Тағдыр мен бақыт туралы атақты хадис

Назарларыңызға «тағдыр» және «бақыт» мәселелеріне қатысты атақты хадисті ұсынамыз. Бұл хадисті Халид бин Уәлид жеткізген. Онда хазіреті пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)-ға бір бәдәуи арабтың қойған сұрақтары және оған берілген жауаптары баяндалады.

-Уа, Алла Елшісі! Адамдардың ішіндегі ең ғалымы болғым келеді. Не істейін?

-Алладан қорық. Оның әмірлерін орында, тыйғандарынан тыйыл.

-Уа, Алла Елшісі!  Адамдардың ішіндегі ең байы болғым келеді. Не істейін?

-Қанағатшыл бол. Алланың саған берген үлесіне разылық көрсет.

-Уа, Алла Елшісі!  Адамдардың ең жақсысы болғым келеді. Не істейін?

-Ең жақсы адам – өзгелерге көп пайдасы тиген адам.

-Уа, Алла Елшісі!  Адамдардың ең әділеттісі болғым келеді. Не істейін?

-Өзің үшін қалаған нәрсені өзгелер үшін де қала.

-Уа, Алла Елшісі!  Аллаға ең жақын құлдардан болғым келеді. Не істейін?

-Алланы көп еске алсаң, сонда Оған жақындайсың.

-Уа, Р Алла Елшісі!  Мухсиндерден болғым келеді. Не істейін?

-Ғибадаттарың мен іс-әрекеттеріңде Алланың сені көріп тұрғанын ұмытпа. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады.

-Уа, Алла Елшісі!  Иманымды толықтыру үшін не істейін?

-Әдебіңді дұрыста.

-Уа, Алла Елшісі!  Аллаға таза болып жақындағым келеді. Не істейін?

-Ғұсыл, дәретіңе көңіл бөл. Кемшіліксіз толық орында.

-Уа, Алла Елшісі!  Қиямет күні нұр ішінде болғым келеді. Не істейін?

-Дүниеде ешкімге зұлымдық, әділетсіздік жасама.

-Уа, Алла Елшісі!  Раббымның маған мейірімі түскенін қалаймын. Не істеймін?

-Өзіңе және бүкіл жаратылысқа (жанды-жансыз) мейіріммен қара. Сонда Алла та саған аяушылық білдіреді.

-Уа, Алла Елшісі!  Күнәларымның азаюын қалаймын. Не істейін?

-Тәубе етуді және истиғфар етуді ешқашан тастама. Күнәларың азаяды.

-Уа, Алла Елшісі!  Ең қадірлі адам болғым келеді? Не істейін?

-Алланың жаратқандарына Алла жайында шағымданба.

-Уа, Алла Елшісі!  Ең күшті адам болғым келеді. Не істейін?

-Аллаға тәуекел ет. Одан ажырама.

-Уа, Алла Елшісі!  Алла пен Елшісінің жақсы көретін адамдарынан болғым келеді. Не істейін?

-Алла пен Елшісінің жақсы көрген нәрселерін жақсы көр. Жек көрген нәрселерін де жек көр.

-Уа, Расулуллаһ! Алланың ашуынан аман қалғым келеді. Не істейін?

-Ешкімге ашуланба, сонда ашудан аман қаласың.

-Уа, Алла Елшісі!  Дұғамның қабыл болуы үшін не істейін?

-Харамнан аулақ бол, халал жолмен мал тап, сонда дұғаң қабыл болады.

-Уа, Алла Елшісі!  Алланың мені адамдардың арасында масқара етуін қаламаймын. Не істейін?

-Сен әурет жеріңді жап. Сонда Алла да сенің кемшіліктеріңді көрсетіп масқара етпейді.

-Уа, Алла Елшісі!  Алла  менің айыптарымды жасырғанын қалаймын. Не істейін?

-Сен бауырыңның айыптарын жасыр. Сонда Алла да сенің айыптарыңды жасырады.

-Уа, Алла Елшісі!  Менің күнәларымды қандай нәрсе жоя алады?

-Көз жасы, ынтамен оқылған намаз және басыңа келген бәлеге сабыр ету.

-Уа, Алла Елшісі!  Ең ауыр күнә қайсысы?

-Жаман мінез және сараңдық.

-Уа, Алла Елшісі! Тозақ отын не сөндіреді?

-Сабыр және байсалдылық.   («Канзүл-Ъүммәл», 44154)

Алла Тағала баршамызға осында айтылғанның дұрыс ұғымын нәсіп етсін. Әмин!

Дайындаған: ЕлАна