Табандылық әрбір істе қажет-ақ

Қазіргі қоғам адамнан білім мен өнерді талап етсе, ал күнделікті өміріміз бен күнкөрісіміз тікелей кәсіпкерлікпен байланысты. Қазіргі таңда қолынан бір іс келетін жандар тиісінше, белгілі бір кәсіптің түрлерін игеріп, сол арқылы отбасы мүшелерін асыраумен қатар, табыс тауып, мемлекетке де өз пайдаларын тигізіп отыр.
Мен де университетте мамандық игерумен қатар, он саусағынан бал тамған тәжірибелі аспаздардан кәсіп түрін үйреніп жатырмын. Алғашқыда қызығушылықпен ғана бастап пісірген тәтті бәліштерім бүгінде көптің көңілінен шығып, сұранысқа ие болуда. Сұраныс артып, тапсырыс берушілердің саны артқанын байқай отырып өнімнің де сапасын арттыруды ойлап, арнайы курсқа жазылдым. Шеберлерден көп нәрсе үйрендім деуге болады. Курс арқылы кәсібилігімді шыңдай түсіп, оны кішігірім табыстың көзіне айналдыруды ойлап жүрмін.
Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студентімін. Болашақта журналист болғым келеді. Бұл менің келешектегі негізгі кәсібім болса, тәтті бәліш пісіру қосымша табыс көзім болмақ. Қолым босай қалса, тапсырыс қабылдап, өзгелердің қуанышына себепкер болуды бәрінен артық көремін. Ата-анамның қолқабысына айналуды қалап “әрқашан өзіңе ұнайтын іспен айналысқанда ғана айналаңа пайдалы бола аласың”,- деген ұстанымды берік ұстанамын.
Білім мен ақыл тереңдігімен жарысатын бүгінгі заманда адамға бір ғана кәсіп аздық етеді. Бір саламен ғана шектеліп қалсақ, бір толқында бола алмаймыз. Сол үшін әрдайым өзіңізге ұнайтын істі іздеу керек және сонымен айналысу қажет деп санаймын. Өзіңізге ұнамайтын істі жасау арқылы құр сүлдеңізді сүйреумен өзіңізге де өзгеге де бақыт алып келмейтінің анық. Әрбір істе табанды болу маңызды.

Ақнұр БЕЙСЕНБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
1-курс студенті