«Тағзым-5» кітабының тұсауы кесілді

05.05.2020 күні онлайн режимде Ұлы жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай жинақталып шығарылған «Тағзым-5» кітабының таныстырылуы ұйымдастырылды. Онлайн шараға облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Шараны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Жұмашев Қаныбек Бекболатұлы ашты.

Бұл кітап Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен шығарылған , бұдан бұрынғы Жеңістің 50,60,65,70 жылдықтарына арналған «Боздақтар», «Тағзым» кітаптарының жалғасы болып табылады.

Кітаптың құрастырушысы — алдыңғы кітаптарды құрастыруға ат салысқан Маңғыстау облысының құрметті азаматы Қойлыбай Қаражанов.

Жинақ — елі үшін құрбан болған жауынгерлер рухына тағзым етуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге, ел басына күн туғанда ажалмен бетпе-бет тұрған бабаларының ерлігін үлгі ете отырып патриоттық сезімді қалыптастыруға шақырады.

Бұл кітап – Отан соғысының отты жылдарында ортақ жаумен алысып, жанын шүберекке түйген майдангерлер мен тыл ардагерлеріне, ерлікпен қаза болып, туған жердің топырағы бұйырмаған аталарға тағзым ету үшін жинақталған еңбек.

«Тағзым» кітабына енген барлық майдангерлер мен тыл ардагерлерінің ұрпақтарына, облыстағы кітапханалар мен білім беру ұйымдарына, мемлекеттік мекемелерге кітап тегін таратылып беріледі.

Маңғыстау өңірінен Ұлы Отан соғысына 6186 адам қатысты, оның 4942-і соғыс операцияларына қатысса, 1244-і жұмысшы батальонына аттанды. Осы азаматтардың үштен екісі туған жерге оралмады. Майданнан аман — есен елге оралып, еңбек көрігін қыздыра түскен майдан және еңбек ардагерлеріне мың да бір тағзым. Олардың ерлік шежіресі барлық ақпарат құралдары беттерінде, майдангерлер естеліктерінде жазылып келеді, жазыла да бермекші.

 

МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ