Тағылымы мол әңгіме
Бірде емханаға келіп, дәрігерлердің қабылдауына кезекке тұрдым. Орындықта отырған қариямен амандасып, хал-жағдайын сұрадым. Өзі бір ақжарқын адам екен.
– Несін сұрайсың балам, халімді өзің көріп отырсың. Балдаққа сүйеніп әрең отырмын. Халқымыз «Не тапсаң да ниетіңнен табасың» деп бекер айтпаса керек-ті. Бұл ауруға ниетіме, іс-әрекетіме қарай тап болдым. Жастықпен жасаған қателігімнің, кейіннен мұндай өкінішке әкелерін қайдан білейін» деді қария. – Соншама өкінетіндей не жасап қойып едіңіз? – дедім мен таңырқап. – Мектепте бірге оқыған достарымыздың арасында, жамбасы тайып, ақсаңдап жүретін кемтар бала болды. Мен ақымақтықпен, қит етсе сол баланың шойнақтап жүретін жүрісін айнытпай келтіріп, мазақ ететінмін. Қазіргі күні сол қылығым есіме түссе ұяламын. Мазақ еткеніме өкінемін. Арада біраз жылдар өткен соң сол достарымның бәрі жан-жаққа кетті. Мен де отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүрдім. Уақыт өте келе аяқтарым қақсап ауырып, осы дертке тап болдым. Қаншама рет ем қабылдап, дәрігерлерге қаралсам да, еміме дауа болмады. Өмір деген қызық қой. Бірде аялдамада тұрғанымда сол досыма кезігіп қалдым. Онымен ақсаңдап барып, құшақтасып амандастым. Ол: «зейнеткерлікке шығып, ақыл тоқтататын кезің келсе де, баяғы өзгені мазақтайтын жаман әрекетіңді қоймағансың ба?» деп өзін баяғыдай келеке етіп тұр ма деп ойлады. «Аллаға шүкір, Құдайдың құдіретімен қазір емделіп, жазылдым» дегенде, мен не дерімді білмей қалдым. Ал ол менің шынымен кемтар болып қалғанымды қайдан білсін. Ескі досыма бар шындықты айтып, одан кешірім сұрадым. Ол: «Алланың көрсеткен тура жолына түсіп, намаз оқып, ораза ұстап, тәубеңе келсең, күнәларың кешіріліп, қиындықтар азаяды» деді. Сол кезден бастап сәждеге басымды тигізіп, ораза ұстап, Құран сүрелерін жаттай бастадым. Ауруым да, қайғыларым да жеңілдегендей болды. Кезінде жасаған қателіктерім үшін өкінемін. Адам баласын келеке ету, оларға жамандық жасау жақсылық әкелмейді шырағым. Бір-бірімізге жақсылық жасауға талпынайық, – деді ақсақал. Мен атамның басынан өткен оқиғаларын тыңдай отырып, қазақтың: «Досыңның кемшілігіне күлме, өз басыңа келеді» дегені бекерге айтылмаған екен ғой деген ойда қалдым.
Айбол БИТУҒАНОВ