елін ақиқатқа, дінге шақырады. Бұған елі қарсы тұрады. Сол сәтте өзі жалғыз ғана еді. Қауымы оны отқа салуға шешім қабылдайды. Аяқ қолын байлайды. Үлкен алау жағылады. Ішіне лақтырылады. Ол Хасбуналлаһ дейді. Бұл «Бізге Алланың Өзі кифая, жетерлік» деген сөз! Отқа беттеген кезде қасына Жәбірейіл (ғ.с.) келіп: «Менен не мұқтажың бар?» — деп сұрайды. Сонда «Сізге ме? Сізге еш мұқтажым, қажетім жоқ! Аллада мұқтаждығым, тілегім бар! Бірақ, маған не керегін Алланың Өзі біледі!» — дейді. Үміті мен тәуекелі зор болғандығы үшін, оттың ішіне түссе де, от оны күйдірмеді.
Залымдығымен танылған Хажжаж ибн Юсуф Патша Хажжаж құзырына Хасанды әкелуге бұйырды. Мақсаты оны жазалау еді. Ал, Хасан Басрий Алладан ғана қорқып, тәуекел ететін. Патша құзырына кірген бетте, Алла оған патшаға Хасанды неге шақыртқанын ұмыттырып қойғыздырады. Тіптен оны өте жақсы дәрежеде күтіп алады. Жайған дастарханға отырғызады. Жағдайын сұрайды. Ал оның басын шабуға келген жендет болса, орнында қатып тұра береді… Сіз Алладан қорықсаңыз әрі ол шынайылықпен болса, онда сізден бәрі қорқатын болады. Алла солай еткіздіреді!
Перғауын нашар түс көреді. Жорымында бір ұл бала дүниеге келіп, патшалығының түбіне жететіндігі айтылады. Сол түстің өңге айналмауы үшін сол аралықта туылатын барлық ұл балаларды өлтіртеді. Десе де, Мұса (ғ.с.) анасы Аллаға тәуекел еткендігі үшін, суға ағызса да, сәби бала тірі қалып, сол Перғауынның үйіне түсіп, сол үйде өсіп жетіледі. Есейгенде, бір жағдай болғандығынан, Аллаға тәуекел етіп, Мысырды тастап, Мәдианға келеді. Азық, қаражат жоқ. Барар жері, басар тауы болмайды, ешкімді танымайды. Бір құдық алдында ұсақ малдарын суғаруға екі қызға жәрдем береді. Олар Шуғайб (ғ.с) пайғамбардың перзенттері болатын. Араб нәсілді Шуғайбпен (ғ.с) танысып, оның көңілінен шығып, қыздарының біреуімен некелеседі. Мәхіріне он жыл еңбек етеді. Міне, тәуекелдің түбі Мұса пайғамбарға үй-жай, азық тағам, жақсы жар, әрекетті жұмыс, Пайғамбар қайын атаға дейін жеткізді.
Имам Бұхари хадис жинағының қарыз бабында мына төмендегі оқиғаны келтіреді. Мәшһүр сахаба Зүбайр ибн аль Ауәм ауырып, қайтар шағында баласын шақырып, өсиет етеді. Баласына мойнындағы он мың дирһам қарызы барын айтады. Шамасы жетсе, төлеуін сұрайды. Алайда бұл өте көп ақша. Бұл көлемдегі қаражатты табу ұлына ауыр болды.
— Егер осы ақшаны төлеуге қиналсаң, онда Мәуләмімнен сұра дейді.
— Әке, Мәулеңіз кім еді? — деп сұрайды.
— Мәуләм яғни Ием-ол Алла дейді. Сөйтіп дүниеден өтеді, ел жиналады. Елмен бірге әкесінің бауыры келіп, көңіл айтады. Бауырының қарыздарын сұрайды. Алайда баласы қарыз көлемін азайтып айтады. Ал, бауыры болса, соның өзін өте көп екен дейді. Сонда Зүбайрдің ұлы:
— Аға, одан да көп болса, не болар еді? — дегенде:
— Егер сен айтқандай болса, онда сендерді қатты қиын жағдайға қалдырған екен, — дейді де, шамасына қарай жәрдем беретінін айтады. Әкеден қалған қарыз жабылу үшін, ұлы жеміс бағын және қалған дүниелерін сатады.
— Қайсыбір жерде қиналсам да, Әй Зүбайр әкемнің Мәулесі, жәрдем ет! — деп дұға еткен. Расында, қарыз бен уайымы сүйенген, тәуекел еткен Иесі, қаққан есік дұрыс болған соң, өз-өздігінен шешіліп кетті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Әбу Бәкір (ғ.с) екеуі мүшріктерден қашып шығып, ұзақ жүрістен кейін, үңгірге жасырынады. Сонда себептердің бәрін атқарады. Шығып кетер хабары жасырылынады. Мұнысы Әбу Бәкірдің (ғ.с) үйіне күннің ыстығында, жаулар өз үйлерінде отырған кезде, бетін көлегейлеп барады. Әңгіме тарамас үшін, келісімен Әбу Бәкірдің (ғ.с) қыздарын сыртқа шығарады. Ертесіне жолға шыққанда, ел жүретін соқпақпен емес, басқа бағытқа жүреді. Құм үстінде іздерін жабатын адамдар даярлайды. Әбу Бәкірдің (ғ.с) қызметшісі іздерін жасыру үшін, жүрген жолдарынан қой айдап отырады. Үңгірде үш күн отырады. Осының бәрі тәуекелге себеп. Десе де, артынан қуып жеткен мүшріктерге көңілі құлазымайды. Себебі сенгені, үміттенгені, тәуекел еткені Алла ғана!
Жүректер екі түрлі болады. Бірі Аллаға шынайы сеніп, барша ісін Аллаға табыстаған жүрек. Екіншісі өзіне ғана сенген жүрек. Бұл екеуі тең болсын ба? Өмірінің әр сәтін Аллаға табыстап, үйден шыққанда «Тәуаккаль ғалаллаһ» яғни «Алла, Саған тәуекел еттім!» деп, Жаратқанға сүйенеді. Сопы Аллаяр айтады: Аллаға тәуекел еткен не талқанды, не қалқанды білмейді, Алланың панасы мен қорғауында болады. Ибрахим (ғ.с) Исмаилды құрбандыққа даяр болды, сеніміне Исхақты (ғ.с) Алла берді. Хажар анамыз Бәккәға тасталынғанда, үмітіне Зәм-зәм берілді.

Нұрлан Байжігітұлы
Дінтанушы, имам