Табыстың кілті – көптің алғысында

«Еңбек – адамның екінші анасы» деген сөз бар. Баланы да есейтетін – еңбек. Қиын кезде талмай еткен еңбектің арқасында тығырықтан жол тауып, бүгінде табысты кәсіпкерге айналғандардың бірі – мойынқұмдық Қанат Көшербаев. Ол оқыған мамандығы педагог-психолог болса да, өзіндік қызығушылықпен техниканың тілін үйреніп, компьютерді жөндеуге машықтанды. Осы іспен бастаған кәсібін кеңейтіп, бүгінде компьютерлік қызмет көрсетумен қатар, бірнеше бағыттағы дүкен ашып отыр.

Қанат Доқтырханұлы мектепті тәмам-дағаннан соң басқа қалаларда түрлі жұмыстар істеп, еңбекпен шыңдала жүріп, жоғары білім алуды да мақсат етті. Оқуын бітіріп, мамандық алғаннан соң өз ауылында мектеп жасындағы балаларға арналған педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде жұмыс істеді. Осында заманауи техникаға қызығушылығы артып, компьютердің қыр-сырын үйренді.

– Бала кезден өзімнің білгенімнен де өзге дүниелерді үйренуге құмар болып өстім. Университетте оқи жүріп, қандай да бір іспен айналысқым келді. Сондықтан, оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып, жұмыс істеуге кірістім. Диплом алғаннан кейін психолог болып жұмыс істеп жүріп, компьютерді толықтай меңгеруге құлшынысым артты. Күн сайын бір жаңалық ашылып жатқан бүгінгідей қарқынды дамыған шақта заманауи техниканың тілін біліп, сонымен бірге дамып отырудың маңызды екенін ұқтым. Қасымдағы бірге жұмыс істейтін жігіттерден сұрастыра жүріп, цифрлық техниканы өз бетімше үйрендім. Қызмет көрсету саласы бойынша жеке ісімді жалғыз принтермен, ескі компьютермен бастадым. Кейін қасыма жұмысқа компьютер, ноутбук жөндейтін маман келіп, өзім фотосурет шығарумен түбегейлі шұғылдана бастадым. Бастапқыда шағын орыннан ашқан кәсіпкерлігімнің ғимаратын кеңейтіп, бос бөлмелерін жалға бердім. Қазір өзімнің фотосурет, кеңсе тауарлары бөлімімнен бөлек, ыдыс-аяқ, балалар киімін және компьютердің аксессуарларын сататын дүкенім бар. Ал өзімнің кәсіпкерлігімде екі адам тұрақты жұмыс істейді. Шүкір, табысымыз жаман емес, – дейді Қанат Доқтырханұлы.

Кейіпкеріміз кәсіпкер әрі психолог ретінде: «Табыстың кілті – көптің алғысында» дейді. Біреуге көмектесіп, қайырымдылық көрсету қауіп-қатердің алдын алумен қатар, табысты арттыруға да септігін тигізетіні белгілі. Ал сенің қызметіңе жүгініп келушілермен ұдайы әдеп сақтап, сыпайы сөйлесу – кез келген кәсіптің жолын ашады екен.

– Менің кәсіпкерлігім, әлгінде айтқанымдай, компьютерлік қызмет көрсетуден және бірнеше дүкеннен тұрады. Мен үшін осында өзіне қажетті затын сатып алуға келгендерге ұсынатын тауарымның сапалы болғаны маңызды. Егер тұтынушының алған затынан қандай да бір ақау шығып, оны қайтып алып келіп жатса, сөзге келместен ауыстырып беремін, болмаса ақшасын қайтарамын. Себебі, сатушы ретінде тауардың сапасына жауаптымын. Екіншіден, ұрыс-керіс болған жерге береке кірмейді. Барынша көпшілікпен тіл табысқан сайын ісіңнің алға жүретініне көзім жетті. Кейде жаңадан кәсіп бастауға ниеттенген жастар келіп, кеңес сұрап жатады. Сондай кездері істің өнімді болуының сыры мүмкіндігінше садақа беру мен көпшіліктен алғыс алуда жататынын айтамын, – дейді табысты кәсіпкер.

Осыдан екі жыл бұрын ауданда кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 17 пайызбен несие беріле бастады. Оның 11 пайызын «Даму» қоры төлейді, қалған 6 пайызын кәсіпкер өзі өтейді.

– Бұл бұрыннан кәсібі барлар үшін қолайлы бағдарлама. Мұндай бағдарламаның игілігін көру үшін алған қаржыны тек өз мақсатына жұмсау керек. Кейбіреулер кәсіпкерлік үшін деп алған жеңілдетілген несиені басқа іске жұмсап жіберсе, мысалы жақсы үй, көлік алып немесе думандатып той жасауға жаратып қойса, бағдарламаның игілігін көре алмайды. Сондықтан, әрбір бастаманың шынайы пайдасын көру үшін қаралған қаражаттың мақсатты жұмсалғаны абзал, – деген кәсіпкер Қанат Көшербаев қазір жеке кәсіппен айналысушыларға мемлекеттен қолдау жеткілікті екенін айтты. «Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ерінбей еңбек етсең ғана бастаған ісің нәтижелі болмақ», дейді ол.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы