Табанға пияз қойып көріңіз

Жылда көктем шыға мен қатты әлсіреп қаламын. Ондайда ұйқым бұзылып, ас іше алмай, азып кететінім бар. Айналамдағы адамдар азамыз деп дәрі ішіп, диета ұстап жатқанда мен салмақ қосуды армандаймын. Бірақ жұрт көктеммен бірге гүлдей құлпырып жатқанда себепсіз жүдеп, мазам қашады. Витаминдер қабылдап, қандай амал жасасам да құтыла алмаған осы күйден мені көрші татар әжей табаныма пияз қою арқылы емдеді.
Жасы жетпістен асқан Таисия апайға таныстары мен ағайындары жиі келетін. Біз оны қонақжай әжей деп қана түсінетінбіз. Кейін ол кісінің сарымсақпен, пиязбен, шіркеу шырағымен кейбір жеңіл-желпі ауруларды емдейтінін естіп-білдік.
Былтырғы көктемде мен тағы да әлсіреп, басым айналып, құлап қала жаздап жүргенмін. Жұмыстан қатты шаршап қайтқан күні үшінші қабатқа көтерілу мұңға айналып, орта жолда ентіге дем алып тұр едім, алдымнан Таисия әжей шықты. Қашанда ширақ әжей жасы үлкендігіне қарамастан пакетімді көтерісіп, қолтығымнан демеді. «Мен бір сиқырлы шай дайындап қоймын. Сен аздап тынығып ал да, маған келші», – деді пәтеріме жақындағанда. Өзі сол еңсесін тік ұстаған қалпы төртінші қабатқа қарай көтеріліп кетті. Ал мен үйде аз-кем тыныққан соң көңілім қаламаса да жасы үлкен әжейдің сөзін аяқасты ете алмай, сонда бардым. Жай ғана жағымды әуен қосып қойған бөлмеде әжей гүлдеріне су құйып жүр екен. «Қалай шаршамайды мына кемпір» деген ой зу ете қалды басымда. Дереу маған орындық ұсынған ол қолыма бір бокал шай ұстатты. Бал қосылған әлдебір шөптің қайнатындысы екен. Мен оны асықпай ұрттап ішіп отырмын. Әжей болса бөлмеге адамның шаршағанын басатын, жағымды қуат сыйлайтын, ауаны тазартатын гүл өсіру керектігін айтып жатты. Өзінің жасы келсе де ширақ әрі көңілді жүруін осындай біздер елей бермейтін «ұсақ-түйектің» арқасы екенін ескертті.
Мен қолымдағы тұнбаны ішіп тауысуға жақындағанда Таисия әжей шұлығымды шешуді бұйырды да, қабығы аршылған пиязды дөңгелектей кесіп, табаныма қойды. Шұлықты сыртынан қос қабаттап киюді тапсырды. Оны таңға дейін шешпеуім керек екен.
«Адамның табаны, әсіресе өкшесіне жақын жерде жеті мыңға жуық жүйке талшықтары бар. Яғни жүйкенің ұшы осы жерден басталады. Олар өте сезімтал. Лас жерді басқанда, аяқ киім табанды қысса, көп жүргеннен балтыр талғанда, жарақат алғанда олар зақымданады да, сезгіштігі төмендейді.
Адамның бойында меридиан сызықтары болады. Олармен өмірлік қуат өтеді. Бұл сызықтар жүйке талшықтарымен тығыз байланысты. Әлгі талшықтар зақымданғанда меридиан сызықтары ары өте алмай, жағымды қуат сол жерде қалып кетеді де, содан басқа жерлерге қуат жетпегеннен адам әлсірейді. Өзінен-өзі жылағысы келіп, ұйқысы қашып, ас іше алмай, тез ашуланатын болып қалады. Жреден қуат алатын меридиан сызықтарына да азық керек. Ол қуатты, жайлы энергияны жерден алады. Сондықтан табанға ерекше күтім жасап, оны аялап жүрген жақсы. Ал сендегі сияқты бойды әлсіздік билеп, өз-өзіңнен маза қашса пиязды қабығынан аршып, көлденеңінен дөңгелектей кесіп, табанға таңып қой. Пияздың ащы уыты жағымсыз қуатты қуып шығады. Осыдан қара да тұр, таңертең сергек оянасың. Ертеңнен бастап өзіңді тәуір сезінесіз. Осыны үш күн қайталашы, аттай болып кетесің».
Таисия әжейдің айтуынша, өкшеге жақындау етіп қойылған пияз сөлі табанға тәуір сіңген сайын бауыр жұмысына да оңды әсер етеді екен. Тіпті осылай терідегі бактериялар мен микробтарды жоюға болатын көрінеді. Аяқтағы жағымсыз иісті де кетіруге көмектеседі дейді.
Мен таңертең шынымен де бұрынғыдан сергек ояндым. Кешкісін бұрынғыдай қатты шаршаған жоқпын. Көңілім онша сенбесе де үш күн бойы табаныма пияз жапсырып жаттым. Сонда барып көрші әжей емінің шынында да көмегі бар екеніне көзім жетті. Енді осы әдісті құрбыларыма да үйретіп жүрмін.

Майра ТҰРАПОВА.
«Ауырмаңыз».
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз парақшасынан» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)