Табақ тарта білесіз бе?

Қазақ халқы кеңпейіл қонақжайлығымен, ақкөңілділігімен танылған. Үйге қонақ келсе, қазанға ет салуға асығатын біздің халық келген адамның риза болып қайтқанын қалайды. Алдына табақ-табақ ет ұсынып, қымыз, шұбатын құяды. Жалпы халық арасында табақ тарту турасында қалыптасқан ережелер бар. Сыйлы кісіге тартылатын табақта малдың қандай мүшелері салыну керек?

Құда табақ
Қазақтар құдаларын құдайдай сыйлайды. Асты-үстіне түсіп, құрмет көрсетеді. Құданың алдына қойылатын табақтың әрбір жілігі ауыстырылмайды, әр мүшенің орналасу тәртібі қадағаланады. Құдаларға арнайы қой сойылса, табаққа басын, жамбасын, ортан жілігін, кәрі жілігін, жауырынын, арқасын,сүбе қабырғасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын тартады. Бұл табаққа өкпе-жүрек салынбайды. Өкпе берсе, құда өкпешіл болып кетеді деген пікір бар.

Күйеу табақ

Халық арасында «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлапты» деген сөз бар. Сондықтан біздің халық күйеу бала үйге келсе, сыйлап, табақ тартады.  Оған асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек салады.

Қыз табақ

Ұзатылған қыз төркін жұртына қонақтап келгенде, оған ерекше құрмет көрсетіліп, алдына табақ қойылады. Мұны қазақ — «Қыз табақ» деп атайды. Оған құйымшақ, тоқпан жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға салынады. Десе де, бұл табақ түрі қазіргі таңда кездескенімен,  көп жерде ұмыт қалған.

Беташар табақ

Беташар — қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрі. Ал «беташар табақ» жаңадан түскен келіннің бетін ашқан жігітке арнайы арнап ұсынылатын табақ. Табаққа тіл-жақ, жүрек-бауыр, ортан жілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырға салып, үстіне таңдай қосады.

Жеңге табақ

Асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар салынатын табақ.

Жезде табақ

Жезде табақты жездесіне балдыздар дайындайды. Оған ортан жілік, жауырын, қабырға, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақ салады.

Бала табақ

Қазақ үйге келген балаға да табақ тартқан. Сый –сияпат көрсеткен. Табаққа бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асық жілік салып, баланың алдына қойған.

Бүгінгі жас- ертең ел тізгінін ұстайтын азамат. Бір-бір отау иелері. Олар да қонақ күтіп,бар тәттісін дастарханға қоятын отау иесі. Сондықтан ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған табақ тарту дәстүрін ұмыт қалдырмай, керісінше жаңдандыру үшін жанымызды салған абзал.

Дереккөз: https://almaty.tv/kz/blogs/tabak-tarta-bilesiz-be