Тал бойында міні жоқты емес, жүрегі егіз адамды сүйеді

«Әр қазанның өз қақпағы бар».
Менің құрбым бар, Рита — судмедэксперт. Жасы 42-де.
Саусақтары сүйріктей, айкидодан 2 дан алған. Ол өте күшті темекілерді тартады. Боқтап сөйлейді. Ажалдан қорықпайды. Ританың күйеуі 9 жасқа кіші. Ол атақты құрылыс компаниясында сәулетші боп жұмыс істейді. Сымбатты жігіт. Оның күйеуінің торт пісіретін әуестігі бар. Ондай тәтті тортты еш жерден жеп көрмеппін. Күйеуі бір жасар егіздеріне ертегіні өзі құрап айтып береді. Рита жұмыста болса, егіздерді өзі ұйықтатады. Түн ішінде де балаға күйеуі тұрады. Себебі, Рита жұмыста шаршайды.
Тағы бір құрбым бар, Оля – ТЖҚ психолог боп жұмыс істейді.
Ол Бесланда болған. Бірінші күйеуі әскери хирург еді. 12 жыл бұрын қайтыс болды. Былтыр Оля қайтадан тұрмысқа шықты. Құтқару операцияларын түсірген операторға. Басында жай дос боп жүрді. Сосын құрбым жол апатына түсіп қалды. Оператор жігіт жарты жыл қасынан шықпай, құрбымды қарады. Іссапарға бармау үшін жұмыстан босады. Той түсіріп ақша тапты. Дәрігер енді жүрмейді деген құрбым қайта аяққа тұрды. Оляның ұлы оны әке деп атап кетті. Күйеуі сол баланың Стокгольмге физикадан олимпиадаға кеткенін мақтан етеді.
Маша – философия профессоры.
Өзі білімді қыз болғанмен оқымаған жігітке тұрмысқа шықты. Күйеуі үй салып берді. Кейде тамақ пісіреді. Балаларын қатты жақсы көреді. Анасы лекцияға дайындалып отырғанда шуламаңдар деп айтып отырады. Маша ғылыми карьерасын жақсы көреді. Бір жылға Қытайға стажировкаға бармақ. Күйеуі Маша десе, ішкен асын жерге қояды. Ол Гегельдің кім екенін білмейді, экзистенциалистерді оқымаған. Есесіне ол Машаның аяғы нешінші өлшем екенін біледі, әйелінің көлігіндегі жаздық дөңгелекті қыстыққа ауыстыруды ұмытпайды. Оған қоса Машаның күйеуінің өз кәсібі бар. Ағаш өңдейтін өнеркәсіп. Олигарх болмаса да миллионер.
Жігіттер үйленгісі келуі үшін әйел қандай болуы керек деп сұрағанда күлкім келеді. Еркек мінсіз әйел іздемейді. Олар көңіліне жаққанды алады. Қисық-қыңырлығына қарамайды. Қанша жерден қисайып, майысса да әр қазан өз қақпағын табады.
Сондықтан жүрек қалауымен өмір сүруден бас тартпа. Кім болғың келсе, сондай болуға ұмтыл. Сол-ақ. 


Adme.ru
Аударған Шынар Әбілдә