ТҰҚЫМЫ БӨЛЕК БӘЙГЕ.
Жаңа адымда бәйге болатынын ел екі ай бұрын естіген. Ести сала елегізіп отырды. «Күндежеңнің Дөңасқаны бәйгеге түсе ме екен?» — деген сұрақ әрқайсының көкейінде тұрды. Тұрмай қайтсін енді?! Күндежең Күндежең болғалы соның ғана Дөңасқаны бәйгені алады. Тіпті кейінгі кезде шаппай алатын әдетті шығарған. «Бұ жолды да солай болады, сәйгүліктің жолын кесіп, жаман ырым жасайды тағы» — десіп жатты. Сонда да «үмітсіз шайтан», «Ә, бі друк?» — дегендер де табылып жатыр.
Бәйге болатын күні ығы-жығы жиналған жұрт аң-таң балды! Күндежеңнің қартайған Дөңасқанынан басқа ат атаулы жоқ! Кәмунар ауылы өгіз жетектеп келіпті, Қылтима ауылы бір бұқасын, Бидайбылдырықтан жастау бұқа, Ескіжолдан өгізше, әуелі Еңкілдек ауылы ұрғашы құнажын жетектеп келіпті. «Ат бәйге» — деген атқа лайық емес іс істегені былай тұрсын, ұрғашы малдың күйіс қайырып тұрғаны елдің есін шығарды. Еңкілдектің елі дес берер емес, «Талай сәйгүліктің жолын кесіп, аяқтан шалып, жүргізбедіңдер, қайта-қайта құрбаныдыққа шала беретін тұлпарымыз жоқ. Көресіні осы құнажыннан көресің!» — дейді. Ат бәйгеге Зеңгі баба ұрпағы қатысатынын ұйымдаструшылыр күн бұрын білген ұқсайды, қыңқ етпей тіркеп жатыр. Шыңғырғаннан біреу келіп текесін қоспақ болып еді, адам тыңдамай текесі бақыра берген соң «Сөз ұқпайтын мал екен!» — деген желеумен қатыстырылмады. Бұрын-соңды болмаған бәйгені көрмек болған жұрт қарап тұр. Көбінің ойында «Күндежеңнің аты шақ жұтып қалса екен! Ат бәйгеде өгізшеден оза алмай қалса нағыз масқара болар еді!» — деген арам ой бар. Не де болса Дөңасқан осы жолы омақаса құласа болды, құнажын келе ме, өгіз келе ме бәрібір!
Қылтиманың бұқасы жер тарпып тұр. Түрінен адам шошырлық. Дем алысының өзі паравоз дерсің! Кәмунардың өгізі де тойып жүрген мал екенін көрсетіп өкіріп қояды. Құнажын да бір орнында тұрақтамай еліріп тұр. «Дөңасқан осы құнажыннан қалып қоймасын әуелі!» — деп, мырс-мырс күлген ел. Дөңасқаның аяғын сылти басып бір шетке келді. «Саудасы бітейін депті ғой мынаның, мынаған енді бас бәйге қайда?!! — десіп, Жаңа адымдықтар жағасын ұстап жүр. «Қашанғы Дөңасқан енді ол? Күні бітті ғой»…
«Тарс» — еткен мылтық даусымен бәйге басталды! Әп дегеннен-ақ Бидайбылдырық ауылының жас бұқасы алға шықты! Оның ізіне ұрғашы құнажын ілесе кетті. Құнажынды қуды ма, бәйгеге түскен осы деді ме, Кәмунардың өгізі тұра шапты. Ескіжолдың өгізшесі бірден кері қарай оқыралап тұра шапты. Дөңасқан асықпай желе жортып соңдарынан ілесті.Қылтиманың бұқасы орнынан қозғалмаған күйі, екі иығынан дем алып, тұрып қалды. Бәйге біткенше қозғалмады…
Айналымға жете бере Бидайбылдырықтың жас бұқасы бұрылмастан айдалаға тура тартты. Сол кеткеннен мол кетті. Артына бұрылған жоқ. Бәйге көрмеген малдың ісі осы енді! Құнажын заңды түрде бұрылып, айналымға түсті де мәреге қарай зулады. Артынан Кәмунардың өгізі қалар емес. Орта жолға келгенде құнажын батысқа жалт бұрылды да өзі үйренген Тереңсаз жайлауына жүйтки жөнелді. Мәреге жақындай бере Кәмунардың өгізі қалт тұра қалды! Сол тұрғаннан міз бақпай қатты да қалды! Әр ауылдың өз малдарының соңынан шауып, «Сенген малым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайынның» астына алып, сыбап жатыр. Еңіреп жылап жүргендері де бар. Асықпай баяу басып Дөңасқан мәренің сызығынан өтті…
Жаңа адым жұрты бөркін аспанға атып, шу ете қалды. Бірі бұқасын, бірі өгізін, бірі құнажынын тілдеп басқалар басы салбырып, «Осылай боларын оу бастан біліп едім! Қатыспаймын, атқа обал, үнемі жеңісін ауызынан жырып аласыңдар дегенге қойды ма? «Ойбай, жығылсаң жер көтереді, бәлкім озып келер, кімнің алдына кім шығыпты» — деп тұрып алып еді…» — десіп, бармағын шайнап, тарап жатыр. Көпкөрген шал «Қап, көк есекті қосқанымда, Дөңасқанды шаң қаптырар едім-ау!» — деп, келесі бәйгеге үміт артып кетіп барады.
Күндежең Күндежең болғалы осы енді. Дөңасқанның жегені алдында, жемегені артында. Тек үстіне отырған баланы елеген бірі жоқ, Күндежеңге жалпақтап, атты астына кілем төсеп көлікке салып, тойға асығыс аттанып жатыр! Бала бір кесе айранға нанын былғап жеп алып, қой бағуға кетіп барады….